«Иә, маған қиын болды»: Баян Есентаева бірінші күйеуі туралы 6 жылдан кейін ашық сұхбат берді

0
3 007

«22 жыл бұрын мәдени шок алдым»


«Иә, маған қиын болды»: Баян Есентаева бірінші күйеуі туралы 6 жылдан кейін ашық сұхбат берді

суреттер harpersbazaar.kz сайтынан, түсірген АНДРЕЙ НИКОЛЬСКИЙ

Баян Алагөзова Harper’s BAZAAR Kazakhstan порталының журналисі Эльмира Колмаковаға берген эксклюзивті сұхбатында жаңа Қазақстанды қалай елестетінін, эйджизм мен оның айналасындағыстереотиптер, күйеуінің тартып алынған кәсібі, сонымен қатар бірінші күйеуі туралы және өткен алты жылда бұрынғы күйеуімен алғашқы тілдесуі хақында әңгімелеп берді.



Мен сізді алдымен әже болуыңызбен, бірінші немере қызыңыздың дүние есігін ашуыңызбен құттықтағым келеді. Осы жаңа амплуаңызда өзіңізді қалай сезінесіз? Жеке басыңызда қандай да бір өзгерістер болды ма?

– Мен осы тұңғыш немере туғанда адам бірнәрсе сезінеді дегендей стереотиптерді жоққа шығарғым келеді. Шынтуайтында нәресте тым кішкентай кезінде сен ешнәрсе де сезінбейсің. Иә, алғашында менде де сондай ойлар болған: «Менде нендей өзгерістер бар? Бәлкім, мен басқа адамға айналған шығармын?» деген сияқты. Сөйтсем, жоқ, ешнәрсе де өзгермепті, мен сол баяғы Баянмын. Бір байқағаным, күн өткен сайын немереңнің өсіп, әке-шешесін тани бастағанын, күлімдеп, дыбыстар шығара бастағанын еріксіз бақылааап жүреді екенсің. Сөйтесің де, сенің өміріңде еш алғаусыз, еш қайтарымсыз жақсы көретін тағы бір жақын адамың пайда болғанын ұғынады екенсің. Сонымен бірге ол ең таза, ең керемет, ең әдемі, ең ақылды және талантты сияқты көрініп тұрады екен.

Мен әлі де немеренің дүниеге келуі нені өзгертетінін түсінуге тырысып жатырмын. Шын мәнінде жауапкершілік жүгі қандай ауыр болса, уайым да көп. Өйткені, бұрын өзіңнің екі балаңды ғана уайымдасаң, енді олар үшеу болды. Күн сайын қоңырау шаласың, жағдайларын сұрайсың, «Бәрі жақсы ма?» деп педиатрға барған-бармағанын біліп отырасың, т.с.с. Яғни, қамқорлық, жанашырлық, алаңдау және жауапкершілік одан да арта түседі. Ал бұрынғыдан есейіп, дана бола бастайсың дегенге келсек, онда немерелер сенің ішкі күйіңді, интеллектің, өмірге көзқарасыңды өзгертпейді. Ақымақ болып туылсаң, ақымақ болып өлетінің ақиқат. Сондықтан, адамның жасы саналы және ақылды етпейді. Мен де бұрын жас ұлғайған сайын ақыл кіреді деп ойлаушы едім, сөйтсем, даналық ол өзіңнің басыңда, өз ақылың болса кез келген жаста шешім қабылдай береді екенсің ғой.


– Сондай-ақ немереңді өз балаңнан артық жақсы көресің деген де стереотип бар. Осымен келісесіз бе?

– Білмеймін. Бұл да мен туралы емес. Мен өз балаларымды қатты жақсы көремін және немере – сенің балаңның баласы, сондықтан ол бірінші кезектеата-анасының махаббатына бөленуі керек. Мен бұл тұрғыда ешқандай кедергі болғым келмейді. Яғни мен Айсәуленің үйіне жиі бара бермеймін. Олардың отбасының микрофлорасын бұзғым келмейді. Сондай-ақ сәбидің жан-жақтан туыстардың араласуынсыз, толыққанды дені сау отбасында өскенін қалаймын. Менің түсінігімде әже деген өте жағымды, құтты қонақ. Иә, бәлкім мен қателесетін шығармын. Бірақ, мен немеремнің тәрбиесіне не оның өмірлік моральды құндылықтарына жауапкершілік алғым келмейді. Оның бәрін ең алдымен ата-анасы беруі керек. Мен ол үйге шақырған кезде ғана қонақ болып барып тұрамын.


Instagram парақшаңызда «Әже болған қандай екен?» деген сияқты жиі сұрайды, ал мен «Керемет, тек белдемшем қысқарған жоқ және қысқармайды да» деп жаздыңыз…

– Дене бітімім қысқа белдемшеде өзімді жайлы сезінуге мүмкіндік беріп тұрған кезде солай істегенімді тоқтатпаймын. Ал мен қысқа белдемшемен өзімді өте жайлы сезінемін. Мейлі немере қызымның не тағы да үш ұлдың дүниеге келуі (Құдай берсін деп тілеймін) менің киіміме еш әсерін бермейді. Мұнымды дұрыс деп есептеймін. «Сен енді әже болдың ғой. Әлі қысқа белдемшеде жүрсің» деген сияқты әңгімелерді мүлдем ұқпаймын. Сонда логика қайда? Сен де дәл сол немерең сияқты өз алдыңа жеке адамсың ғой.

