"Арқасы" бар әншінің күйеуі: "Әйелім көшеде тұрып арын сатып жатқан жоқ!"

0
37 980

​Оны көпшілік "Ерсі билейді" деп сынайды, бірақ сол биі үшін жақсы көреді. Осы жылы әлеуметтік желіде ең көп қаралыммен танымалдылығы артқан шымкенттік сұлу Арай Ғалымжанқызымен жақын танысып, әңгіме-дүкен құрып қайтқан болатынбыз.


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Оны көпшілік "Ерсі билейді" деп сынайды, бірақ сол биі үшін жақсы көреді. Осы жылы әлеуметтік желіде ең көп қаралыммен танымалдылығы артқан шымкенттік сұлу Арай Ғалымжанқызымен жақын танысып, әңгіме-дүкен құрып қайтқан болатынбыз.

Қарашаш Есенбай: Cәлем, Арай! Қалыңыз қалай? Жақынырақ танысу үшін әңгімені өзіңізден бастасақ... сіз туралы толығырақ білгіміз келеді.

Арай Ғалымжанқызы: Толық аты-жөнім Арайлым Ғалымжанқызы, осы Шымкент қаласында 1990 жылы дүниеге келгем. Осы қалада мектепті, университетті бітірдім, мамандығым бойынша бұқаралық іс-шаралардың режиссерімін. Кішкентайымнан ата-әжемнің қолында өстім, сол кезден өнерлі болдым. Соны байқаған болуы керек, музыка сыныбына берген. Ол жерде 11-сыныпқа дейін оқып, талай жыл хорда ән айттым. Кейін әкем үнемі концерттердің ортасында жүргендігімнен болар, мені "актриса бол" деп М.Әуезов университетінің өнер факультетіне оқуға түсірді. 5 жыл сонда оқып жүріп, түрлі рөлдерді сомдайтынбыз, бірде ит, бірде маймыл, енді бірде ханның қызы боласың. Универститетті бітірген соң Ж.Шанин атындағы театрда екі жылдай жұмыс істедім. Арасында тойға шығатын едім, кейін той жиілей бастаған кезде театрда күні бойы жүруге уақыт тапшы болды, оның үстіне сөздің шыны керек, ол жақта айлық аз еді. Айына 20 000 теңге алатынбыз, сондықтан бәрін қойып тойға шыға бастадым. Сегіз жылға жуық уақыт болды тойға шығамын, басында би тобында билейтінмін. Өзімнің жалпы биден хабарым бар, қай ұлттың болсын биін билей аламын. Билеп жүргеніме бір жылға жақындағанда үш қыз болып триода ән айта бастадым.

Қарашаш Есенбай: Қазір өзіңіз ғана ән айтасыз, триодан кетуге не себеп болды?

Арай Ғалымжанқызы: Шынымды айтсам, триода ән салудан шаршадым. Ол жақта қабілетіңді жетік көрсете алмайсың. Өзімнің өнерге деген құлшынысым, дауысым бар соның бәрі шетте қалып кеткендей болды. Сосын триода бірдей билейсің, бірдей ән айтасың осының бәрі маған қойылған шекара сияқты еді. Мен ондайға көп шыдамадым, әрі тек қыздар болғасын мінезіміз сәйкес келмей қалатын. Бірақ қазір ол қыздармен ара-қатынасымыз жақсы (күліп). Содан жеке өзім тойға 5000 теңгеге, кейде тегін шығып жүрдім. Бірде Ербол Бөртекеев деген асаба мені тойда көріп, өнерімді бағалап «Бірге жұмыс істейік» деп ұсыныс жасады. Сонымен жұмыс істеп жүргенімде, менің билеп тұрған видеоларым уатсапта, ютуб арналарында тарай бастады. Инстаграмды ашсаң мен жүремін, астында неше түрлі пікірлер жазылады (күліп). Сосын бір күні күйеуім «жеке инстаграм парақшаңды ашып көрейік. Халық не дейді, қанша адам жазылады екен» деп ой тастады. Қазір инстаграм парақшамызды ашқанымызға шамамен 6-7 ай болды, біршама оқырман жиналып қалды.

Қарашаш Есенбай: Жарыңызбен бірге келген екенсіз, таныса отырсақ. Қалай таныстыңыздар?

