Гүлмира Ізбасханова: "Мақсатыңа жету үшін жаныңдағы үрген иттерге мəн берме"

0
16 599

«Ән айтсаң жаныңды жеп айтасың»​​ деген керемет сөз оның болмасын сипаттағанда дөп келетін сияқты.


Гүлмира Ізбасханова:

«Ән айтсаң жаныңды жеп айтасың» деген керемет сөз оның болмасын сипаттағанда дөп келетін сияқты. Өзінің ерекше стилі, дауысы, образы арқылы көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Гүлмира Ізбасхановамен телефон арқылы тілдескен едік.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Гүлмира! Кешкісін хабарласқанымызда түсірілімге кетіп бара жатқаныңызды айттыңыз, құпия болмаса қандай түсірілімдерге қатысып жүрсіз. Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

Гүлмира Ізбасханова: Ол уақытта "Евразия" арнасындағы "Пендеміз ғой" деген түсірілімге кетіп бара жатқанбыз. Осы кеше ғана "Құрақ көрпе" деген бағдарламаның түсіріліміне түстік. Одан өзге өздеріңіз білетіндей "Ана мен балаға", "Таңғы хабарға", "Ұмытылмас әндер" сияқты бағдарламаларға шықтым.

Қарашаш Есенбай: Гүлмира, сізді "Қазақстан даусында" халық əндерінің жанашыры ретінде көріп едік, қазір мүлде басқа бағытқа кеткен сияқтысыз. Стильді өзгертуге не себеп болды?

Гүлмира Ізбасханова: "Қазақстан даусында" тек мен өзімді терме айтатын жағымнан көрсеттім бірақ әр әнші әр жанрда өлең айтуы керек қой. Сондықтан әр түрлі жанрда көретін боласыздар. Стилім өзгертуге қатысты, өзіме спорттық үлгідегі киімдер қатты ұнайды. Әрине, көйлектер де киемін. Бірақ фотосессия, той сияқты жиындарда анда-санда. Бірақ көбінесе спорттық стильді қатты жақсы көремін.

Қарашаш Есенбай: Әлеуметтік желіде қарасақ, анаңыз екеуіңіз үнемі бірге жүресіздер. Отбасыңыздың басқа мүшелері туралы да айтып берсеңіз.

Гүлмира Ізбасханова: Негізі үйде әкем, 2 әпкем мен ағам, жалпы бәріміз өлең айтамыз. Бірақ көбіне анам екеуміздің дауысымыз жақсы келеді. Сондықтан мамаммен өлең айтамын.

Қарашаш Есенбай: Желі де байқасақ, сіздің киіну стиліңізге қатысты теріс пікірлер көп екен. "Ұл сияқты киінбе", "Нəзіктеу болсайшы" деген сияқты пікірлерді қалай қабылдайсыз? Жəне оларға қандай уəж айтасыз?

Гүлмира Ізбасханова: Иә, маған көбінесе теріс пікірлер көп жазады. Бірақ мен оларға көбінде мән бермеймін. Себебі маған қалай ыңғайлы солай жүргім келеді. .Әрине "Сын түзелмей, мін түзелмейді" демей ме, олардың да сөздерінің кей кезде жаны бар. Бірақ қатты кетіп қалатындары болады. Сонда да мән бермеуге тырысамын. Көбінесе мән бермей, керісінше оларға "Рақмет, Алла разы болсын" деп тілек айтып, лайк басып кетемін.


Қарашаш Есенбай: Бір жазбаңызда "Мақсатыңа жету үшін жаныңдағы үрген иттерге мəн берме" депсіз. Шыныңызды айтыңызшы, жаныңызда солай "үретіндер" көп пе? Оларды қалай жеңесіз?

Гүлмира Ізбасханова: І-і-і... енді жұмыс істеп жатқан адамдарға қарап тұрып "мынаның мына жерін бүйтіп жіберсей, мына жерін өйтіп жіберсей" деген ең оңай жұмыс қой. Енді "үрген иттерге" деп теріс оймен пікірге жазған жоқпын. Жай өзімнің мақсатымды айқындау үшін солай жазған болатынмын. Ол біреуге нақты айтылды деген сөз емес.

Қарашаш Есенбай: Енді жеке өміріңізге қарай ойыссақ, "Қыз жүрегі ешқашан бос болмайды" деп жатады, қалауыңыз түскен адам бар ма?

Гүлмира Ізбасханова: Менің жүрегім бос, білмеймін әзірге жүрек "өнер" деп соғады (күліп). Менің өнеріме қарсы келмейтін жан болатын болса... Бұйыртса, бәрі Алланың қалауымен бұйыртқан күні ғой.

Қарашаш Есенбай: Қыз баласының қай кезде тұрмыс құрғаны дұрыс деп ойлайсыз?

Гүлмира Ізбасханова: Енді мына күні деп айта алмаймын. Бәрін пешенеңе жазып қоятын Алла Тағала! Сондықтан бұл сұраққа осылай жауап берейін, "Алла бұйыртқан күні" шыққаны дұрыс.

Қарашаш Есенбай: Шығармашылығыңыздағы жоспарлармен бөліссеңіз...

Гүлмира Ізбасханова: Құдай қаласа алда бір жақсы жоба бар. Бірақ әлі оны нақты мына күні, мынандай жерде дегп айтқан жоқ. Дегенмен бір жақсы жобаға қатысамын, мені сол кезде тамашалай аласыздар, бұйыртса!

Қарашаш Есенбай: Ендеше, сізді тағы бір жаңа қырыңыздан көреміз деп үміттенемін! Ісіңізге табыс пен береке тілеймін!

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ.