«Базардан емес, сахнадан көрінсем деймін»: Алтын Орда, Көк базарда ән айтып танылған көше әншісімен сұхбат

0
6 340

«Басқа жол жоқ, не істеймін?!»


«Базардан емес, сахнадан көрінсем деймін»: Алтын Орда, Көк базарда ән айтып танылған көше әншісімен сұхбат

Шымкенттің Арбаты, Алматының Арбаты, Көк базары мен Алтын Орда базары, Горький атындағы саябағы... 24 жасар Әділет Оразалиев атты әнші жігіттің ән салатын «сахнасы» осы жерлер. Оның көшеде ән айтқан видеосы тик-токта ең көбі 2 млн 800 мың қаралым жинаған. Сол видеоларды көрген сайын «Тәп-тәуір даусы бола тұра неге көшеде ғана ән салады?» деген сұрақ көкейімізден кетпей қойды.

Тіпті, «Жап-жас жігіт неге басқа жұмыс істеп нан таппайды?», «Ауыр жұмыстан қашатын шығар» деген сыңайдағы пікірлерді де көзіміз шалды. Бірақ, қысы-жазы ашық аспан астында ән айту оңай деп кім айтыпты?!.

Біз Әділетті таптық. Неге көшеде ән салып жүргенін, ой-армандарын сұрадық. Арманы Алатаудай екен. Жалпы ол өмірінде алғаш рет сұхбат беріп тұрғанын айтты. Сонымен көше әншісі Әділет Оразалиевтің ең алғашқы эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.


– Әділет, Алматыдағы Көк базар, Алтын орда базарының маңында ән айтып тұрған видеоларың тарап жүр. Көшеде ән салуға не түрткі болды? Бұл жәй қызығушылық па, әлде тұрмыстық жетіспеушіліктен бе?

– Саламатсыз ба! Көшеде ән айтуға ешнәрсе түрткі болған жоқ. Тұрмыстық жағдайымыз түзу, Аллаға шүкір. Өзім музыкаға қатты қызығамын. 6 сыныптан бері ән айтамын. Шымкенттің Арбатында «Көше караокесін» ұйымдастырдым. Кейін Алматыға кетіп қалдым. Бұл жақтың да Арбатында өнер көрсетіп жүрмін. Одан соң күндіз ән айтатын жер керек болды. Көк базарда таңнан кешке дейін, кештен түнгі 3-4-ке дейін Горький саябағында ән салдым.

Көк базар жақта ән айтып тұрғанымды бір кісі тик-токқа салып жіберген. Ертесіне сол видеоны достарым маған жіберді. Ол кезде тик-токқа қызықпайтын едім. Содан соң өзім де тіркеліп, видеоларымды сала бастадым. Менің видеоларым да көп қаралым жинады. Қазір ең көп қаралым – 2 млн 800 мың.



– Әнді әжептәуір айтады екенсің. Жалпы ән өнеріне қалай келдің? Қай жақтың тумасысың?

– Үйдің ең үлкені менмін. Отбасымызда анам, інім мен қарындасым бар. Шымкент қаласында туып, өстім. №12 Маржан Тасова атындағы мектепті оқып, 9 сыныптан соң №2 колледждің «Жиһаз жасау» мамандығына оқуға түстім. Бірақ, мектепте де, колледжде де тек ән айтып жүргенімді жасырмаймын.


– Анаң «Қоя сал!» деп айтпай ма?

– Кезінде айтатын, қазір «Өзің біл» деп айтады.


– Сол видеолардың астындағы пікірлерге қарасам, «Осындай жап-жас қазақтың жігіттері көшеде ән салып тұр. Неге еңбектеніп нан таппасқа?!»деген сияқты пікірлер бар. Осындай пікірлерге не айтасың?

– Мен өзгелердің пікіріне қарамайды екенмін. Кезінде анам мен нағашым «Қой, сенен әнші шықпайды. Басқа саланы таңда!» деп айтқан. Адамдардың сөзін тыңдасаң, өспейсің. Бұл жұмыстан уақытша болса да жақсы табыс бар.


– Шымкенттен Алматыға не себепті кеттің? Табыс аз болды ма?

– Шымкенттің Арбатына 4 айдай тоқтамай шықтым. Караоке жүргізетін едім, адамдарға ән салғызып, ойын ойнататынмын, арасында өзім де ән салатынмын. Небір талантты қыз-жігіттер келетін. Халықтың алдында талантын көрсететін. 4-5 ай өткен соң сол жердегі тұрғындар, орыс әйелдер үстімнен шағым түсірді. Негізі түнгі 22.00-ден кейін көшеде дауыс шығарып ән айтуға рұқсат жоқ қой. Ал біз сол ережеге бағынбайтынбыз. Алматының Көк базары мен Арбатына шыққанда да қысым болмады емес, көп болды. Бірақ, мен сынып қалған жоқпын. Табыс көзім осы болғандықтан, ондай-ондайды елемеуге тырыстым. Жергілікті полиция бөлімшесіне қаншама рет алып барды. Көк базарда 6-7 айдай тұрдым. Ол кезде де полициялар тыныштық бермеді.

