«Алыптардың саяси соғысы деп қабылдаймын»: Танымал ақындар вирус туралы не ойлайды?

0
2 369

«Депутаттың айлығын дәрігерге беріңіздер!»


«Алыптардың саяси соғысы деп қабылдаймын»: Танымал ақындар вирус туралы не ойлайды?

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Карантин - үйден шықпау ғана емес, өзіңмен өзің қалып ойланатын кезең. Десе де осы уақытта біз өнер адамдары мен оқырманның арасын жақындастыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Осы кезге дейін біз танымал жұлдыздардың сауалнамаларын ұсынған едік. Ал бүгін әнге сөз жазып жүрген танымал ақындармен хабарласып, тілдестік. Оқи отырыңыз!


  1. Ақынның «үшінші көзі» ояу болады дейді әрі олардың оқиғаны басқаша қырынан көретіні де айтылады. Сіз ақын ретінде әлемдегі соңғы жайттардан не түйдіңіз?
  2. Шығармашылық адамдары тыныштықты қалайды ғой, осы кезең жайлы болып жатқан болар?! Өзіңіздің шығармашылыңызда нендей жаңалықтар бар?
  3. Осы кезеңге арналған ән мен өлеңді әрбір ақын жазды десек қателеспейміз. Талай мағыналы, саналы дүниелер жазылғанымен, солардың ешқайсысы «Короновирус кет, кет, кет» деген жеңіл ән секілді кең тарап кетпеді. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
  4. Көбіне әнге сөз жазатын ақынсыз, қазіргі кезде әнге тапсырыс беріп жатқандар бар ма? Ақындар қаламақыларының аз екенін бұрыннан айтады ғой, ал дағдарыс сіздер белгілейтін бағаға әсер етпеді ме?
  5. Оқырманға айтар тілектеріңізді өлеңмен жеткізсеңіз!


Талғат Мықи, ақын

1. Панданың отанынан от алған пандемияны меңзеп тұрсаңыз, мен оны "коронавирус" маскасын киіп алған алыптардың саяси соғысы деп қабылдаймын.


2. Тыныштық ұнайды ғой, әрине. Бірақ сол тыныштық шығармашылық шабытқа да ұнап қалған сияқты... Қысқасы, барлық жағынан тыныштық.


3. Иә, ол ән де әлемге вирустың жылдамдығымен таралып кеткен "әндемия" болып кетті. Себебін білмедім. Білетін нәрсем - ән деген сезімнен шығатын дүние болуы керек деп ойлаймын. "Сезонный" нәрсеге сезімді былғай берсек, неміз қалады...


4.Өлең, өнер деген ұғым - доллар курсының ығына жығыла кететін өнім емес қой. Сондықтан, елдегі жағдай біздің бағаға әсер етіп жатыр деп саясиландырудың керегі жоқ сияқты. Бұл - менің жалпы көзқарасым. Әйтпесе, заманның түзу уақытында да қаламақымен шайқап, шалқып өмір сүргенім шамалы еді. Өтініш жасайтындар өте аз емес. Бағасына келіссек те, көп жағдайда сөзін жазып беруге көңіл тартпайды.


5. Алладан елге амандық сұранайық,

Сынаққа сабыр қылып, жұбанайық.

Бұйырса, он бірінші мамыр күні,

Уралап қолымызға ту алайық.

Немісті жеңген күннен екі күн соң,

Вирусты жеңген күн деп қуанайық!


Талғат Мықидың сөзіне жазылған ән


Еркебұлан Кенехан, ақын

1. Бұл жағдай әлемнің, адамдардың да ой-санасын едәуір өзгертті. Бізге өмірді бағалауды үйретті. Әрине, «бұрын білмей келген еді» деген сөз емес, тек тереңірек сезінуімізге ықпал етті. Осы жағдайдың ықпалып көру үшін, қоғамдағы әрбір тұлғаның бейнесін жеке алып қарауға да болады. Мысалы, дәрігерлердің мәртебесі қаншалықты биік екенін үйретті, өйткені осы уақытқа дейін көбінде әнші, актер, спортшыларды көріп келген едік. Бірақ олардан да басқа елге ересен еңбегі сіңіп жатқан дәрігер, ұстаз, тәртіп сақшылары секілді мамандар бар екенін ескеріп, оларды іс жүзінде бағалап жатырмыз. Жақында айтыскер Аспанбек Шұғатаевтың видеосынан «Депутаттың айлығын дәрігерге беріңіздер!» дегенін естідім, осы оймен келісемін. Өйткені ұстаз, дәрігерлердің мәртебесімен қатар еңбекақыларын да көтеру керек деп ойлаймын. Бұрын күйбең тіршілік пен ғаламтордың алдында уақыт өткізетін адамдар енді жиі кітап оқып, кино көретін болды. Мұның бәрі рухани тазаруға, өсуге сөзсіз әсер етеді. «Сондықтан мен Нью - Иорк көшелерінде,

Орындықтар көп қойылса дер едім.

Тыныштықтан тауып бір сәт керегін,

Отырып,

Толғанып,

Өткеннің саралап бәрін,

Қайда мұнша асығып бара жатқанын…» дейтін Мұхтар Шаханов арқылы жеткен Эйнштейннің америкалықтарға арнаған сөзі бар. Яғни жүріп келе жатқан адам, бір сәт отырып ойланып, өз өзіне есеп берсе дейді. Эйнштейннің осы сөзінің мағынасын карантин кезінде нақты түсіндік деп ойлаймын.


