Арман Әлиев: "Басшылықтан кетуіме әкімдердің жиі ауысуы себеп болды"

0
5 640

Бір кездері "Тракторист" деген ән хитке айналғаны сонша, оны көшедегі бар адам ішінен қайталап жүретін еді. Тіпті ол әннің танымалдылығы әлі де өше қойған жоқ. Менің бүгінгі кейіпкерім - хит әннің орындаушысы және "Шымкент-цирктің" бас режиссері, цирк өнерінің жанашыры Арман Әлиев.


Арман Әлиев:

Қарашаш Есенбай: Арман аға, сізді көпшілік "Тракторист" әнімен таныды ғой. Бірақ содан кейін көз жазып қалған сияқты. Әншілікті кәсіп еткіңіз келмеді ме, әлде жақсы әндер кезікпей жүр ме?


Арман Әлиев: Алдымен айтарым, менің негізгі мамандығым әнші емес. Бірақ бір кездері елге танылып алу мақсатында, одан кейін "Тракторист" деген ән қатты ұнағандықтан жарыққа шығарғанмын. Сосын бір ән ғана жаздырып қоюға болмайтын болды, сондықтан бірнеше ән репертурыма қостым. Оған қоса 2004 жылдары тыңдарман әзілге сұранып тұрған уақытта әзіл әндердерден тұратын альбом жазу ойыма келген еді, сондықтан да ән жаздырғанмын.

Ал негізі өзімді «әншімін» деп есептемеймін, бірақ кез келген адам сияқты «Ауылдың алты ауызын» айтып, «әу» дейміз. Әуелден-ақ әншілікті табысқа айналдырып, кәсіп етемін деген ойым болған емес. Тек өзіме ұнағандықтан, өзім үшін айттым. Қазір де менің стиліме келетін, жақсы әзіл әндер болса айтуға қарсы емеспін.


Қарашаш Есенбай: Репертуарыңызда әзіл әндер ғой. Нақты осы стильде ән айтатын әнші жоқ бізде. Неліктен бұл бағытты таңдап алдыңыз және алда мұны жандандыру жоспарда бар ма? Бұл әсіресе той-бизнесте өтімді емес пе?


Арман Әлиев: Жоғарыда айтып өткенімдей кәсіби әнші болмағандықтан, тек осындай әзіл әндерді орындасам деймін. Бірақ әзіл болғанымен, әзілдің астарында үлкен зіл, ой бар. Мысалы, тракторист әнін тыңдаған көп адам “Тракторист, тракторист» деген жеріне ғана мән береді. Негізі әнді толық тыңдап, мұқият ішіне енсең, оның ішінде махаббат бар. Ауылда өскен қыз бен жігіттің бір-біріне ғашық болып, кейін қалаға кеткен қыздың бұзылуы, оны сүйген жігіті іздеп келуі деген сияқты үлкен трагедия да жатыр. Әзіл ретінде бергенімен, мағынасы бар ән. Сосын "Арбакеш" деген де әнім бар, сөздері "Таңертең базарға мен барамын,

Арбаны арендаға аламын.

Кәсібі үлкен-кіші қаланың

Қор болды-ау дипломы бар маманың

Қамы ғой әйел, бала-шағаның" деп келеді, бұл да әзілге жасырынған трагедия. Дипломы бола тұрып, жұмыс таппай бала-шағаның қамымен түрлі жұмысқа жегіліп кеткендер қаншама.

Неліктен бұл бағытты таңдап алдыңыз деген сұрағыңызға, «жаңашылдық» жасағым келді дер едім. Кәсіби әнші болмағандықтан, "Құсни-Қорлан","Гауһартас" секілді әндерді айтуға мүмкіндігім жете бермейді.

Ән айтуды жандандырамын деп, арнайы жоспар құрып жүрген жоқпын. Соңғы жылдары той дегенді де жиыстырып қойғанмын. Тек халық сұрап, сый-құрметін жасап, өнерімді бағалап жатса, неге бармасқа? Шақырған жерлерге баруға қарсы емеспін, әйтседе өзім осыдан табыс табайын деген ойым жоқ.


Қарашаш Есенбай: Негізі мамандығыңыз режиссура және актер. Әншілікті де сол актерлік қырыңыз үшін пайдаландым деп ойламайсыз ба, жалпы осы әзіл әндеріңіз үшін ренжіген кәсіби әншілер бар шығар?


Арман Әлиев: Дұрыс айтасыз, негізгі мамандығым - актер-режиссер. Әзіл әндер айтқанда актерлік өнерімнің пайдасы тигені жасырын емес. Мені танытқан Талап Тотаев деген азаматтың "Тракторист" деген әні ғой, халық қазір «Арман тракторист» деп біледі. Ол – халықтың берген атауы ғой, ол үшін ренжімеймін.

