Айнұр Махметова, заңгер: "Қазақтың бәрі қарыз ба деп қаласың..."

0
7 325

Айнұр Махметова, заңгер, «Femida.kazakhstan» орталығының директоры


Айнұр Махметова, заңгер:

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Айнұр ханым! Сұқбатымызды «Femida.Kazakhstan» орталығынан бастасақ, аталмыш орталықты құру идеясы қалай пайда болды?


Айнұр Махметова: Сіздерге де қайырлы күн! Өзім 15 жылдық еңбек өтілі бар құқыққорғаушы, заңгермін. «Femida.kazakhstan» орталығын әріптесім, адвокат Ләззат Кендебайқызы екеуміз бірге құрдық, ол кісі құрылтайшысы, басшысы. Ал мен орталықтың директоры болып қызмет атқарып жатырмын. Бұл «Femida.Kazakhstan» орталығын құру идеясы жұмыс барысында пайда болды.

2013 жылдан бері телевидениеге, әсіресе әлеуметтік бағдарламаларға заңгер-сарапшы ретінде көп қатыстым. Сонда заң тұрғысынан көптеген проблемалардың бар екенін білдім. Қазақ тілді, қазақ аудиторияның құқықтық сауаттылығының аздығын көрдім. Содан кейін неге әріптестеріммен бірге қазақ тілді аудиторияға пайдалы осындай орталық ашпасқа деп ойладым. Құқықтық қазақ тілді контент құруды қолға алуды ойлап жүргенімде осы ұсынысымды әріптестерімнің арасында Ләззат Кендебайқызы ғана қабылдады. Екеуміздің ойымыз бір жерден шықты. Басты мақсатымыз – халықты құқықтық сауаттандыру.


Қарашаш Есенбай: Біздің қоғамда құқықтық сауаттылықтың болмауы салдарынан опық жеп қалатындардың саны өте көп. Оған статистика да, қоғамның бейнесі де дәлел бола алады. Сіздің пікіріңізше, өз құқығын білмеудің қандай негізгі себептері бар?


Айнұр Махметова: Иә, біз құқықтық мемлекетпіз. Біздің Ата Заңымызда «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы: Ол адамның өмірі, бостандықтары, құқықтары, адамның денсаулығы» екені жазылған. Мұның барлығы қымбат қазынамыз болып есептеледі. Бірақ, өкінішке қарай біздің елімізде халықтың басым көпшілігі өзінің заң, құқық жағынан осал болып келеді. Қарапайым қағидалар мен заң нормаларын білмей опық жеп жатады. Оның басты себебі, бізде құқықтық сауаттандару о, бастан дұрыс жүргізілмеген. Мысалы, мектепте 9-сыныпта құқық деген сабақ болады.

Негізі бізге балабақшадан бастап құқықтарымызды, міндеттерімізді үйрету керек. Ең болмағанда еңбек қатынасын, азаматтық-құқықтық және отбасы-неке қатынасын, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы, дүкендегі сатушы мен сатып алушының құқықтарын және жол ережелерін үйретсе халқымыз сауатты болар ма еді?!

Өркениетті АҚШ, Батыс Европа секілді аймақтағы дамыған елдерді қарасаңыз,ол елдің адамдарының құқықтық санасы, құқықтық мәдениеті қалыптасқанын байқайсыз. Яғни, таза құқықты мемлекет деп айтуға болады. Заң шығарушы биліктерінде кәсіби заңгерлер отырады...

Біздің опық жеп келе жатқанымыздың себебі – балалық кезеңнен сананың қалыптаспауы.


Қарашаш Есенбай: Сарапшы ретінде айтыңызшы, қоғамда көп кездесетін проблемалар көбінде қай істерге байланысты екен?


Айнұр Махметова: Сараптама жасау үшін, қарапайым ғана «Femida.kazakhstan» парақшасында direct-ке көп келетін сұрақтарға тоқталуға болады. Қарызды қалай өндіру керектігін сұрайтындар көп, оған қарап қазақтың бәрі қарыз ба деп ойлап қаласың. Одан кейін «Онлайн займ» алғандар мен ипотека мен несиенің өсім пұлы көбейіп содан шығудың жолын таппай жүргендер көп. Білесіздер, «Онлайн займ» деген Ұлттық банкке, қаржы нарығын реттеу агенттеріне бағынбайтын еді, ол енді ғана заңмен реттеліп жатыр. Сосын несиенің өсімі күн сайын қосылады, осы ретте миллиондап қарыз болатындар көп екен.