Шымкенттен кету себебім, ол жақта танылу оңай емес. Содан алдыма үлкен сахнаны бағындырамын, хит жазамын деген мақсат қойып, ару Алматыға асықтым. Бірақ, дәл осылай танымал боламын деп ойлаған жоқпын. Көк Базар, Алтын Орда базарларынан емес, сахнадан көрінемін деген арманмен келгенмін.


– Калифарния деген жігітпен қатар ән айтыпсың. Ол жігіт біршама танымалдылыққа ие болды. Ал сен неге өзің құралпы жігіттер сияқты танымал бола алмай жүрсің?

– Калифарния менен әлдеқайда бұрын бастаған. Ол өнерін дұрыс жағынан пайдалана білді. Сахнаға шықпас бұрын «Роза» сияқты хит әні болды. Ал менде хит ән жазуға қаржылық мүмкіндік болған жоқ.


– Видеоларың әлеуметтік желіде хит болып жатыр. Үлкен сахнаға шығуға талпынып жатсың ба? Өнердегі үлкен аға-әпкелеріңнен көмегіне жүгініп көрдің бе?

– Сахнаға шықсам деген арманым әлі де сөнген емес. Бірақ, әлі шығатын жол таппай жүрмін. Аға-әпкелеріммен жолығып, ақыл-кеңес сұрағым келеді.

– Өзіңнің авторлық әнің бар ма?

– 5 авторлық әнім бар. Оның біреуі ғана тыңдарманын тапты. Насихаты аз болғандықтан ба, қалғаны онша өтпеді. Негізі маған Алматыға барып ән салуға анам рұқсат бермеген. «Саудамен айналыс, кәсіп жаса» деп айтқан. Мен жүрек қалауыммен кетіп қалдым. Әншілік тіршілікке айналып кетті. Бірақ, басқа бағытта өзгергім келеді. Негізі 9 сыныптан соң музыкалық колледжге тапсырып, түсе алмай қалдым. Домбыра, гитарада ойнай алмағандықтан сені алмайды деген музыкант ағайымнан сөзінен соң №2 колледжге түсіп кеткен болатынмын.


– Неге алмай қойды? Сенің дауыс мүмкіндіктеріңді бағаламады ма, әлде ақша шешіп кетті ме?

– Дауыстан бұрын ақшаға қарайды екен ғой.


– Мамандық бойынша немесе басқа жұмыс істеп көрдің бе? Дәл осылай көшеде ән айтып тұруға арланбайсың ба?

– Бүкіл жұмысты істеп көргенмін. Құрылыс дүкенінде сатушы, құрылыста монолитте істедім. Колледжде оқып жүрген кезден бүткіл жұмыстарды істеп шынықтым. Дәнекерлеуші, сантехник, жиһаз да жасадым, арматурщик те болдым. Биік ғимараттардың 10-шы қабатына дейін жүретін едім. Көпқабатты үйдің сыртын қаптайтынмын. Сауданы да істеп көрдім. Шынымды айтсам, саудаға шыдамым жеткен жоқ. Жанымның қалауы ән болғандықтан ән салып жүрмін. Мен де көшеде ән салуға ұяламын. Бірақ, басқа жол жоқ, не істеймін?! Ән жаздыру үшін кемі 300-400 мың қаражат керек.

...Менің өткен өмірімді ешкім көрген жоқ. Сол үшін әңгіме айтқандары маған өтпейді. Соның бәрін істеп көрмеген болсам бірсәрі. Қиналған кездерімде ешкім қасымда болған жоқ.


– Құпия болмаса, бір күндік табысың туралы айтсаң...

– 8, 10-15 мың теңге. Үйдегілердің өз табысы өзіне жетеді. Менің табысым өзіме ғана жетеді.


– Әкең қайтыс болып кеткен бе?

– 2012 жылы қайтыс болып кеткен.


Кешір, айналайын! «Бұл жігіттің əн айтып жүргенін көріп жүрмін той домалақта... бір баласы кемтар болып туылған ау...қасына коляскімен отырғызып қояды». Осы пікірге не айтасың?

– Тойларға анда-санда шақырады. Коляскадағы бала Горкий саябағында тик-токтан мені тыңдап келген тыңдарманымның әпкесінің баласы. «Мына бала сенің қасыңда тұрсыншы, отаға тиын-тебен жинап алайық, сәл де болса үлесіңді қосшы» деп өтініш айтты. Сөйтіп, қасымда тұрған болатын. Ал жеке өміріме келсем, үйленбегенмін.


– Жеке ән студияң бар дей ме?

– Иә, бар. Алайда, қолданып жүрген жоқпын. Екі колонкасы жарамайды. Дыбыс жазатын құрылғылары әлсіз.


– Жалпы көшеде ән айтып жүргеніңе қанша уақыт?

– Өткен жылдың көктемінен басталды.


– Қандай арман, мақсаттарың бар?

– Арманым сахнадан өз орнымды табу.


– Ендеше асқақ арманыңа адаспай жетсең деген тілегімді айтамын. Биіктерден көрінетініңе сенемін!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Бастарыңа тимейді екен!»: Белгілі заңгер тәуіпшілікпен айналысқан Мақпал Қаратайды сынға алды


«Сын айтылған сайын жерге кіретін біздер»: Гүлзира Айдарбекова келіндерінің өзін тыңдамайтынын айтты