Данияр Есен: "Жұртқа аға болып ақыл айтып, өздері саунада қыздармен көңіл көтеретіндерді білемін"

0
3 471

​Данияр Есен, тележурналист


Данияр Есен:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Данияр аға. Сіздің парақшаңызды бірнеше уақыттан бері оқимын, бір кездері негатив пікірлер де болғандай... Өзіңіз пікір білдіруде қаншалықты шынайысыз?


Данияр Есен: Иә, негатив посттар болды, өте көп жаздым. Ол өзімді тани алмағандықтан болды, бәрін біреуден көретін кезім еді. Мен өзгерген кезде әлем өзгерді ғой. Қазір барынша шынайы болуға тырысамын, бірақ бәрібір шектеулер бар. Жоққа шығармаймын! Бір жағынан қызықпайтын дүниелерді өзім де айтпаймын. Әрі пікіріме жұмыс орнымның әсері болған емес, олар ешқашан шектеу қоймаған.


Қарашаш Есенбай: Сіздің журналистикадағы еңбегіңіз көпшілікке жақсы таныс деп ойлаймын. Сондықтан, жасөспірімдер психологиясын қозғап жүргеніңізге қарай әңгімені бұрғым келеді. «Қызға қырық үйден тыйым керек пе?» деген бағдарламаңызды көріп, ол салаға қалай келгеніңізді білдім. Мынаны сұрағым келеді. Үлкен қызыңыздың мінезінің өзгергенін байқап психологқа барғаныңызды айтыпсыздар. Әдетте қазақы ортаның азаматы психологқа жүгіне қоймайды. Өзіңіз бұл шешімге қалай келдіңіз?


Данияр Есен: Иә, сол оқиға себеп. Кіші қызымыз дүниеге келгесін тәтті қылығына алданып, үлкен қызымызды ұмытып кеттік. Шыны керек, бар ма, жоқ па, еленбейтін болды. Бір күні әйелім «Мына қыз біртүрлі болып жүр, махаббат жетіспей жүр-ау» деді. Содан кейін оның ұсынысы бойынша, психолог көршімізге алып барайық дедік. Өте мықты, тәжірибелі психологпен жақын тұратын едік, соған алып бардық. Баруға әйелім түрткі болды, әйтпесе өзімнің миым жетпейтін еді (күліп!).

Шыны керек, ол кезде мен психологияны мүлде қаламайтын, қабылдамайтын адам едім. Оларды ақша жасау үшін тренинг өткізетіндер деп ойлайтынмын. Бір күні жаңағы психотерапевт бізді шақырып алып, қызымыз туралы айтты. Сөйтсек, үлкен қызым оның алдына барғанда «Әке-шешем мені емес, Дарияны жақсы көреді» деп жылапты. Психолог «Бұлай жалғаса беруіне болмайды, мейлінше көңіл бөліңіздер, мақтап, жылы сөздерді жиі айта беріңіздер» деді. Одан кейін мен ваннадан шықса шашын иіскеп, «қандай әдемісің, ең сұлу қыз – сен» дегендей сөздер айта бастадым. Осыдан кейін қызым өзгере бастады, қазір мүлде басқа адамға айналды, өзіне сенімді, ойын еркін айтады. Біз дер кезінде психологқа бардық деп ойлаймын.

Осы оқиғадан кейін мен балалар мен жасөсіпірімдер психологиясын оқи бастадым. Шалва Амонашвили, Алексей Бабаянц сынды кісілерді оқып, тренингтеріне қатыстым. Кейін сосын сол ізденісімді, білімімді халықпен де бөлісейін дедім. Алғашында желіге жариялауға қорықтым. «Мынау, журналист болып жүріп, психолог болып кетіпті» деген сөздерден қорықтым. Соның бәрінен өту керек болды.Критиканы дұрыс қабылдаймын, баста теріс пікірлерді өшіріп отыратын едім, қазір олай етпеймін. Тіпті соңғы уақытта бірден айтатын дүниелерім де көбейіп жүр. Бірінші себепкер, әрине әйелім, екіншіден, өзім тренингтен алған дүниелерімді бөлісейінші дедім.


Қарашаш Есенбай: Жазбаларыңызда үнемі әке де баланың тәрбиесіне бірдей жауапты болуы керек деп айтып жүресіз. Бірақ бізде әкенің көзқарасынан қорқу керек, ол қатал болуы керек дегендей таптаурындар бар ғой. Соны әлі де ұстанатындар бар, бұл бала мен әкенің арасын алшақтатып қана қоймай, қыздың басқа жақтан қамқорлық іздеуіне әсер етпей ме?


