Болат Әбділманов: "Абайды ойнау үшін талант аздық етеді"

0
3 464

Ол - әр адамды тәрбиелейтін рөл


Болат Әбділманов:

Оны халық Абай деп таниды. Қазақтың Абайы ол арқылы сахнада тірілді. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай, туған күні қарсаңында біз сахнадағы Абаймен тілдестік.

Менің бүгінгі кейіпкерім - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Болат ӘБДІЛМАНОВ.


Қарашаш Есенбай: Болат аға, өзіңізді халық ең бірінші «Абай» деп таниды, театрдағы осы рөліңіз сіздің паспортыңыз іспеттес және бұл кез келгенге бұйырмаған рөл. Өзіңіз бұл рөлге қалай таңдалған едіңіз?


Болат Әбділманов: Иә, дұрыс айтасың, мені көпшілік осы рөлмен таниды. Мен сахнадағы Абай рөлімен отыз жасымда жолықтым. Алғашында Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеп жүргенімде Райымбек Сейтметов ағамыз «Қалың елім, қазағым» деген спектакль қойды, сонда маған аға Абайдың рөлін берді.

Одан кейін 41 жасымда Әуезов еатрында Әзірбайжан Мамбетов ағамыз «Абай» трагедиясын сахналағанда маған Абайдың рөлін берді. Одан бөлек Астана театрында, Президенттің мәдениет орталығында және басқа да іс-шараларда Абайдың рөлін сомдап жүрдім.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз бір сөзіңізде көрерменге «Абайдың тірі қалпын көрсету үшін күш салдым»деген екенсіз және сол биікке жеттіңіз де. Осы жолда ақынның болмысын ашу үшін қандай ізденістер жасадыңыз?


Болат Әбділманов: Оның биігіне жеттім деу артықтау болар?! Әуезовті әлемге танытқан – Абай, ол терең мұхит қой. Есейіп, актерлық тұрғыда өскен сайын Абайды тереңірек түсіне бастайсың. Әсіресе, Абайдың рөліне тағайындалатын актер оның бүкіл қара сөзін жатқа білуі, жатқа білу өз алдына астарын ұғына алуы тиіс. Содан кейін ақынның суреті әр қазақтың үйінде бар десек болады, сондықтан бірінші кезекте рөлге актердің кескін келбеті келуі керек. Одан кейін Абайдың ішкі образы, жан дүниесі, интеллигенциясы, өресі сай болғаны абзал. Осының бәрі қалыптасқан кезде, толыққанды Абай образы шығады деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Актер үшін әр рөл мектеп қой, сіздің осы рөліңіз болмысыңызды қалай толықтырды?


Болат Әбділманов: Әрине, әрбір рөл актерді тәрбиелейді. Ал өзімнің өмірімді осы рөлге келгенге дейін және кейін деп екіге бөлуге болады. Отыз жасқа дейін мен басқа болсам, бұл рөлден кейін жауапкершілігім артты. Өйткені қоғамда барған ортаң мен кездескен адамдарың саған «Ой, мынау Абайдың рөлін сомдаған актер» деп қарайды. Одан кейін өзіңнің әр сөзіңе, мінез құлқыңа, отырысыңа мән бере бастайсың. Ол - әр адамды тәрбиелейтін рөл.

Сені Абай деп танығандықтан, сол биікте болуға тырысасың. Абайды ойнау - әр актердің арманы. Менің екінші арманым - кино саласындағы Абайды сомдау еді. Сахнада осы рөлді сомдап жүрген жылдары марқұм Әшірбек Сығай: «Шіркін, осы Абай туралы кино түсірсе, Болат дәл қазір бар жағынан лайық болушы еді» деп айтқан еді.



Қарашаш Есенбай: Ендеше, арман орындалған екен ғой. Қазір «Абай» сериалына түсіп жатыр екенсіз, осы туынды жайында да айта кетсеңіз?


Болат Әбділманов: Иә, «Қазақстан» телеарнасы талантты Мұрат Бидосовтың режиссерлығымен және Дулат Исабеков пен драматург Сержан Зәкірұлы сценариін жазып шыққан сериалды түсіруде. Күз айларында көрерменге жол тартпақ.


Қарашаш Есенбай. Аға, өзіңіз де Абай атамыздың 175 жылдығына орай пьеса жазып жатырмын деген едіңіз. Сіз жазған Абай көрерменімен қашан кездеседі?


