Дулыға Ақмолда: "Бізде атақтың үстіне мініп алып, түсе алмай жүретіндер бар!"

0
8 320

Актер: "Бұл мәселеде «Қазақфильм» тормоз!"


Дулыға Ақмолда:

"Қарапайым адамдардың арасынан қайнап шыққан хас актер, оның бойына бір-біріне қиыспайтын сан түрлі адамдардың жүріс-тұрыс, сөйлеу мәнері, қимыл-қозғалысы, күйінгені мен сүйінгені, күлгені, жылағаны – бәрі-бәрі сыйып кетіп жатады. Және ең маңыздысы – Дулыға өмір мен өнерді көп әріптестеріне қарағанда тереңірек түсінетін сияқты"-, дейді мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы.

Көрермен оның жанарына қарау арқылы тереңдікті көреді, талантына қарап биіктікті көретіндей. Менің бүгінгі кейіпкерім - танымал театр және кино актері Дулыға Ақмолда.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Дулыға аға! Алматыда театрлардың қайта жабылуына тура келіп жатыр. Жалпы бұл кезең ешкімге оңай тимек емес, оның ішінде шығармашылық адамдарына айтарлықтай әсер етті. «Актер қарайып қалмас үшін, үнемі қозғалыста болу керек» дейді, өзіңіз карантинді қалай өткеріп жатырсыз? Нендей ой түйдіңіз?


Дулыға Ақмолда: Иә, карантин тек әртістерге ғана емес, бүкіл адам баласына әсерін тигізді ғой. Карантиннің қалай болып, қалай әсер еткенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өзіңіз айтып өткендей, шығармашылық ортаға, оның ішінде өзіміз сияқты актерларға шынымен де ерекше әсерін тигізді. Неге десеңіз, актерлар аптасына 1-2 рет сахнаға шығады, айына кем дегенде 5-6 спектаклде ойнайды. Бұл – актер үшін тренинг, ол актердің өзін формада ұстауына әсер етеді. Карантин кезінде «Сахнаны сағындық. Ойбай, өлеміз ғой енді» деп дақпырт көтергендер де болды, бірақ ондай нәрсенің барлығына шыдаммен, ұстамдылықпен қарауымызға тура келді. Құдайға шүкір, театрымыз көрерменімен қауышатын кезде қуандық. Бірақ көрерменнің саны шектеулі болғандықтан, қиындық та туды. Өткен сенбі күні «Үйлену» спектаклін ойнадық, араға 1 жыл салып сахналаныпты. Біз де, көрермен де сағынып қалыпты, сахнадан жібермей қол шапалақтап ұзақ тұрды. Осы секілді 1 жылдан аса сахналанбаған үлкен, ауқымды спектакльдер де баршылық.

Ал жеке өзіме карантиннің үйреткен дүниелері көп болды. Қазір жасымыз 50-ге келіп қалды ғой, осы уақытта түйгенім - адам әр жағдайдан ой түйіп, көп нәрсеге үйренеді. Карантин бізді сабырлыққа үйретті. Бір-бірімізге телефонмен көңіл айтуға дейін барғанымыз менің есімнен кетпейді. Біздің қай салтымызда телефонмен көңіл айту деген болды? Бірақ амал жоқ болды, осының өзі адамды өзін-өзі тоқтатуға, сабырлыққа келуге үйретті. Сосын соңғы жылдары астамшылдықтың көбейіп кеткен еді, карантин кезінде тойдың азайғаны мені қуантады. Өйткені біз асыра сілтеп кеттік, мысалы тойханалардың ішіне дәу лимузинмен кішкентай баланы тұсаукесерге кіргізеді, сол үшін миллиардтап ақша шығарады. Кейінгі кезде тойға барғым да келмейтін болған. Айтылатын тілек те, тамада да, қойылатын музыкалардың барлығы бірдей бір стандартқа түсіп алған. Бұл халықты шаршатты. Осы мәселеге тоқтау қойғаны жақсы болған шығар деп ойлаймын. Әрине, қазақ - тойшыл халық, қуаныш тойлануы керек бірақ өз орнымен, өзінің жөнімен, бабымен болғаны дұрыс.


Қарашаш Есенбай: Той демекші, актерлар болсын, шоу-бизнес өкілдері болсын барлығы табысты тойдан табады ғой. Осыған көзқарасыңыз қалай? Бұл кәсібилікті төмендетпей ме?


