Әділ Ахметов: "Сол күндердің құнын түсініп, тәубеге келдім"

0
4 946

​«Сахнадан адамды емес, актерді көрсең, жалығасың» деген сөз бар-ды. Онда актерлікті кәсіп деп емес, өзің деп қабылдау керегін меңзесе керек?! Сол арқылы ғана ол өз көрерменін ынтықтыра алады.


Әділ Ахметов:

Менің бүгінгі кейіпкерім – әр рөлі арқылы әр адамның болмысын өзіне көрсете білетін талантты да танымал актер Әділ Ахметов.


Қарашаш Есенбай: Әділ аға, ең әуелі өзіңізді жаңа қызметіңізбен құттықтаймын! Директорлыққа ұсынысты қалай қабылдадыңыз?


Әділ Ахметов: Ең әуелі ұсынысты айтқан кезде, бірден бас тартқанмын. Ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбаев осындай ұсыныс айтқанда, шығармашылығым барын айтып, келіспеген едім. Бірақ ағайымыз сенім артып, ұжымым қолдағаннан кейін қабылдауыма тура келді. Әйтпесе, ешқашан директор болуға ұмтылған емеспін! Бұл жерде мен ұстазымның айтқанын бұйрық ретінде қабылдадым.


Қарашаш Есенбай: Директор ретінде театрдың дамуына қандай өзгерістер алып келемін деп ойлайсыз? Жастар театрының жаңа маусымдағы дайындығы, репертуары туралы да айта кетсеңіз?


Әділ Ахметов: Негізгі мақсатым - театрдың барынша насихатталуы жағынан үлес қосқым келеді. Театрды жұрт көбірек танып, потенциалын барынша білсе екен деймін. Сондықтан да насихаттау, жарнамалау жағынан молырақ жұмыс істеуге тырысамын. Ал шығармашылық жағынан бізде ешқандай қиындық жоқ. Театрымызда ұстазымыз және талантты жігіттер мен қыздар еңбек етуде, тек солар лайықты дәрежеде бағаланғанын қалаймын. Ертеңгі атақ-абыройлары, танымалдылығы жағынан үлес қосқым келеді.



Қарашаш Есенбай: Сізді көпшілік талантты актер, жүргізуші ретінде таниды ғой. Қызмет сіздің шығармашылығыңызға кедергі келтіреді деп ойламайсыз ба?


Әділ Ахметов: Енді бұл қызмет өзіміздің театрда ғой, сондықтан қаншалықты кедергі келтіретін әзірге білмеймін... Бірақ, шығармашылығым әрдайым бірінші орында.


Қарашаш Есенбай: Әлемдік пандемия көп дүниеге өзгеріс алып келді. Оның ішінде өнер де бар, мысалы көп уақыт театрға бара алмай қалдық, түсірілімдер де тоқтады. Сол карантинді қалай өткіздіңіз және нендей ой түйдіңіз?


Әділ Ахметов: Иә, расымен осы карантин барлығымыздың санамызды тазартты деп есептеймін. Денсаулықтың қадірін түсініп, ақ халатты абзал жандарға деген құрметіміз арта түсті. Бұрын күнделікті жүрісімізге өзіміз үнемі риза болмай, бағаламайтын едік. Сол күндердің құнын түсініп, тәубеге келдік. Осы жағынан пандемия адамның жан-дүниесін тазалап, ретке келтірді деп ойлаймын. Әрине, қиындықтары да көп болды, көптеген жақын жандарымыздан айырылып қалдық...

Десе де көп құндылықтарды бағалауды қайта еске түсірдік деп есептеймін.


Қарашаш Есенбай: Әншілік өнер актерге таңсық емес қой, десе де ел алдына шығып кәсіби деңгейде ән айтып, жарысқа қатысып жатырсыз. Осы жоба туралы айта кетсек. Кім ұсыныс білдірді?


Әділ Ахметов: Ұсыныс продюсер Алтынбек Рахметов ағамыздан болды. Ол кезде де уақыттың тығыздығына байланысты бас тартқан едім. Бірақ ағамыз қайта-қайта ұсыныс тастағандықтан, қатысуға тура келді.

Ол жердегі менің мақсатым – халыққа әдемі өнер көрсету, одан кейін театрымыздың потенциалын көрсететін жақсы мүмкіндік. Біздің қыз-жігіттердің бесаспап екенін, олардың қалай ән салатынын бүкіл халыққа, шоу-бизнесте жүргендерге көрсетейік дедік (күліп). Үшіншіден, қатысып жатқандықтан жеңіске жетсек деген де үміт болған, бірақ ол қазір маңызды емес. Мен өзім театрда ән айтпайтын актерлардың қатарынанмын.



Қарашаш Есенбай: Қазіргі желіде ең көп талқыланып жатқан «Борат» шығар?! Өзіңіз актер, кино саласының маманы ретінде қандай ойдасыз? Кино - шығармашылық туынды десек те, өзге елдің имиджіне нұқсан келтіруге бола ма?


Әділ Ахметов: Әрине, бұл өте дұрыс емес дүние! Бірақ таяқтың екі ұшы болады ғой, мен мұны саяси ойын есептеймін. Провакация да болар?! Сырттан мұндай кедергілер келгенде біз тез ес жинаймыз. Мысалы, барлығы «Мен туымды мақтан етемін» деген секілді акциялар ұйымтастырып кетті. Яғни, осындай дүниелер халықты біріктіреді! Енді мұны үлкен саяси дүние деп есептеймін, оған еріп кетпеу керек. Бастысы – елдігіміз бен бірлігімізді ұстап қалуымыз керек.


Қарашаш Есенбай: Тығыз уақыттың арасында уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет, Әділ аға! Өзіңізге жақсылық пен табыс тілеймін!


Әділ Ахметов:Сіздерге де көп рақмет, сәттілік тілеймін! Болашақта тағы да үлкен сұқбаттар болады деген үміттемін!