Данияр Есен: Мен қазақтың ежелден келе жатқан психологиясын жоққа шығармаймын, «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, әрбір мақалдың астында үлкен мән-мағына жатыр. Ал «әкенің қабағынан қорқу керек» дегендей түсініктер кеңестік дәуірдің кесірінен пайда болды деп ойлаймын. Әйтпесе бұрынғы ата-бабаларымыз қыздарын еркелеткен, қыздарымен сөйлескен. «Абай жолы», «Көшпенділер» сынды кез келген шығарманы ашып қарасаңыз, әке мен қыздың арасында әдемі махаббат, сыйластық болғанын байқайсыз.

Одан кейін осыдан жиырма жыл бұрынғы психологияның да мерзімі өтті. Киімнің, тамақтың тұтыну мерзімі сияқты уақыттары өтеді. Қазіргі балалар мүлдем басқа, оларды осы заманның әдесімен тәрбиелеу керек. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей кейбір дүнеиелерге қырын қараймын. Бұрын өтіп, тозығы жеткен дүниелерді қайталап шығара берудің қажеті жоқ! Өзімнің қыздарымды қазіргі заманмен тәрбиелеймін, олар немен тыныс алады, мен де сонымен тыныстаймын, олар не тыңдаса соны тыңдаймын. Сонда байланыс жасау оңайырақ болады. Әрине, он шақты баланы тәрбилеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған әке емеспін, менің де қателесуім мүмкін. Бірақ қыздарымның мықты азамат болып шығатынына сенемін! Екеуі де ортада қалай ұстау керектігін, қалай сөйлесуі керектігін біледі. Еркелеп өскен қыз өзінің бағасын біліп тұрады, талғамы жоғары болады.



Қарашаш Есенбай: Қызға қойылатын талаптан бөлек, қоғамда оның қыз болып туғаны үшін жазғыратындар бар. Мысалы кеше ғана мен редакторымнан шымкенттік бір ер адам өзінің төрт қызын мылтықпен қуып, «өлтіремін» дейтінін естідім. Перзентханадан шыққан әйелдің бесіншісі де қыз болған. Осындай түсінікті жою үшін бізге қандай жобалар қажет, не істеу керек?


Данияр Есен: Ондай оқиғалар көп. Біріншіден, менде де екі қыз, барған жерде «енді ұл керек» дейтіндер болады. Ұл туғызуға шамамыз келеді, денсаулық жағынан кінәрат жоқ. Алладан тілейміз! Екіншіден, ондай түсініктегі еркектер көп. «Қыз туа бересің» деп перзентханаға бармай қоятын, әйелімен ажырасып кететіндер көп, менің ойымша ол топастық!


Қарашаш Есенбай: Шыныңызды айтыңызшы, бір уақ болсын «Неге ұл емес?» деген ой келді ме?


Данияр Есен: Жоқ, менде ондай ой болған емес! Өйткені, Алла қаласа екі қызымнан күйеу балаларым, немерелерім болады. Жаңағы бес қыздан да бес күйеу баласы болады. Керемет емес пе? Адам жақсылықтың бәрін қыздан көреді. Сонда да неге ұлды іздеп тұратындарын мен білмеймін, барша еркектердің атынан жауап та бере алмаймын. Мысалы, сізге бір қызық айтайын, мен Пәленше Түгеншеевтің ұрпағымын дейік, содан маған бір пайда келіп жатыр ма? Жарайды, мен сол руды жалғастырып келе жатырмын, болды! Басқа ешқандай келіп, кетер пайда жоқ.

Бірақ мына нәрсені ерекше айтқым келеді. Менің инстаграмыма күн сайын түрлі хаттар келеді, оның көбі ауру балаларға көмек сұрайтын әйелдердің хаты. Сол кезде Аллаға аман сау ұрпақ бергеніне сансыз шүкірлік айтамын! Қыз не ұл болғаны емес, өмірге дені сау ұрпақ әкелу маңызды. Қазіргі экология нашар, барлығы химия болған дәуірде дені сау ұрпақ әкелудің өзі үлкен бақыт. Олай ойлайтын еркектерге ештеңе айта алмаймын. Бәлкім, артымда ұрпақ қалсын дейтін шығар?! Негізі нәрестенің ұл, қыз болуы еркекке тікелей байналысты. Сондықтан әйелді кінәлап қажеті жоқ!


Қарашаш Есенбай: Бір сөзіңізден «Ер адамдар, көбірек оқыңыздар» деп айтқаныңыздан ашынып тұрғаныңызды ұқтым. Демек біздің қоғамда сауатсыз еркектер көп деген сөз бе? Қазір әйелдер қатты ізденісте, семинар-тренингте солар жүреді, ерлерден тым алға шығып кеткен жоқ па?


Данияр Есен: Ер адамдардан да тренинге барып, көп оқитындар да бар. Менің араласатын ортам, достарым сондай. Ауылда да дипломы болмаса да, небір білімді адамдар көп. Сондықтан мәселе дипломда емес.