Дулыға Ақмолда: Тойда тамада болғанның айыбы жоқ. Актер болғаннан кейін жан-жақты болуы керек. Тамадалық деген актер үшін қиын шаруа емес, бірақ оның қалай атқарып жүргені маңызды. Осы мәселеге келгенде актер өзінің профессиясы мен тамадалықты шатастырып алуына болмайды.


Қарашаш Есенбай: Бұрынғы сұқбаттарыңыздың көбін оқып, көріп шықтым. Сонда «1-2 кадрға түсіп, өздерін актер санайтындарға» қарныңыз ашатынын жиі айтады екенсіз. Карантинде байқасаңыз видео-вайн түсіріп, өздерін актер сезінетіндер көбейіп кетті. Бұл аудиторияның сапасын түсіруге әсер етеді деп ойлаймын, осы ретте кәсіби актерлар қандай күрестер жүргізуі керек?


Дулыға Ақмолда: Вайн түсірсе, түсіре берсін. Оған шек қоюға біздің құқымыз жоқ. Неғұрлым көп түсірілсе, соғұрлым бәсекелестік болады. Соның ішінен халық таңдағанын көреді. Заманның қозғалысы солай!

Қазір кинода жүрген актерларымыздың сөйлеу мәнері де, қылығы да (жест) «америкалық жестқа» кетіп бара жатыр. Өзіміздің қазақи тіл, мәнер деген дүниелер басқа жаққа ауысып бара жатқандай. Өйткені күндіз-түні көрсетіліп жатқан америкалық кинолар ғой.

Пікірімде жаңағы 1-2 сериалға түсіп өзін актер санап жүргендердің беттеріне де айтамын. Олардың актерміз деуге құқы жоқ! Актер деген сөздің қадіріне бару керек! Біз айтпасақ, біз көтермесек қалай болады? Өзіміз 4 жыл оқыдық, диплом алдық, қызыл диплом алу үшін еңбектендік. Актердік профессия - үлкен профессия. Сондықтан мен өзімнің профессиямның жақтаушысымын, қорғаушысымын!


Қарашаш Есенбай: Сіз туралы, сыншы Әсия Бақдәулеттің «Дулыға жайлы айтқанда шын өнер жайлы, биіктік пен тереңдік жайлы айтқың келеді» деген екен. Өзіңіз үшін биіктік пен тереңдік өлшемі қандай?


Дулыға Ақмолда: Бұл пікірі үшін Әсияға рақмет! Әрине, биіктік пен тереңдік деген актер үшін жасап жатқан образының биіктігі. Ал ол биіктік, тереңдік деген қай жақтан келеді? Алла Тағала сізге талант беруі мүмкін, бойыңызға дарытуы мүмкін бірақ тек талантпен қашанғы жүресіз, қашанғы күнелтесіз? Талантты шыңдау керек, ол актер үшін қиын жұмыс. Мысалы қобызшының инструменті – қобыз, ол соны баптап тұрады, ал актердің инструменті – өзі. Өзінің жан жүрегі, тербіренісі, тіл тазалығы. Ішкі жан дүниесі мен физикасы екеуі бірін-бірі тастамауы керек. Әріптестеріміз 30-40 жастан асқан соң семіріп кетеді, табиғаты сондай болуы мүмкін. Бірақ, мықты актерлар күресіп, өзін формада ұстауы керек. Ал психологиялық жан-дүниесін дамытуы үшін өмірі ізденісте болуы, кітап оқығаны жөн. Әдебиет оқымаған актер, актер емес! Өйткені әдебиет қана актерді тереңдетеді, ішкі жан-дүниеңді, рухыңды рухани байытады.

Менің үнемі айтатыным, баяғыны айтып қайталай бермей, өзгеруіміз, өзіміздің мектебімізді қалыптастыруымыз керек. Сахнада сөз емес, ой айтылуы керек. Театрда ой айтуға көшетін уақыт келді. «Көрермен түсінбейді, оған деңгейі жетпейді» деген сылтауды қою керек. Керісінше, қазір актерлардан гөрі көрермендердің деңгейі көтеріліп кеткен секілді. Сондықтан да терең дүниелер мен жеңіл нәрсенінің өзінде үлкен философиялық ой тастайтындай дәрежеге жетуіміз керек.