Осылай қалыптасуыма актерлік мамандығымның пайдасы тиді дей аламын.

Ал әзіл ән үшін ренжіген кәсіби әншілер болды. Бірақ адам болған соң, түрлі пікірлер бола береді ғой. Ондайға өзім түсіністікпен қараймын, барлық адамға бірдей ұнау мүмкін емес. Реніш білдіріп, ойларын айтқан азаматтар бар, оны дұрыс қабылдаймын.



Қарашаш Есенбай: Актер ретінде бала кезде армандаған биікке жете алдым деп ойлайсыз ба?


Арман Әлиев: ... Актер ретінде бала кезде армандаған шыңға жете қойған жоқпыз. Тіпті актерлікті қатырып бастамадым десем де болатын шығар, әлі әліппесінде, кіріспесінде жүрмін. Алла Тағала қай күні бағымызды жандыратынын білмеймін. Бірақ, алар асуымның бәрі алда сияқты.


Қарашаш Есенбай: Қазір қысқа метражды фильмдер, вайндар трендте ғой. Қолға алып, актерлікті шыңдау үшін өз вайндарыңызды түсіру жоспарда жоқ па?


Арман Әлиев: Өте дұрыс айтасыз, қазір қысқа метражды фильмдер сұраныста. Заманымыз да сондай асығыс, адамдардың жүйкесі бір фильм көруге шыдамайтын болып барады. Басы мен соңын ғана көріп, көп бөлігін өткізіп жіберетін болған ғой. Сол себепті қысқа дүниелер сәнге айналғаны рас. Кейде жігіттермен ақылдасып, «осылай жасасақ қалай болады» деп ойлап қоямыз. Негізі қысқа метражды фильмдер, вайндар түсіруді ойлап жүрміз, бірақ қашан екені белгісіз.

Қазіргі вайндар арзанқол, тіпті кейбір вайндар көруге келмейді, фильмдер тіпті ұят. Көбі белден төмен кетіп қалады. Сондайдан ада дүние жасағымыз келеді. Уақыт сәтімен жарық көреді деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Сіз туралы ақпарат іздегенде тек 3-4 жыл бұрынғы ақпараттарды ғана кезіктірдік. Соңғы жылдары белсенді болмай кеткен сияқтысыз, жалпы қазір қайда жүрсіз?


Арман Әлиев: Иә, 3-4 жыл бұрын белсенді болғаным рас. Қазір ойланып отырсам, соңғы 9 жылымды цирк өнеріне арнаппын, оның 6 жылында басшылық қызметте болдым. Алғашқы 4 жылда белсенді болып жүр едім, соным өзіме «өзімді жарнамалау» болып кеткен сияқты көрінді. Сондықтан кейінгі екі жылда көп түсірілімдер мен сұқбаттардан бас тартып жүрдім. Циркке байланысты бағдарламаларға, сұқбаттарға басқа мамандарды шығарып, солардың насихатын жасауға тырыстым.

Қазір де сол цирктен алыс емеспін, «Цирк өнерін сатпаймын» деп өзіме уәде берген адаммын. Дәл осы уақытта циркте бас режиссер қызметін атқарып жүрмін.


Қарашаш Есенбай: Бірнеше жыл басқарған "Шымкент-цирктің" басшылығынан кетуіңіз туралы түрлі жорамалдар айтылып жатты. Өз аузыңыздан естиікші, басшылықтан кетуге не әсер етті?


Арман Әлиев: Мен басшылық жасаған 6 жылда 6 әкім ауысты. Бұл деген орысша айтқанда, «нестовильность» қой. Әкім ауысқан сайын басқарманың басшысы да ауысты. Шынымды айтсам, әр келген басшыға цирк туралы түсіндіріп шаршадым. Өйткені барлығы театрмен салыстыра береді. Мысалы, театр жылына 5 жаңа спектакль қояды, ал цирк неге олай істемейді дейді. Оған физикалық мүмкіндік жетпейді. Кейде ашынған кезде, қалжыңдап «Шпагатқа отыра аласыз ба?» деп сұрайтынмын. Әрине, «Жоқ» деген жауап аламын. Сосын оларға «Біздің мамандар сізбен күнделікті жұмыс жасаса, 2 айда шпагатқа отыра аласыз ба?" десем, "Әй, қайдам, отыра алмайтын шығармын" дейді.