Одан кейін, алимент өндірудің жолдары, тәртібі, сот арқылы қалай өндіреді, борышкерді акімшілік – қылмыстық жауапкершілікке қалай тартамыз, сот орындаушысының қызметіне, жеке сот орындаушысының қызметіне көңіл толмаушылық сияқты проблемалар да актуалды.Алимент төлемей қашып жүрген әкелер өте көп. Оны ата-ана құқығынан айырудың жолдары, балаға неше жасқа дейін алимент алуға болады деген дүниелерді білмейді. Осыдан бізде әкелердің бала алдындағы жауапкершілігі жоқ па деген ойға келесің.

Үшінші алаяқтық көп екен, алданғандар да, алдайтындар да өте көп. Соның ішінде «интернет алаяқтық» кең тарап кеткен. Осы секілді мәселелер жалғаса береді.



Қарашаш Есенбай: Өз сөзіңізде алимент төлемейтіндер көп екенін айтып қалдыңыз. Құқығын қорғай алмаған қыздардың мәселесі әр кезеңде де болды ғой. Десе де, қазіргі салауатты, сауатты қоғамда бұл көрсеткіш қандай болып отыр? Өзгерістің барын аңғарасыз ба?


Айнұр Махметова: Иә, бір ілгерілеу бар, бірақ аса қатты байқалмайды. Әлі де халықтың көзін құқық, заң жағынан ашу керек. Біздегілер көбіне инстаграмдағы қызылды-жасыл дүниелерге қызығады. Одан да білім алайын, құқықтық-қаржылық, медициналық сауаттылығымды ашайын деген сияқты ойлар халықта көп болса екен. Шыны керек, ондай жағынан әлі артта келе жатырмыз.


Қарашаш Есенбай: Тұрғын үй кооперативіне немесе қаржы пирамидасына ақша салу, алаяқтарға алдану секілді дүниелер де актуалды. Осы тұста адамдар мұндай қадамға барарда нақты нені ескеруі керек?


Айнұр Махметова: Қаржы пирамидасы мен тұрғын үй кооперативіне алданбас үшін ең бірінші олардың – лиценциясын тексеру керек, міндетті түрде түпнұсқасын сұрау керек. Оны Ұлттық банк береді.

Бірақ олар заңды тіркеліп, салығын төлеп әртүрлі атпен отыруы да мүмкін. Ыдыс-аяқ сатуы немесе желілік маркетингтердің артын жамылуы мүмкін. Басқа да бір бизнес түрлері болуы кездеседі. Бірақ шындығында оның артында үлкен қаржы пирамидасы тұрады. Негізі бұған жарнама жасайтындарды да жауапкершілікке тартады. Қаржы пирамидасы мен тұрғын үй кооперативіне алданатындардың басым көпшілігі - жарнама арқылы келгендер.



Қарашаш Есенбай: Өздеріңіздің әлеуметтік желіден парақша ашып, барынша ақпарат таратып жатқандарыңыз байқалады. Ал қоғамда бұл ақпараттарға деген сұраныс қаншалықты екен?


Айнұр Махметова: Парақшаны ашқанымызға 1 ай ғана уақыт болды, қазір оқырманы 40 мыңнан асып кетті. Бізді танымал азаматтарымыз да қолдап жатыр. Өйткені, бізге келіп түскен сұрақтардан байқағаным, халық өз құқығын білгісі келеді. Қарапайым ғана ХҚКО-на немесе әкімдікке барғанда, тұрғын үй кезегіне тұру, болмаса атаулы әлеуметтік көмек алатын кезде өз құқықтарын білмейтіндігіне көздері жетті. Түсінесіз бе?

Біздің міндетіміз - халықтың құқықтық жағына көзін ашу. Бірақ бізге мемлекеттік қолдау, журналистердің кеңінен насихаттауы жетпей жатыр. Мүмкіндік болса құқықтық марафондар өткізіп, лекциялар оқитын едік. Бұның бәрі халыққа ауадай қажет. Халықтың санасы өссе мемлекетте өседі. Билік қандай,халық сондай болар еді да. Бірақ, бізге соны теңестіретіндей мүмкіндік беретін қолдаулар керек.


Қарашаш Есенбай: Бүгінгі сұқбат сол қолдаулардың басы деп есептейік. Алдағы уақытта да қоғамға пайдалы һәм сауатты сұқбаттарда кездесеміз деп сенемін.