Шымкент футболшылары жартылай финалда

0
1 571

"Шымкент ЛМФЛ" футболшылары 24 тамыз күні "Раймбек" командасымен финал жолдамасын сарапқа салатын болады


Шымкент футболшылары жартылай финалда

ERNUR.KZ. Әуесқой футболдан өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының топтық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Алматыда əуесқой футбол командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының топтық кезеңі өз мәресіне жетті. 2 - топтан орын алған "Шымкент ЛМФЛ" мен Тараздың "Қаратау" командалары плей офф жолдамасын сарапқа салды. Себебі қос команда алғашқы матчтарында турнир қожайындарына есе жіберген болатын. Сол үшін оңтүстік дербиі тартысты басталды. Бірінші таймда "Қаратау" футболшылары алыстан соққы бағыттап есепті ашты.

Кейін шымкенттіктер намысқа тырысып, нəтижесінде 3 минутта екі гол соғып, есепте алға шықты.

Екінші таймда тараздықтар айып добынан таразы басын теңестірді - 2:2. Ойында төреші екі рет қос қақпаға пенальти белгіледі. Тартысты өткен матчта "Шымкент ЛМФЛ" командасы 4:3 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.

Енді "Шымкент ЛМФЛ" футболшылары 24 тамыз күні "Раймбек" командасымен финал жолдамасын сарапқа салатын болады. Екінші жартылай финалда "Алматы" мен "Павлодар" командалары алаңға шығады.

Осы орайда айта кетсек, келесі жылы Қазақстан чемпионатына Шымкент қаласы қожайындық жасайды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президентінің кеңесшісі Сейділда Байшақов мəлімдеді.