2. Шығармашылық адамына тыныштық өте қымбат. Сондықтан әрбіріміз үшін бұл өте ыңғайлы уақыт болды. Мен поэзиядан гөрі, көбіне әнге сөз жазатын ақынмын. Бірақ осы карантинде бір-екі әнге сөз жазғаным болмаса, шығармашылық та айтарлықтай жаңалық болмады. Уақытымды кітап оқумен өткіздім. Мысалы, Альбер Камюдың «Оба» романын, Әбіш Кекілбаевтың әңгімелерін, Ырысбек Дәбейдің «Мөлтіл» деген кітабын оқып шықтым.


3. Оның себебі - біздің рухани талғамымыз өте қатты арзандап кеткендігінен. Халықтың құлағы жеңіл ән мен сөзге, сондай бір арзан челлендждерге үйір болып кетті. Осы мәселені кейде өзім де ойланамын, бұл үрдіс бізге ақырындап келген сияқты... Бір жағынан қазіргі БАҚ-та жеңіл дүниелерді қолдап тұр ғой, жеңіл әзіл айтатын әзілкештер мен вайнерлерді жиі көрсетіп, оларға үлкен бағдарлама арнайды. Ал оған көрерменнің құлағы мен көзі үйреніп, қалыпты болып кете беретіндей. Жасыратыны жоқ, өзіміз де жеңіл сөздер жазып жүрміз (күліп). Әнге сөз жазып жүрген көп ақын бұл пікіріммен келіседі деп ойлаймын. Яғни, халық талғамының төмендеуіне өзіміз де жұмыс істеп жатырмыз.


4. Дағдарысқа қарамастан, шығармашылығын тоқтатпай, әнін жазып жатқан әншілер де бар болар. Бірақ бұл дағдарыс көп өнер адамдарының қолын да, жолын да байлап тұр. Дегенмен тапсырыс беріп жатқандар жоқ емес. Мен әу-бастан тапсырысы көп ақын емеспін (күліп). Әншілер бір-бірінен естіп оқта-текте хабарласып тұрады, бұйырған тапсырысты жазып жатырмын.


5. Жұбата алар ма екен жырым елді.

Биыл бізге сынақтың жылы келді.
Рамазанда тілегім: жер бетінде,
Жақсылықпен жалғассын ғұмыр енді!



Еркебұлан Кенеханның сөзіне жазылған ән


Дулат Құйқас, ақын

1. Алдымен баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын! Сұрақтардың жауабына кіріспес бұрын, сіздердің сайттарыңызға осындай карантин кезінде алыстаған арамызды, онлайн болса да жақындатып отырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді.

Әлемде болып жатқан соңғы жаңалықтардан барлық адам баласының өз жадына түйгені аз емес деп ойлаймын. Ең әуелі ешнәрсенің мәңгілік еместігін тағы да түсіндік. Кеше ғана қаншама елдің жағдайына сеп болып тұрған мұнай бағасының бір-ақ сәтте құлдырауы, өз қалауымен еркін өмір сүріп жатқан адамдардың бір сәтте карантинге қамалуы секілді жағдайлар соған дәлел. Күннен күнге қарқынды дамып жатқан әлемнің айтпай келетін нәубеттің алдында бәрібір шарасыз тұстары бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Бұл індет бір елде, не әлемнің бір бұрышында ғана емес бүкіл әлемнің басынан өтіп жатқан қиын кезеңі. Соған байланысты қазір адам баласының көңілінде күдігі мен үміті қатар өмір сүріп жатыр десек артық айтқандық емес шығар!? Алайда бұған дейінде талай нәубетті бастан өткердік, сондықтан бұл күрделі кезең де ертеңгі жарқын күннің басы деп түсінейік.


2. Иә, шығармашылық адамдары тыныштықты қалайды. Бірақ дәл мұндай тыныштық керек деп ойламаймын (күліп). Себебі бұл тыныштық бізді еркіндігімізден айырып, жанымыздың жайлылығын қашырып, көңілімізді сәл алаң күйге салып отыр. Әрине, бұл тыныштықтың да пайдасы барын жоққа шығара алмаймыз. Себебі осы күндері өз-өзімізбен сырласып, ойымызды жинақтап, болашаққа жоспар құрдық.. Шығармашылықта аса өзгеріс жоқ, бәрі баяғыша... Жаңа өлеңдер мен әндер дүниеге келуде, жарыққа шыққанын бірден халқыммен бөлісемін, әлі де шығатыны аз емес. Бұйыртса, осы жылы өзімнің ән, өлеңдерімнен жиналған авторлық үнтаспа мен кітап шығарсам деген ниетім бар.


3. Осы кезге арналған көптеген өлеңдер мен әндерге куә болып жатырмыз. Әрбір шығармашылық адамы өз көзқарасы мен пайымы бойынша жырлап, әнге қосуда. Оның ішінде Марат Омаров ағамыздың осы әні кең таралды, оның себебі дәл уақытында пайда болуы мен жеңіл жазылуында деп ойлаймын. Бірақ ол әннің таралуы қалай тез болса, бәсеңдеуі де солай тез болды.


4. Қазіргі жағдайға қарамастан, әнге, әннің сөзіне тапсырыс беріп жатқандар бар. Жоғарыда айтып өткенімдей қатты өзгеріс жоқ. Жаңа дүниелер жазылып жатыр. Қаламақыға келер болсақ, о бастан өзімнің қойған бағам жоқ. Тапсырыс беруші өнерпаздар өз қалаулары бойынша берсе аламын, бермесе реніш білдіре алмаймын. Өйткені бірінші кезектегі мақсатым - халықтың көңілінен шығатын дүние жазу.


5. Жазған жыры жүрекпен қаламгердің,

Шарлау үшін биігін бар әлемнің.
Сендер аман болыңдар жанашыры,
Қасиетті,киелі қара өлеңнің.



Дулат Құйқастың әні мен сөзіне жазылған ән


Автор: Қарашаш Есенбай

ERNUR.KZ