"Беларусь елі​ндегідей жағдай болса, өз еркіммен жұмыстан кетер едім": Танымал жаңалықтар жүргізушісін не қынжылтады?

0
3 215

"Карантин кезінде Үкімет басшысының бірде-бір мәлімдемесін естімедім"


Қайырбек Баймырза, тележүргізуші, журналист


Қарашаш Есенбай: Қайырбек, жаңалықтар редакциясы ешқашан тоқтамайтын жер ғой, карантин бойы қызмет еттіңіз. Осы кезде жаңалық таратып жүріп, әр оқиғаны сырттай бақыладыңыз, не түйдіңіз?


Қайырбек Баймырза: Үкіметтің дайын болмауы - қатты қынжылтады. Жасырып қайтеміз, төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгенде, біршама жұмысты атқарып, өлім-жітімнің алдын алуға болар еді. Миллиардтап ақша жұмсалса да, дертті тұншықтыра алмады. Оны айтасыз, атқарушы биліктің лайықты қызметін де көрмедік, журналист ретінде Үкімет басшысының бірде-бір мәлімдемесін естімедім, неге екенін түсінбедім. Қол астындағылардың сөзін ғана тыңдап жүрдік. Енді қараңыз, үлкен кеменің капитаны тізгінді алмаса, ары қарай не болары мен айтпасам да түсінікті. 42 500 де жыр болып кетті, дәрі тапшылығы, сапасыз интернет - Құдай-ау тізе берсем, тізім түгесілмейді. Бұдан кейін жұрт қайтсін? Өзімізден басқа ешкімге сене алмай қалдық қой. Содан үрейге жаман бой алдыртық. Анау бүй деді, мынау сөйдеді деп жапа-тармағай кез келген дүниеге ауыз сала бастағанымыз рас қой?! "Сарымсақты аш қарынға жеу керекке" иландық әуелі, сосын "күнде 100 граммнан ұрттап тұру қажет" деген сандыраққа сендік, "таптырмас ем" болып көрінген имбирьге де ақшамызды аямадық. Дәрі таусылып, тапшы болып жатқанын естіген тұрғындар ауырмаса да, жаппай дәріні сатып алғаны бар. Оның мерзімі де бітетінін ескермеді. Салдарынан халықтың өзі үркіп, ауруды шақырып алып, бір "табан" жақындатты ма деймін. Қуантарлығы - Үкіметтен үміт үзгендер бір-біріне өздері көмектесті. ИВЛ ақша жинады, препараттар табуда жәрдемдесті, өзіндік емделу жолдарын айтты. Байқасам, халық өзін сақтап қалғандай ма қалай өзі?! Не десек те, бірлігі жарасқан елді тажалдай нәубеттің де жыға алмасы анық. Көзім жеткендей.


Қарашаш Есенбай: Осы журналистің бейтарап болуы дегеннен шығады, бүгін фейзбук желісінен Беларус журналистерінің екі жақты ақпарат таратпасақ, жұмысқа шықпаймыз дегенге саятын ақпаратын оқыдым. Ал көп жағдайда бір жақты ғана ақпарат беретін біздің журналистика ондай қадамға бара ала ма?


Қайырбек Баймырза: Қарашаш, біріншіден, екеуміз де білдей журналистика факультетін тәмамдадық, ұлағатты ұстаздардан білім алдық. "Журналист бір жақты ақпарат бермеуі керек әрі объективті болуы шарт" деген теориямен жетілген маманбыз. Енді, осыны түйіп шыңдалған тілші /титтей ұяты болса/ "бір жақты ақпарат бермейді" деп ойлаймын. Дәрігерлердің Гип-пократқа серт бергені сияқты, біздің саладағы заңдылық қой - ол. Екіншіден, "біздің ақпарат айдынында жүрген әріптестерім бір жақты мәлімет таратады" деуден аулақпын. Бұл пайымыңмен келісіңкіремеймін.

Өз басым, Беларусь еліндегідей жағдай болып жатса, өз еркіммен жұмыстан кетер едім. Қай жерде болмасын шанайы ақпарат таратуға барымды саламын.


Қарашаш Есенбай: Жақсы, Қайырбек! Мен сізді белсенді жас ретінде танимын, көп тақырыпқа өз ойыңызды айтып жүресіз. Сол ретте сұрайын, карантинде вайн мен тик ток түсіретіндер көбейіп кетті. Ал өзіңіз жеке аккаунтқа ақпарат салуға да мүмкіндігіңіз болмағанын парақшаңыздан байқадым. Қалай ойлайсыз, желіде жеңіл дүниенің көбеюіне жұмысы жоқтық себеп болды ма?


Қайырбек Баймырза: Иа, өз парақшама уақыт болмай кетті. Ал қазір қайтып қолға алдым, жұртқа қара аспанды төндірмейінші деп шештім, кішкене қоршаған ортаға, өзіне, қылығына мән бергенін қалаймын. Сенімді болуына мұрындық болсам деймін. Сауаттылықты барлық мағынасында үгіттегім келеді. Өз көзіммен көргенімді, түйгенімді әзіл-шыны аралас ғып жеткізгім келеді. Анау айтқандай күлдіре алмаспын, бірақ қолдан келгенше ғой. Тик-ток мәселесіне тоқталсам, меніңше, карантин азаматтарға жеңіл ақша табудың жолын тауып, табыс көзін ашқандай. Уақытша жұмыссыз отырғандар үйде жатып түрлі блогерлердің сұхбаттарын, шалқыған өмірлерін көріп бір таңданды, молшылыққа жету жолын естігенде, көздері байланды да қалды. Қазір екінің бірі блогер болғысы келеді. Мойындайықшы, соның кесірінен "тик-ток, вайнмен ақша табайын" деген арам ойлар күшейіп кетті. Мұның өзі де - проблема. Рухани жұтаңдық дер едім. Бай мұрадан азық берер контенттің жетіспеушілігі. Жаңадан ашылған телеарналар олқылықтың орнын толтырады деген сенімдемін.