Арай Ғалымжанқызы: Бұл кісінің негізгі мамандығы мұғалім. Тойда танысқанбыз. Ол тойда музыкант болатын. 2014 жылы тұрмыс құрдым, 2015-те қызымыз дүниеге келді. Есімі Оэлун, «неге Оэлун?» десеңіз, Шыңғысханның шешесі қоңырат болған дейді, қасымдағы кісі де қоңырат (күліп).

Қарашаш Есенбай: Арай, сіздің әлеуметтік желіде әншілігіңізден гөрі, бишілік қырыңыз танымал. Солай билеу өзіңіздің имиджіңіз бе?

Арай Ғалымжанқызы: Ұнайды маған солай билеу. Тойда жүрген соң халықты қарату керек, әйтпесе, сыпайы болып та тұра аламын. Мысалы, халық әндерін айтқанда билемеймін, ал тойдың системасы басқа. Тойдың деңгейі жақсы болу үшін асабалар да, бишілер де жоғары дәрежеде болуы керек. Әрине, тыныш тұра аласың, бірақ ол адамдарды жалықтырып жібереді. Адамға өзіңнің энергияңды шашып тұруың керек, мені көрген адам алғашында таң қалып қарағанымен, аз уақыттан кейін өзі қосылып билеп кетеді.

Қарашаш Есенбай: Осы жерде жұбайыңызға сұрақ қойсам, әлеуметтік желіде теріс пікірлер көп жазылады. Әйел адамның олай жүруін ерсі көретіндер көп. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

Күйеуі: Әрине, қыз баласына тән емес деген пікірлерді жиі оқимыз ғой. Мысалы шетелдің дүниелерін көретін болсаңыз билеп неше түрлі дүниелерді істейді. Оларға тән нәрсе, неге бізге тән болмауы керек? Қазақ қашанға дейін «Үйтуге болмайды, бүйтуге болмайды» деп жүреді? Бір өзгеріс керек, біріншіден. Ал екіншіден, ұят болатындай әйелім көшеде тұрып арын сатып жатқан жоқ! Неше түрлі қыздар ақша үшін ұяттан кетіп жатыр. Ал біздікі - адал еңбек. Әйелім ашық-шашық киініп, біреуге үйкеліп билеп жатқан жоқ! Өзі сахнада ғана билейді байқасаңыздар, бұл жерде «өнер» деп қана қарау керек. Шақырған тойлардың барлығымен өзім келісемін, тойға да бірге барамын. Негізі, бізге теріс пікір жазған адамдардың көбі өмірде көрсе, кешірім сұрап «Біз сіздер туралы бұлай ойламадық...» деп таңқалып жатады. Тіпті телефонымызға күніне 2-3 адамнан осындай ауандағы хаттар келеді.


Қарашаш Есенбай: Инстаграмдағы жазбаларыңыздан оқыған едім, бір айдың барлық күні дерлік тойға шақырады екен. Құпия болмаса, қанша гонорар сұрайсыздар?

Арай Ғалымжанқызы: Ол әр кезде әр түрлі. Осы жылы инстаграмда парақша ашқаннан кейін шақыртулар көп түсіп жатыр, өзге қалаларға да шақыратындар бар. Қазір басқа қалаларға да барамыз. Гонорар болғанда, нақты қатып қалған ақша жоқ, кейде 20 мыңға, кейде одан да көп. Адамдардың жағдайына қараймыз ғой. Халыққа қол жетімді бағаны ұсынамыз. Ешқандай шарт қоймауға тырысамыз. Ең қымбат еңбекақымыз 200 мыңға теңге болған.

Қарашаш Есенбай: Сіздің биіңізге үлкендердің көзқарасы қандай? Өзіңізге келіп тойда ренішін айтқан адамдар болды ма?

Арай Ғалымжанқызы: Жоқ, тойда ондай теріс пікір айтылмапты. Бірақ есімнен кетпейтін бір оқиға бар. Бір тойда ән айтып тұрғанымда бір апа қасыма келді. Өзінің айтуынша, мені инстаграмда ұрысқан екен, қасыма келіп «Телефоннан көргенде қимылдарың басқаша көрініп еді, қазір өз көзіммен көріп басқаша қабылдап отырмын» деген болатын. Негізі телефоннан көрген басқа, сол тойдың атмосферасында отырып көрген мүлде басқа ғой.