Сол сияқты біздің цирктің мамандарына да дайындалуы мен жаңа қойылым қоюы үшін уақыт керек. Әлемдік тәжірибеде цирк жылына 1 жаңа спектакль дайындаса, ол - жақсы көрсеткіш. Аңды үйрету, акробаттар мен гимнастшылардың жаттығуы көп уақытты талап етеді. Ол үшін физикалық күш керек. Цирк –күрделі өнер, оны түсіндіріп шаршадым. Бірінші кезекте, тұрақсыздықтан, басышылардың ауыса беруінен шаршап жүргенмін. Әр келген басшының өзіндік көзқарасы, жаңа жоспарлары болады. Жаңа келген басшылықтың жоспары бойынша еуропалық үлгідегі цирк қойылымдарын, жаңа шоулар жасау керек. Олар аңдарсыз жұмыс істеу керек деген мәселелерді алға қойды. Мен ол саясатқа қарсы болдым! Себебі 6 жыл өз қолыммен жасаған дүниелерді басшылықтық тапсырмасына сай «шауып» тастауға дәтім бармады. Сосын «Мен бұлай жасай алмаймын, басшылықты өз еркіммен қоя салайын» деп өтініш жазып, қызметтен босадым.

Өзім тұрғызған нәрсені өзім қиратпаймын ғой. Оның үстіне еуропалық үлгідегі нәрселерге мен өзім түбегейлі қарсымын! Еуропаға еліктеп, еуропаша дүниелер жасап ешкімді таң қалдыра алмаймыз. Тек өзіміздің тарихымызбен, дәстүрімізбен, өзіміздің ұлттық құндалықтарымызбен ғана таң қалдыра аламыз.

Менің көкейімдегі үлкен арманым - таза ұлттық үлгідегі бағдарлама жасау. Ұлттық ойындардың элементтерін қосып, ұлттық киімдер мен манежде төселетін кілемге дейін оюлап, ұлыттық аспаптардың үнін қосып ұлттың иісі аңқып тұратын бағдарлама жасағым келеді. Бұйыртса, бұл арманыма қол жеткіземін деп ойлаймын. Өзіміз талай шетелдік фестивальдерге барып, олардың түрлі бағдарламаларын көрдік. Қай елге барсақ, сол елдің қойылымын қарап, солардың фольклорын іздейтінбіз. Біз де қазақтың музыкасымен, ұлттық киімдерімізбен өнер көрсетсек, көрермен тік тұрып қарсы алатын. Сондықтан мен өзгелерге еліктеуге қарсы болдым. Табиғатым қарсы болса, жұмыс істей алмайтынымды білдім. Мен түсінісіп жұмыс істегенді жақсы көретін адаммын.

Бірақ ешкімге ешқандай ренішім жоқ! Өз еркіммен басшылықтан кеттім, ақиқаты - осы.



Қарашаш Есенбай: Өзіңіз басқарған жылдардағы «Шымкент-Цирктің» дамуына қандай баға бересіз? Жалғыз қалғанда қайсы шешімдеріңіз үшін қуанасыз?


Арман Әлиев: Мен цирктің ашылғаныннан 3 жыл болғанда келдім. Сол 3 жылда цирк тәй-тәй басып, құрылып біткен еді. Бағыма қарай десем бе екен, әріқарай қанаттанған дүниені ұшыру керек болды. Өзім басқарған жылдарда мынандай нәрсе болды, мынаны қатырып, креемет жасадым дегенім есерсоқтық болатын шығар?! Менің не жасағанымды ел-жұрт, ұжымым біледі. 12 мемлекетпен алтын көпір орнаттық, түрлі халықаралық фестивальдерден жүлделер алып келдік. Қиыншылықтар болмады емес, болды. Жалпы бағасын көрермен бергені дұрыс. Мен қолдан келгенше, шама жеткен жерге дейін жасадым. Әлі де жасаймыз, қартайып, басымыз жерге тиіп тұрған жоқ! Өле-өлегенше цирк өнерінің дамуына еңбек етемін деп сенемін.

Десе де кейде тоқырау болғанда, шаршағанда қолды бір сілтеп кете салғың келетін сәттер болады. Істеген ісің бағаланбай, бір әділетсіздіктерді көргенде лақтырып тастай салғың келеді. Бірақ цирк өнерін қатты жақсы көремін, ғашықпын! Сол себепті цирктен қатты ұзамайтын шығармын.


Қарашаш Есенбай: Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз.


Арман Әлиев: Аяулы жарымның есімі Алтынай. Құдайға шүкір, екі ұл мен екі қызым бар. Үлкен ұлым 3 курс студенті, одан кейінгі Ханзада деген қызым мектеп бітірейін деп отыр, кіші екеуі мектепте.

Өзім Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы шаруа отбасынан шыққан азаматпын. Өкінішке қарай, анам дүниеден ерте өтіп кетті. Әл әкем былтыр зейнеткерлікке шықты.


Қарашаш Есенбай: Отбасыңыз аман болсын, қазақ цирк өнерінің дамуына қосар үлесіңіз таусылмасын!