Теннис: Недовесов Алматы турнирінің ширек финалына шықты

0
718

Бәсеке 1 сағат 26 минутқа созылды. Жүлде қоры 54 мың АҚШ доллары болатын Алматы турнирі 9 маусым күні тәмамдалады.


Теннис: Недовесов Алматы турнирінің ширек финалына шықты

ERNUR.KZ. Қазақстандық теннисші, әлемнің 189-ракеткасы Александр Недовесов Алматы челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

Осы турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 214-орында тұрған ресейлік Евгений Карловскиймен күш сынасты. Матчты сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті - 6:2. Екінші сетте А.Недовесов бірден брейк жасап, алға шықты - 2:0. Қазақстандық теннисші кездесуді тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:3.

А.Недовесов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 234-ракеткасы, аргентиналық Федерико Кориамен таласады. Ф.Кориа бүгін жарыстың екінші, әлемнің 97-ракеткасы, өзбекстандық Денис Истоминді 6:2, 7:5 есебімен тізе бүктірді.

Жұптық сында қазақстандық Тимур Хабибулин украиналық Владислав Манафовпен бірге ширек финалға шықты. Олар кеше ресейлік Иван Гахов пен америкалық Эван Кингті 6:3, 2:6, 10:5 есебімен ұтты. Қазақстандық-украиналық жұп жартылай финалға шығу үшін бүгін словакиялық Андрей Мартин мен чилилік Ганс Подлипник-Кастильомен сынға түседі.

Басқа қазақстандық теннисшілер жұптық сында да кездесулерін сәтсіз өткізіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Жүлде қоры 54 мың АҚШ доллары болатын Алматы турнирі 9 маусым күні тәмамдалады.

Әйелдер арасында рейтингте 99-орында тұрған Зарина Дияс Сурбитон (Ұлыбритания) ITF турнирінің алғашқы айналымында осы турнирдің екінші, әлемнің 57-ракеткасы, германиялық Татьяна Марияға 3:6, 6:3, 3:6 есебімен есе жіберді. Көгал төсенішінде өтіп жатқан бұл жарысты Уимблдон турнирі алдындағы әзірлік деп те есептеуге болады. «Үлкен дулыға» турнирінің бірі - Уимблдонда табысты өнер көрсету үшін мықты дайындық керек-ақ. Бұл жарыстың қатысушылары қатарына Қазақстаннан Михаил Кукушкин, Александр Бублик, Юлия Путинцева және Зарина Дияс енгізілген.

Сол секілді қазақстандықтар Анна Данилина Бол (Хорватия), Елена Рыбакина Торунь (Польша) турнирлерінің алғашқы айналымынан аса алмады.