Қарашаш Есенбай: Карантинде жаңалық жүргізген, әсіресе 42 500 теңге туралы айтқан видеоларыңыз жиі тарады. Осы кезде танымалдылық та артқандай ма, өзіңізге байқала ма (күліп)?


Қайырбек Баймырза: Иә, ол рас. "Өзіңіз маска кимейсіз ғой!" - деп дүкеншінің тиескені бар. Дәріханада кезекте тұрғанда: "Карантин қашан бітеді, сен білесің ғой, балам" - деп апамыз ашуын менен алды. Тіпті мессенджерлерде тарап кеткен бұрынғы видеоның да танымалдылықты "семірткені" рас. Әңгіме "азаматтардың кредиттері кешірілетін болды" деген видеода. Оның жалған, ескі ақпарат екенін осы жерде сіз арқылы айтқым келіп отыр, өйткені сол туралы сұраушылар көбейіп, телефонға тыным бермейді (күліп).



Қарашаш Есенбай: Халық ресми жаңалық көре бастағанымен де, саралай алмайтынының дәлелі ме? Өзіңіз өтірік ақпарат таратушылар мен соған сенетіндер туралы не ойлайсыз?


Қайырбек Баймырза: Айтпақшы, иә, карантинде жаңалық көрушілер көбейді. Инстаграмнан да байқадым, елдің түкпірінен мені белгілеп: "сол амал жоқ, үйде жаңалық көріп отырмыз" деген посттар да жарияланды. Өкінішке қарай, фейк ақпаратқа сенетіндер бар, мысалы, ауылдағылар вирусты ұшақпен шашты деген позицияны ұстанған. Айтқан уәждеріне қарап мен де сеніп қала жаздадым (күліп). Менің ойымша, бәріне екі жақты қарау керек.


Қарашаш Есенбай: Айтпақшы, өзіңіздің жақын досыңыз, короновирус болғанын естідім. Ол ауырып тұрғанында кездескен екенсіз, естіген кезде қалай қабылдадың, қалай сақтандың?


Қайырбек Баймырза: Мен қателеспесем, маусым айында жұмыстасыммен контактный болып үй карантиніне жатып қалдым. Сол сәтте вирустан қорықпаған досым үйге келіп қонағым болып кетті. Өзі қызулап тұрыпты. Оны кейін айтты. Келесі күні досымнан КВИ анықталды. Басында шошып кеттім, ол үшін де, өзіме де алаңдадым. Бірден мұрным мен тамағымды тұзбен шайып жүрдім. Сабыр сақтауға тырыстым. Білесіз бе, Қарашаш, мен қазір күнде жемістерді бұрынғыға қарағанда жиі жейтін болдым, тіпті салат қылып. Иммунитеттің күшеюіне де солар септігін тигізді ме деймін. Сосын тамақты уақытылы жеп, қолым босаса болды, жастыққа жабыса кетем. Аты жаман аурудан сақтануда Қайырбектің тәсілі осы ғана. Бетін аулақ қылсын!



Қарашаш Есенбай: Ауырып тұрса да қонаққа баратындар көп, тыйым салынса да той жасалып жатыр. Ал 17-ші тамызда карантин жеңілдетілгеннен кейін қалай болады? Журналист ретінде қандай болжам жасайсыз?


Қайырбек Баймырза: Сол соңғы сценарий қайталанып кетпей ме деп қорқам. Бірден үйқамақтан босатып жібергенде, науқастардың күрт көбейіп кеткені бәріміздің есімізде. Бірақ бұл жолы кезең-кезеңімен жеңілдетіледі екен. Көреміз. Сорақысы сол, күз - бірқатардың вирустардың да "оянатын" шағы. Қабаттасып, жағдай ушығып кетпесе игі еді. Денге - саулық, басқа амандық тіледім!


Қарашаш Есенбай: Сөз соңында жеке басқа қатысты да сұрақ қоса кетейін, бойдақ екеніңізді білеміз. Бірде «солтүстік қыздарынан келін шықпайды» деп кесіп айттыпсыз. Осы арқылы біраз көрермен қыздардан айырылып қалмадыңыз ба?


Қайырбек Баймырза: Ой, білесіз бе, бұл ащы сөздер қыр соңымнан қалмай келеді. Байқасаңыз, ел алдына фамилиямды өзгертіп, атамның атымен шығып жүрмін (күліп). Аталған сұхбат шыққалы алакөзбен қарайтындар көбейді, сонымен қатар пікіріммен келіскендердің ризашылығын алдым. "Қарғап-сілегендер" басымырақ, әрине. Бірақ, таң қалғаным, "Маңғыстау келініне лайық болуға тырысамын, осыдан көресіз" деп серт бергендер бар. Айтпақшы "я для тебя испорченная, талабыңа сәйкес келмейм" деп бірден айтатындар да шықты. Көрсеткіш қой (жымиып).


Қарашаш Есенбай: Қалай болғанда да жақсылық болсын дейміз. Сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!

ERNUR.KZ