Болат Әбділманов: Қазақ өнерінің қара шаңырағы - Әуезов театры. Мұнда ойнаған әр актер кез келген театрда керемет өнер көрсете алады, ал басқалардың бұл сахнада ойнай алуы некенсаяқ. Осы театр конкурс секілді бірнеше туындыны саралаған еді, ол кезде Сәбит Әбдіхалықов басшы еді. Сонда жазылған пьесалардың ішінде «Абайдың ұлы жұмбағы» деген туындымыз таңдалған болатын. Оны мен өзім ғана емес, өте талантты драматург Мадина Омарова екеуміз өлеңдері мен қарасөздерін біріктіре отырып, абайтанушылардың зерттеулерімен санаса және өзіміздің фантазиямызды қосып жаздық. Жаңадан келген басшымыз Еркін Жуасбеков те он оқып, қуаттайтынын, рұқсат беретінін айтты. Сонымен қазір бұл пьеса дайындық үстінде, көрермен Абайдың жұмбағын табуға келеді.


Қарашаш Есенбай: Жаңа бір сөзіңізде көпшілік «Абай» деп қарайтынын айттыңыз ғой. Сол сөзге лайық болу үшін өзіндік кемшіліктермен де күрескен шығарсыз?


Болат Әбділманов: Әрине, Алла ғана мінсіз, кемшіліксіз адам болмайды. Ең бастысы, сол кемшілігін түзей білуі керек. Ал «мен болдым, толдым» деген актер - тоқтаған актер. Актер қай уақытта да өзінің формасын сақтауы, күн сайын өзін дәлелдеуі керек. Мен Абай рөліне келгенге дейін еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқаю керек дегенді ұстанған едім, ал Абайды жіті таныған сайын мен еңкейгенге еңкею керек, шалғайқанға да еңкеюге болатынын түсіндім.

Актер деген бұрқ-сарқ етіп қайнап, ішіндегісін айтып тастап, бірақ ар жағында кек қалмауы керек. Ал біреуге кек сақтаған сайын, актердің жүрегі қарая береді, ал жүрек қарайған сайын образын ойнай алмайды. Жүректен шығып, жүректен жету үшін жүрек таза болуы керек.

Абай бұл туралы,

«Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі» дейді, яғни жүрегің жұмсақ болуы арқылы, иманың күшейеді. Иманың күшейген сайын Аллаға жақындайсың деген сөзді айтып тұр.



Қарашаш Есенбай: Сөзіңіздің басында Абайды сомдаған актер қара сөздерін жатқа білуі керек дедіңіз, өзіңіз жастарға қай сөзін өнеге ретінде айтқан болар едіңіз?


Болат Әбділманов: Абайдың қай сөзі болмасын кез келген дүниеге мысал бола алады. Мысалы, кәсіркерге де, өнер адамына да, ел басқаратындарға да арналған. Оның бәрінде толық адам болудың формасы бар. Мысалы, Абай «Ақылдың, ғылымның сауыты – мінез» дейді, яғни бастысы – мінез.

Мұны тарқатар болсам, өзің жұмыс істейтін ортада келіспеушілік болды делік. Ол жерде шындықты айтайын десең, ол досың, не басшың болуы мүмкін. Осы жерде шындықты дұрыс айта білу үшін мінез қажет. Сондықтан қазақтың жастарына мінезді болған дұрыс. Мінезді адамдар ғана үлкен рөлді ойнай алады.


Қарашаш Есенбай: Аға буын ретінде айтыңызшы, театрда қазір сомдалып жүрген Абай бейнесі қаншалықты ашылып жатыр? Жас буын одан нағыз Абайды көре ала ма?


Болат Әбділманов: Жалпы Абайды ойнау үшін талант аз болады. Сосын жеңіл-желпі рөлмен танылғандарқатты танымал болса да Абайды ойнай алмайды. Абайды ойнайтын актердің табиғаты келуі керек. Орыстар «Гений актерлар болмайды, оң жамбасына келетін рөл болады» дейді. Бірінші айталық, ұлы тұлғалар Молдабеков, Жантурин, Әнуар Боранбаев, Әнуар Молдабековтердің зор дауыстары болатын, үндері жүректен шығып, халықты бірден қарататын еді. Дауыстың зор болуы бар және оның жандылығы бар, сондықтан басты рөл үшін дауыс та маңызды. Әсіресе, Абайды ойнау үшін эпикалық дауыс керек. Ал шіңкілдеген, шаршаған дауыспен оны ойнауға болмайды. Бірақ қазір оған қарамайды, көркемдік кеңес жоқ, Әшірбек Сығай сияқты мықты сыншылар өмірден өтіп кетті ғой.

Қазір келсін, келмесін қарабайыр ойнай беретін актерлерді көріп жүрмін. Кейде жастар Абайдың рөлін ішкі қуатқа салып, техника болмағандықтан және рөл келмегендік оның терең, керемет сөздерін жұлқып сөйлейтін болды. Қазақша айтқанда, қауып сөйлейді. Олай Абайдың философиясын беру мүмкін емес. Оның философиясы - сөздері де ән салып тұр. Сондықтан оған кең дауыс пен үлкен жүрек керек.


Қарашаш Есенбай: Қазақтың барлығында үлкен жүрек болсын деп тілек айтқым келеді. Әңгімеңізге рақмет!


ERNUR.KZ