Күйеуі: Көпшілік оқырмандар Арайға би үйреніңіз, болмаса хареографқа барсаңызшы деп жазып жатады. Бірақ олар жаңа өзіңіз айтқандай, Арайдың танымалдылығы биінің арқасында болып отыр. Егер арнайы қойылған би болса оның өзгелерден айырмашылығы да болмайтын еді. Негізі Арайдың арқасы бар (күліп), музыка естігенде дегбірі қозып билегісі келіп тұрады. Ол мына әнде осылай билеймін, келесісінде басқалай деп алдын-ала ойластырмайды.

Қарашаш Есенбай: Қазір тойдың айналасында жүрсіздер, болашақта шоу-бизнеске шығу ойда бар ма?

Арай Ғалымжанқызы: Құдай қаласа, ойда бар. Негізі телевизиялық жобаларға да шақырып тұрады. Өзімізде де шоу-бизнеске шығу ойымызда бар дүние.


Қарашаш Есенбай: Қазір орындайтындарыңыздың барлығы дерлік белгілі әншілер орындайтын танымал әндер. Ол үшін арнайы рұқсат аласыздар ма?

Арай Ғалымжанқызы: Иә, әрине. Шымкентте әндердің авторлық құқығын қорғайтын ұжым бар. Солармен келісімшартқа отырғанбыз, айына белгіленген соманы төлеп тұрамыз. Кейде әнін орындайтын әншілермен тойда да бірге болып қалатын кездер болады. Бірақ олар оны әңгіме етпейді. Тек бір-екі рет көмекшілері хабарласқан кездері бар. Оларға заңды түрде ақша төлеп жатқанымызды айтқан соң келісімге келдік.

Қарашаш Есенбай: Әнін айтуға қарсылық білдерген әншілер де бар шығар?

Күйеуі: Иә, бірақ ол кісі аса танымал емес, Руслан Мамытов деген жігіт. Соның «Биле, биле» деген әні бар. Аса бір қарсылық танытты дей алмаймын, бірақ «айтпай-ақ қояғандарыңыз дұрыс» деген соң қайта айтқан жоқпыз. Негізі халық Арайдың әнін емес, биін сұрайды. Әнді екінің бірі айтып жатыр ғой, бірақ оны жеткізе білу, орындай білу бар. Жалпы Арайдың дауысы эстрададағы ер-азаматтар айтатын әнге жақсы келеді. Көбі «еркектің әнін айтқан жараспайды» деп жатады, бірақ өнерде ұлт, жас жалпы шекара жоқ қой. Екіншіден, тойда қыздар айтатын әндер жоқ. Алла қаласа, жеке әндер жазу ойымызда бар. Арайдың елдің назарына іліккеніне көп уақыт болған жоқ. Ары кетсе 6 ай болған шығар. Оған дейін айына 3-4 той болатын, ондай кезде табыс та аз болады. Шыны керек, табыс аз кезде жеке ән жазу туралы ойлаған жоқпыз. Енді ғана тапсырыстар көбейіп, кіріс те молайып жатыр. Қаржы жағынан мүмкіндер туып жатса ән жаздырамыз.

Қарашаш Есенбай: Арай, болашақта өзіңіз қай жанрда ән айтқыңыз келеді?

Арай Ғалымжанқызы: Егер үлкен сахнаға шығар болсам, рокка жақын, гитараның әуені көп музыкаларға таңдау жасайтын едім. Ал қазір тойда жүргендіктен халықты билететін әндерге жақынбыз. Алла қалап, үлкен сахнаға шықсам екі бағытты да алып жүремін.


Қарашаш Есенбай: Одан кейін сіздің бір ер кісімен билеген биіңіз кең таралып кетті. Жалпы ол кісімен дуэт болу жоспарда бар ма?

Арай Ғалымжанқызы: (Күліп) Негізі ол кісі мұғалім, асабалығы да бар, осы Шымкентте тұрады. Екеуміз бір тойда кездесіп қалдық, өздерінің жиындарында көңілді болып пародия істеген еді, соны біреу түсіріп алып, таратып жіберген. Содан кейін оны жұрт асаба емес, әнші деп танып кетті. Өзіміз сол тойда танысқан болатынбыз, бірақ онымен дуэт болу ойда жоқ. Ол дуэт сол кезде ғана әдемі шыққан тандем. Қазір бірге ән айтқысы келіп ұсыныстар айтатын адам көп, бірақ әзірге ондай ойымыз жоқ.

Қарашаш Есенбай: Арай, сұқбатқа келісіп, уақыт бөлгендеріңіз үшін көп рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Фото: @arai_galimjankizi

Автор: karashash_esenbay

ERNUR.KZ