Бір жағынан олардың санынан әйелдер басым екені шындық, ол сөзіңізбен келісемін. Еркектер аз, енді мүмкін оларға кедергі болып жатқан отбасын асырау дегендей тіршілік қамы шығар. Бірақ олар тренингтерге көбірек барса, ақшасы да көбейеді деп ойлаймын. Сондықтан ер азаматтарды ілім-білімге шақырамын, онымды үнемі айтып та жүрмін. Менің де парақшамды оқитындардың көбі әйелдер. Еркектер не дейді? Бізде «диван батырлар бар», олар өзі білмейді және біліп тұрған адамды қабылдамайды. Оларға өзгеру керек!

Ал сауатсыздық ерлерде де, әйелдерде де бар. Мысалы, семинар-тренингке барып жүрген әйелдердің өзгермегендері бар. Олар әзірге тек ақша құрту үшін баруда, ой қорытпаған. Жақында Бақыт Жұматовадан, Құрманайдан интервью алдым. Сол кезде психологияны оқып жүрген әйелдердің өзі «Данияр, ұялмайсың ба? Не алып жүрсің?» дегендей пікірлер айтты. Бізде бір жаманы, тақырыбын оқиды да әрі қарай ой елегінен өткізбейді.



Қарашаш Есенбай: Cіздің соңғы видеоларыңызды көріп шықтым. Әншілердің, жезөкшелердің бағасын білгеніңізді көрдім. Олардың бағасын, жезөкшелердің тіпті адресіне дейін айту кімге, қаншалықты қажет? Ол тек хайп қуу емес пе?


Данияр Есен: Мен ешқандай хайп қуған жоқпын, журналистік зерттеу жасадым. Ресейдің, Американың журналистері жасайтындай зерттеу. Әрі ол жерде тек бағаларымен ғана тоқталған жоқпын, олардың мекен-жайларын да анықтауға тырыстым. Бәлкім толық піспеген зерттеу шығар, ол жерде жезөкшелердің көбеюіне еркектердің кінәлі екенін айтқым келді. Мысалы, еркектен сұраныс болған соң қызмет етіп отыр. Олар бармаса, ол қыздар басқа жұмыспен айналыса бастайтын еді. Мен өмірде керемет ағалық ақыл айтып, шын мәнінде саунада қыздармен көңіл көтеретіндердің барын білемін. Негізгі мақсатым – жезөкшелікке кім кінәлі дегенді іздеу болды, оны таптым – ер азаматтар. Еркектердің баруы сұраныспен қатар, инфекциялық ауруларды да көбейтеді.


Қарашаш Есенбай: Мақсатыңызды түсіндік, соны зерттеуде бере алдым деп ойлайсыз ба? Мысалы, олардың адресін айту және бағаларының қол жетімді екенін білу керісінше тұтынуды арттырмай ма?


Данияр Есен: Бәлкім бере алмаған шығармын!? Менің шикілігім - тезірек видеоны дайындап беруім керек болды. Әрі қаржы жағы кедергі жасады, егер мүмкіндік болса жөзекшелікті заңдастырған елдерге барып интервью алуыма болар еді.


Қарашаш Есенбай: Роликте жезөкешелердің бағасын, мекен-жайын айтқан тұсыңызға қарап жарнама тәрізді ойлап қалдым... Өзіңіз айтқандай неге олардан жұғатын аурулар, содан зардап шеккендер туралы ақпар жоқ?


Данияр Есен: Дұрыс айтасыз, пікіріңізге қосыламын. Қазір жезөкшелердің көбеюінен жыныстық аурулар да көбейеді. Оны әйеліне жұқтырады, отбасына зиян келеді. Бұл жағы өте маңызды, ойда болған. Бәлкім, сондай сан түрлі ауру жұқтырған ер адамдарды қосу керек пе еді? Өте жақсы идея тастадыңыз, алдағы уақытта жобаны басқаша қырынан жасауға да тырысып көреміз. Сондықтан жезөкшелердің кесірінен жыныстық аурулар көп, соны ескертіп, алдын алу жағынан да хабарлауға тырысамыз.


Қарашаш Есенбай: Жезөкшені заңдастыруға қалай қарайсыз?


Данияр Есен: Оған біздің қоғам әлі дайын емес.


Қарашаш Есенбай: Қыздардың киім киісіне, түріне қарап «Жезөкше» деп баға беруге бола ма?


Данияр Есен: Жоқ! Желіде шу болған роликті көрдім, өте нашар ролик деп есептеймін.Киіміне қарап «жезөкшесің» деп баға беруге болмайды. Ол бір үйдің аялап отырған қызы ғой? Жұпыны киініп тұрған адамға барып «сен кедейсің» дей алмайсың ғой, сол сияқты. Ролик өте сәтсіз шыққан. Машинадағы қыздың орнында болсам, еркектің көзін шығарып кетер едім. Ал кейіпкер еркек «ақыл айтқыш» болса, жезөкшелерге барып жүрген еркектерге, ауланың алдында түкіріп отыратын ер адамдарға айтсын.Оған дәті шыдамайды, қорқады. Айналып келгенде қорғансыз қызды машинаға отырғызып, есігін кілттеп лекция айту оңай. Сценарийіне екі деген баға бердім.