Қарашаш Есенбай: Театр көрерменге ой жеткізуі керек. Өзіңіз гастрольдерде көп жүресіз, аймақтағы театрлардың күйімен де таныссыз ғой. Cондағы театрлардың қауқары көрерменге ой жеткізуге жете ме?


Дулыға Ақмолда: Өзіңіз айтқандай, аймақтық театрларда кәсіби деңгейдегі актерлар аз. Өнер академиясында жыл сайын қаншама актерлар бітіреді. Бірақ аймақтық театрларда жалақы аз болғандықтан, тұрғын үй жағы да қиын болғандықтан кәсіби мамандар бара бермейді. Оның орнына қалада той басқарса да күн көре алады. Аймақтық театрлар көбінде тума таланттар мен колледж бітіргендерді, бойында өнері бардың бәрін тартып еңбек етіп жатыр. Оларға біз «Рақмет!» айтуымыз керек. Қолдарынан келгенше театр өнері арқылы халыққа рухани бірдеңке сыйлайық деп жүр. Бұл да ерлік!

Өткен жылы ғана Ақсуатқа бардым, сонда Бейбіт деген әріптесіміз Астанадағы бүкіл репертуарларын тастап, өзінің ауылынан «Қамшы» деген атаумен кішкентай балалар театрын ашқан. Бір жылдық мерейтойына барып, көзіммен көріп қайттым. Міне, еңбек деп соны айту керек. Ауылдың тұрғындары «Баяғыда балаларымыз төбелестен қолы босамайтын, қазір мына Бейбіттің театрынан қолдары босамай жүр» деп мәз болып жатыр. Тек театрға келетін балаларға «намаз оқуы керек» деген шарты бар екен. Осы арқылы балаларды сабырлыққа, ізгілікке шақырып отыр. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін бірлестіре қойған қойылымдарын көргенде риза болдық.



Қарашаш Есенбай: Өзіңізге де туған жерден сондай ұсыныстар болған ба еді?


Дулыға Ақмолда: Біздің ауыл дамыған, өнерлі ауыл. Бірақ ондай ұсыныс болған жоқ. Дегенмен өзімнің ойымда бар. Ауылда мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Бұрындары «Халық театры» болған еді, соны жандандырып, қолымнан келгенше өнер ұжымдарына қолғабыс тигізгім келеді.


Қарашаш Есенбай: Сол арманыңызға жетуіңізге тілектеспін! Қазір актерлардан бөлек режиссер мен продюссерлер де кәсіби білім алмай, шоу-бизнестегі тәжірбисімен өздерін сол салада сынап жүр. Осы коммерциялық фильмдерді қаншалықты бақылап отырасыз, қандай ойдасыз?


Дулыға Ақмолда: Түсіру немесе түсірмеу керек деп айтуға болмайды. Әнші ма, актер ма қолынан келсе түсірсін, бәрібір оның бағасын беретін халық. Қалай болғанда да кәсіби деңгейдегі фильмдер өз деңгейін сақтап қалады. Қазір сапасыз фильмдердің көбейіп кеткені рас, олар бүгін бар, ертең жоқ. Ал сценарий жазылуы бөлек, режиссер мен актерлік жұмыстың кәсібилігі, суретші мен композитордың еңбектері үйлескен туындылар көрермен жадында қалады.

Әрине, жарнамалау жағына келген кезде коммерциялық кино түсіретіндер оқ бойы озық. Олардың бұл еңбегін айту керек, ал бұл мәселеде «Қазақфильм» «тормоз»! Неге десеңіз, жап-жақсы көркем фильмдер түсіріледі, бірақ соны жарнамалау мәселесіне келген кезде тым-тырыс. Мысалы 3-4 жыл бұрын «Оралман» деген фильм шықты, соның фестивальға кеткенін де білмейді екенмін. Оның кинофестивалден Гран-при алғанын білмеппін, оны «Қазақфильмдегілердің» өздері де дұрыс білмейді. Қараңызшы, неткен жауапсыздық!

Тағы бірде Қазан қаласында дүниежүзілік мұсылмандар фильмінің фестивалі өткенде, мен «Ең үздік ер адам рөлін» алыппын. Мұны маған сондағы ұйымдастырушылар хабарласып айтқанда, таң қалдым. Олар Қазақстанға өзіміз алып барып, марапаттаймыз деді. Өйткені біздің елден ол шараға ешкім бармаған.


