Гүлзат Көбек: "Көрінген жерден таныс пен табыс іздейтін маман емеспін!"

0
8 623

Гүлзат Көбек - кинотанушы, PhD доктор.


Гүлзат Көбек:

Қарашаш Есенбай: Гүлзат ханым, сізді шығармашылықтағы жаңа белесіңізбен құттықтаймын! Жақында «Ашық көрсетілім» бағдарламасына жүргізуші болып келдіңіз. Сіздің карьераңыздың басы сол телевизиядан басталғанын білемін. Ол кезде жиырмаға толмаған студент тележүргізуші мен қазір қырықтан асқан киносыншы тележүргізушінің қандай айырмашылықтарын байқадыңыз?


Гүлзат Көбек: Көп рахмет! Иә, 18 жасымнан, 1 курстан бастап диплом алғанға дейін, оқуыммен қатар «Қазақстан» ұлттық телеарнасында жүргізуші болып жұмыс істедім. Үлкен зиялы ортада тәжірибе жинадым. Біздің жобаға тұрақты әділ қазылық жасаған, кеңесші ретінде ықпалдасқан өнер саласының майталмандары Жарасқан Әбдіраш, Несіпбек Айтұлы, Шөмішбай Сариев, Мадина Ералиева, Ержан Белғозиевтардың жанында тәлім мектебінен өттім.

1998 жылдары көптеген әншілердің шоу-бизнеске дейінгі өнердегі алғашқы қадамдарының куәгері болдым.

Басты айырмашылық – есейдік, кино саласының кәсіби маманымыз, өмірден тәжірибе жинадық.


Қарашаш Есенбай: Осы кезге дейін өзіңіз сол бағдарламада қонақ болып келіп жүр едіңіз ғой. Ал ұсыныс қалай болды? Келісуге не түрткі болды?


Гүлзат Көбек: Кино саласына арналған танымдық бағыттағы бағдарламалар санаулы.

Қазақ киносын насихаттайтын Ел арнадағы «Ашық көрсетілім» және әлемдік кинематографтың жауһарларына арналған Абай телеарнасындағы «Соңғы муза» жобасы бар.

Кәсіби кинотанушы маманы ретінде бұл жобаларға қолдау көрсетуге міндеттіміз деп есептеймін. Сол үшін үнемі қонақ, сарапшы ретінде тұрақты түрде атсалысып отырдық.

Ұсыныс жобаның алдыңғы маусымында түскен болатын. Жобаның продюсері, түсірілім тобындағы ұжым бірауыздан менің жүргізушілікке келуімді қалады.

Келісуіме басты себеп, өз саламды насихаттайтын жобаға қолдау көрсету, жауапкершілік көтеруден қашпау болды.


Қарашаш Есенбай: Әр саланың өз маманы бағдарлама жүргізуі батыс елдерінде бұрыннан бар дүние. Бұл өз кезегінде тақырыптың ашылуына өзіндік ықпал ететін шығар деп ойлаймын. Одан өзге қандай айырмашылықтары мен артықшылықтарын атар едіңіз?


Гүлзат Көбек: Хаос қандай жағдайда болады?! Әр нәрсе өз орнында тұрмағанда. Әр саланың кәсіби маманы өзіне тиесілі рөлді өзі атқаруға міндетті.

Кинотану саласына арнайы оқыдық. Біз ол әлемнің тілін түсінеміз. Табиғатын басқа мамандардан артық білеміз.

«Ашық көрсетілімнің» орысша нұсқасын бұрыннан тұрақты түрде белгілі кәсіби кинотанушы Гүлнар Абикеева жүргізеді. Қазақшасына қайта мені, өз маманын кеш шақырды деп есептеймін.



Қарашаш Есенбай: Бізде керісінше білесіз, журналист емес тележүргізушілерді сынға алады. Осы ретте киносыншы журналисттердің сынына түсіп қаламын деп ойламай ма?


Гүлзат Көбек: Менің кинотанудың алдындағы мамандығым автор-жүргізуші. Телевизия саласында жүруге заңдық құқым бар. Бұл - бірінші. Екіншіден, кинотанушы-редактор мамандығында бізді журналисттерден артық оқытпаса, кем оқытпайды. Біздің өнер философиясы бағытындағы танымдық біліміміз терең.

Үшіншіден, мен аспазшылыққа арналған бағдарламаны жүргізуге келіп отырғаным жоқ. Кино саласына арналған танымдық бағдарламаның тізгінін ұстауға кәсіби маман ретінде толық құқым бар.

Мен сіз айтып отырған кейіпкерлер сияқты көрінген жерден табыс, таныс іздеп, тек жұмыс берсе, тұрақты жалақы төлесе болды деп келісе беретін мамандардың қатарынан емеспін. Сыншыны сынау үшін де күш керек.


Қарашаш Есенбай: Жалпы бұл бағдарламаның тақырыбы – кино. Бұл сізден алшақ дүние емес. Ал көрермен деңгейі киноға сын айтуға, бірге талқылауға қаншалықты жетеді?


Гүлзат Көбек: Көрермен фильмді көруге және әсерленуге ғана міндетті. Онан ешкім кәсіби баға талап етпейді. Жеке пікірін экраннан тыс өз ортасында ғана талқылай алады.

«Ашық көрсетілім» бағдарламасы – белгілі бір фильмді кәсіби мамандармен талдап, идеясын көрерменге түсіндіріп, ашып беру. Бағдарламадан кейін сол фильмнің көрсетілімі жүреді. Осы екі процестен кейін көрермен өзі үшін ой түйеді. Дүниетанымы кеңейеді. Танымдық рөл атқарады. Бағдарламаның атқаратын басты миссиясы осы.