Бір жағынан режиссерге осы дүниені шығарып, халықтың ой-пікірінің қандай екенін көрсеткені үшін риза болдым. Бұл ролик болмаса, тақырып та қозғалмас еді.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз бір жазбаңызда «адамды түріне, киіміне, ұстанымына байланысты кемсітуге қарсымын депсіз, ал бір сұқбатыңызда «қазақ қыздарының иманды болуын, кіндігін ашып жүрмеуін қалаймын» дейсіз. Екі пікір бір-біріне қайшы емес пе?


Данияр Есен: Мен толерантты адаммын. Егер көшеден кеудесін ашып бара жатқан қызды көрсем, оған барып мораль айтпаймын, лекция оқымаймын. Мен тек өз қыздарымды тәрбиелеуге міндеттімін. Әр ата-ана өз қызын тәрбиелесе, қоғамда мұндай хаос болмас еді. Қыздарымның кеудесін ашып жүруге, кіндігін ашып журге де рұқсат бермеймін. Ол – болашақ ана, омырауымен бала емізеді, оны жарқыратып қою дұрыс емес. Кіндігі – адамның барлық суықты, сырқатты жинап алатын тұсы, оны да ашып тастау пайда әкелмейді. Әрі кеудесі, етегі ашық жүргендерге ер адамның да көзі түседі.

Басқа қыздарға жауап бере алмаймын. Әр қызды интернет емес, әке-шешесі тәрбиелейді. Егер қалаған адам ұнаса кисін, ал мен өз қыздарыма пікірімді айтамын. Бірақ мини кигені үшін қызыма басқа бір ер адамның ақыл айтқанын қаламаймын. Әркім өз баласына жауап беруі керек.



Қарашаш Есенбай: Қыздарыңыздың анасына ұқсағанын қалаймын депсіз, бірақ ол кісі туралы жиі айтпайсыз. Жақынырақ білгіміз келеді.


Данияр Есен: Ол туралы бұрын сұрамаған ғой (күліп). Келіншегіммен телевидениеде жүргенде таныстым. Павлодар өңірінің қызы, мамандығы – опера әншісі. Танысқан соң, өмірімізді бірге өткіземіз деп серт байластық. Әкесі аманат қылып тапсырды, қазір аманатына қиянат қылмауға тырысып келе жатырмын.


Қарашаш Есенбай: Желіден сіздің әйеліңізге қатысты негатив пікір жазғандарды да байқадым. Сіз оны бөлісіп, мен үшін ең әдемі әйел дегеніңізге риза болдым. Десе де ол кісі қалай қабылдайды осындай сөздерді?


Данияр Есен: Ол психологияны әбден меңгерген, айдалада жүрген біреудің пікірін қабылдай бермейді. Ел алдына жүрген адамдардың көбісіне әйеліне қатысты пікір айтылады. Жарыққа шығарғанда осы әңгімеге нүкте қойғым келді. Әдемі туралы әңгіме әртүрлі. Кірпік жалғап, жасанды жүретіндерді әдемі деп есептей бермеймін. Бойдақ кезімде де қараған емеспін. Менің әйелім шынайылығымен баурап алды. Кез келген сынды қабылдай алды. Ол жазбаны жарияламас бұрын өзінен рұқсат сұрадым. Содан кейін ғана жарыққа шықты. Бізде ер адамдарда комплекс көп. Мәселен, келіншег үйіне түскеннен кейін достары ер адамға «мынадай екен, ана жері сондай екен» деп қылжақтап, әзіл-шыны араласа пікір білдіруі мүмкін. Сонда ер адамның өзі ойланып, шынымен бе деп келіншегіне басқаша көзқараспен қарай бастайды. Бұл мүлде дұрыс емес, қалай сүйдің солай қабылдау керек. Бала әкеліп, әйел артық салмақ қосып алуы мүмкін. Бірақ сен оған қыз кезіндегі махаббатыңды жоғалтпауың керек. Қазір маған ешқандай пікір өтпейді. Жасым келіп, өзіндік көзқарасым қалыптасқан адаммын. Басқа біреудің сөзін елемеймін. Қазір әйелім – фрилансер, саласын өзгерткен, қаржы менеджері. Музыкада тек сабақ береді. Осы жағынан да ризамын. Аяқ астынан саласын өзгертіп, басқа кәсіпті игеру оңай емес.


Қарашаш Есенбай: Данияр аға, уақыт бөлгеніңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