Қарашаш Есенбай: Актердің бағын ашатын - режиссер, тандем болған кезде ғана ғажап дүние шығады. Өткен аптада актриса Жәудір Сарыпбековамен сұқбаттасқанымда ол кісі бізде актерлар көп болғанымен, мықты режиссерлердің аз екенін айтты. Осы пікірмен келісесіз бе?


Дулыға Ақмолда: Әрине, режиссер мен актердің байланысы маңызды. Осы уақытқа дейін кинода да, театрда да жұмыс істедім. Әр режиссердің орны бөлек, әр бірінің қолтаңбасы бөлек. Ең бастысы - актер мен режиссер бірімен-бірі тіл табысып, ұғынысу керек. Ал енді тілдерін түсінбей, бірдеңені қиналып шығаруды өнер деп есептемеймін. Өзім алдымен сценарийге мән беріп, одан кейін режиссермен сөйлесу арқылы оның және өзімнің көзқарастарымды салыстыра, ақылдаса отырып рөлді шығарамын. Жұмыс істегеннен кейін адам рахаттанып жұмыс істеуі керек қой.

Ал актрисаның пікірімен келіспеймін! Керісінше бізде режиссура дамып келе жатыр. Аридаш, Жұлдызбек, Фархаттар, Атырауда Гүлназ бар. Осы сияқты айта берсек талантты режиссерлер жетердік. Бірақ жаппай барлық театрда мықты режиссерлер болуы да мүмкін емес.

Бір кездері драматургия кенжелеп қалған еді, қазір ол да дамып, жақсы драматургтер шығып жатыр. Әрбірінің өзіндік стилі, қолтаңбасы бар, бір-бірінен өтетін еңбектері бар.


Қарашаш Есенбай: Қазіргі режиссер мен драматургтердің қолтаңбасы тіпті басқа. Осы тұрғыда олардың туындылары үшін аға буынмен арада түсініспеушілік болатын кездер бар ма?


Дулыға Ақмолда: Әрине, ондай кездер болады. Бірақ театр сондай жаңашылдығымен театр болуы керек. Мен ол үшін қуанамын! Бір сарынға түсіп алып, «дәстүрімізді ұстанатын театр болуымыз керек» дегенге қарсымын! Дәстүрлі театр қай кезде болады, ол өзінің дәстүрін ұстана отырып, жаңашылдықтан қашпаған кезде болады! Әр кезеңнің өз көрермені болады, біз өз заманамыздың көрерменін ұстап тұруымыз керек. Театр жылда емес, күнде өзгеруі керек.


Қарашаш Есенбай: Өзіңізді режиссер ретінде байқап көруге қарсы сияқтысыз. Неге?


Дулыға Ақмолда: Осы сұрақ маған жиі қойылады. Дайын емес те шығармын, бір жағынан құлшынысым да жоқ! Одан басқа да шаруаларым көп (күліп). Бірақ мен кез келген нәрсеге дайындықпен келгенді жақсы көремін. Әйтпесе, бірдеңені жамап, өзіңнің авторитетіңді пайдаланып қоя салуға да болады. Бірақ ол кімге керек? Біріншіден, өзіме керек емес! Ал өзіме керек еместің, өзгеге не керегі бар?




Қарашаш Есенбай: Авторитетін пайдаланатындар бар ғой, өзіңізге де солай еткендер болды ма?


Дулыға Ақмолда: Болады! Кейдегі өнердегі жігіттердің танымалдылығын пайдаланып, сол танымалдылыққа, атаққа мініп алып, түсе алмай жүретіндер болады. Оларды жоқ дей алмаймын! Кейде даусы жуындап, қолының ұшын беретіндер бар. Бірақ жаңа айтқанымдай, ол кімге керек? Мен үшін бұл күлкілі және рухани төмендеу деп қараймын.


Қарашаш Есенбай: Кімге керек дегенді жиі айтып отырғаныңыз, сіздің дүниелік жағдайларға назар аудармайтыныңызды білдірсе керек-ті. Ал, дәл қазір Дулыға Ақмолдаға не керек?


Дулыға Ақмолда: (Күліп) Керек сөзінің мағынасы да кең ғой. Адамның керегі бітпейді. Өзіме ең бастысы жан саулығы мен тәннің саулығы керек. Сосын ұрпағымыздың болашағының жарқын болуы керек. Жас ұрпақтың қажеттілігін қанағаттандыра алатындай қоғам керек!


Қарашаш Есенбай: Сол керектеріңіздің келуіне тілектеспін! Сұқбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет!