"Өмір сіз елестеткеннен де қысқа": Әлия Әнуарбекпен сыр-сұқбат

0
10 564


Осы бір жанарда қазақ қызының тазалығы, болмысы, қайсарлығы, жан дүниесі жатқандай. Бұл суретті желіде жарияламаған, осы бір жанарға құмартпаған жан кемде-кем. Бұл жанар иесінің жаны да сондай таза, сондай қайсар.

Менің бүгінгі кейіпкерім – танымал актриса, екі қыздың анасы Әлия Әнуарбек.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Әлия ханым! Алдымен қайғыңызға ортақ екенімді білдіріп, жарыңыздың арты қайырлы болсын дегім келеді!


Әлия Әнуарбек: Қайырлы күн! Мүмкін болса, осы тақырыпты қозғамасақ... Күйеуім туралы, ол кісінің өмірден қайтқаны туралы айта алмаймын!


Қарашаш Есенбай: Жақсы, әрине. Соңғы кезде желіде жүрек тебірентер жазбалар жариялап жүрсіз. Әдемі екі қыздың анасы екеніңізді білеміз. Солар туралы әңгіме өрбітсек. Қыздарыңыз кімге ұқсайды, оларға қандай ақылды жиі айтасыз?


Әлия Әнуарбек: Аллаға шүкір, екі қызым бар. Алиша 4 жаста, ал Әмелі 3 наурыз күні 2 жасқа толады. Екеуі де белсенді, өмірге құштар қыздар болып өсіп келеді. Негізі екеуі де әкелеріне ұқсайды. Үлкеніміз Алиша Азаматтың әжесіне ұқсайды. Қазір екеуі де балабақшаға барып жүр.




Қарашаш Есенбай: Ана болу, әсіресе қыздардың анасы болу сізге қандай жауапкершілік артты?


Әлия Әнуарбек: Ана болу — ұлы сезім. Нақты нені үйретті білмеймін, бірақ көп нәрсені үйреткені анық. Ана болу адамға қанат бітіреді, олар үшін тау қопаруға да дайын боласың! Ең үлкен мативацияны балаларың береді, оларды көргенде тек алға қарау керектігін түсінесің.

Әрине, бірінші кезекте өзің үшін алға жылжисың. Өйткені анасы бақытты болған кезде, балалары да бақытты болады деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз мотивацияны қайдан аласыз? Қандай хоббиларыңыз бар?


Әлия Әнуарбек: Мотивацияны балаларымнан аламын...

Мен сіздің жауаптарыңызға тым қысқа жауап беріп жатқаным үшін кешірім сұраймын... Шынымды айтсам, әлі интервью беруге дайын емес екенмін...





Қарашаш Есенбай: Жақсы, әңгімені жаңалықтарыңызға ауыстырсақ...

«Егіз-лебіз» шоуына қатысып жатыр екенсіз. Ұсыныс кімнен болды, жобадағы жұбыңыз Әлішер Кәрімовпен жұмыс барысы қалай болып жатыр? Жалпы сіздердің ән талғамдарыңыз, стилдеріңіз қаншалықты сәйкес келеді екен?


Әлия Әнуарбек: "Егіз-лебіз" шоуына мені Алтынбек Рахметов ағамыз шақырды. Ертеңнен бастап репитицияға барамыз, бізге әнді де таңдап қойды. Тек оны жаттауымыз керек.

Бірақ Алишер Каримовпен əлі танысқан жоқпыз. Бүгін ғана Алтынбек аға таныстырғысы келген еді, мен ауырып қалдым.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз бала кезіңізде әнші болуды армандаған екенсіз. Бұл соған бір қадам ғой. Осыдан кейін әншілікті де қолға алуыңыз мүмкін бе?


Әлия Әнуарбек: Иа, бала кезімде əнші болғым келген. Шығармашылыққа, кино өнеріне əншілікпен келдім. 11 жасымда конкурсқа қатысқаным есімде, одан кейін Ташкенттегі "Маленькая принцесса" конкурсына қатысып, екінші орын иелендім. Кейін "Стань звездой" конкурсы болды, одан бас жүлде алғанмын. Сол кезде де авторлық əнімді жаздырып, орындап шыққанмын.

Бірақ 15 жасымда актриса боламын деп шештім. Содан кейін тек актерлық жұмысымды жалғастырдым. Мектепте, университетте əн өнерін қатар алып жүруге уақыт болмаған еді.

Ал "Егіз-лебізге" шақырғанда ұсыныстарын қуана қабыл алдым. Себебі ән айту бұрыннан арманым болатын. Бірақ вокалға барған емеспін. Бұл бағдарлама менің үлкен арманымның орындалуына мүмкіндік. Бәлкім болашақта мен вокалға барып, əн айтуды қолға алуым мүмкін. Өйткені сахнада өнер көрсеткен қатты ұнайды. Десе де болашақта карьерам қалай болатыны бір Аллаға аян ғой...




Қарашаш Есенбай: Сізді көпшілік актриса ретінде таныды ғой, кинодағы жаңалықтарыңызбен де бөлісе отырсаңыз?


Әлия Әнуарбек: Ең соңғы рет киноға бір жыл бұрын түстім. Сериалдың аты "Жолайрық" . Өте жақсы сериал, ол туралы өте жағымды пікірлер естідім. Ал бұның алдында "Бессоница" сериалына түскен болатынмын

Қарашаш Есенбай: Соңғы кезде не туралы жиі ойлайсыз? Сүйікті көрермендерге бір ауыз ғана сөз айту мүмкіндігі болса, ол сөз қандай болар еді?


Әлия Әнуарбек: Бақытты болуға тырысыңыздар! Өмір сіз елестеткеннен де қысқа... Өзіңіз үшін таңдау жасаңыз! Махаббат, бақыт, қуаныш тілеп, дендеріңіз сау болсын деймін.


Қарашаш Есенбай: Осы жақсылықтарды мен де сізге тілеймін! Қыздарыңыздың қызығын көріңіз. Сахнадағы сұлу бейнеңіз көрермен ықыласына бөлене берсін!