Менің анам қысқа белдемше киген, бірақ, оны ешкім сынаған жоқ. Әжем ернін ашық далаппен бояған, оны да ешкім елемеген. Ал қазір бәрі өзгерді.

Осы өзгелердің пікіріне тәуелділік деген мүлдем дұрыс емес, меніңше. Иә, белгілі бір дәрежеде әдептілік нормаларын сақтау керек, мысалы төсіңді ашып көрсетпеу керек дегендей. Ал егер сенің төсің көз тартарлықтай болса, онда неге сен өзің мүлдем танымайтын адамдардың айтқанымен өмір сүріп, солар айтқандай киінуің керек?!

Дәл осы нәрсе маған әсер етпейді, ойландырмайды да. Себебі, мен солай ойлайтын және жазатын адамдардың өздері сәтсіздікке ұшыраған, өзін-өзі жақсы көрмейтін жандар екенін жақсы түсінемін.

– Ал сіз қазақ қоғамында адамдар бір-бірінің жеке шекарасын құрметтеп, сыйлап үйренетін күн туады деп ойлайсыз ба? Ондайлардың тілі мен қолы әсіресе әлеуметтік желілердің пайда болғанынан кейін еселеп өсіп кетті…

– Мен ондай уақыт ешқашан тумайды деп ойлаймын. Себебі, осы уақытқа дейін төмен ойлайтындармен қатар интеллигенция да қатар жүрген. Қоғам ұдайы оқымағандар мен оқығандарға бөлініп отырады. Сіз маған қазіргі интеллигенцияның айнасы деп кімді көрсете аласыз? Бізде бүткіл интеллигенцияны жойып жіберді ғой. Бізде ғалым, жазушы деген жоқ, не біз олар туралы білмейміз. Қазіргі қоғамның бейнесі – ол, әлеуметтік желіде жұлдыз болғандар. Ал онда кім көрінген танымал бола алады. Бізде шындығын айтқанда дұрыс идеология да жоқ. Қазіргі идеология – әлеуметтік желілер. Егер жалаңаш омырауыңды көрсетсең, онда сен мықтысың. Мұның бәріне бізде рұқсат берілген. Мен мұны дұрыс емес демеймін. Өйткені, саналы және тәрбиелі адам ең жаман нәрседен жақсы нәрсе іліп алады. Ал ешнәрсе түсінбейтін адам ең жаман нәрселерді түртіп алады. Сол сияқты әлеуметтік желілерге тыйым салу туралы заң да екіұшты. Бір қарасаң жақсы сияқты. Екінші тұсында масқараға ұшыратып жатады. Тепе-теңдік жоқ. Біз оны жоғалтып алдық. Мүмкін әлеуметтік желілер болмай тұрғанда да тепе-теңдік деген бізде болмаған шығар.


– Сіз жаңа Қазақстанды қалай елестетесіз? Оның қандай болғанын қалайсыз?

– Әсілі мен еркін, демократиялық, дамыған капиталистік елдердің ең жақсы тұстарын алған болар едім. Мен Еуропа және көптеген өзге мемлекеттерге жиі саяхаттаймын. Әрине, ол жақта бәрі керемет деп айтуға болмайды, бірақ, біздікінен әлдеқайда жақсы. Сондықтан, демократия, сөз бостандығы, дамыған экономика, айналада бір-бірінің құқығын сыйлайтын кіл мәдениетті адамдар, аналар мен мүгедектерге барлық әлеуметтік себеттер үлестіріліп, барлық жағдайы жасалған болса деймін…

Мен Қазақстанды сүйемін. Өзімді осы жермен байланыстыранның бәрін жақсы көремін. Қанша жерден Францияда өзімді жайлы сезінгеніммен, мен үнемі өз жеріме асығып тұрамын. Өйткені, мен тек өзім үшін ғана емес, елім үшін де бірнәрсе тындыруым керек. Себебі, елімді шексіз сүйемін. Өзімді патриотпын деп нық сеніммен айта аламын, өз елімді не Ницца, не Лос-Анджелес, не басқа да бір елге айырбастамаймын. Иә, маған саяхаттаған ұнайды, сырттай бақылаймын, зерттеймін, өйткені, өз еліме жақсы нәрселерді алып келгім келеді.

Осыдан 22 жыл бұрын менің алғашқы шетелдік сапарым Кореяда болды. Сонда өзге елді зерттеуіме толықтай мүмкіндік берілді. Бізді миллионерлер көшесі – Gangnam Style-ға апарған кезде сол жерден иттерге арналған сұлулық салонын көрдім. Осыдан 20 жыл бұрын иттерге арналған салонды көрудегі әсерді елестете беріңіз. Сол жерде алдына әппақ итін ұстаған өте көрікті бір қыз отырды. Сол салонда бір адам әлгі иттің терісін кептіріп, екіншісі шашын сәндеп, тағы бірі тырнағын алып жатты. Ол жақтағы бір процедураның өзі шамамен 300 доллар тұрады екен. Менің қабылдауымда мұның бәрі сойқан болып көрінді, сол кезде миымда жарылыс болды деп айтсам да болады. Сөйтсем, ол иттің иесі Кореядағы ең танымал тележүргізуші екен. Ол телеарналардың бірінде танымал викториналық бағдарламаны жүргізеді екен. Ол миллондаған гонорар алады екен. Білесіз бе, сол кезде менде мәдени шок болып қана қойған жоқ, мен кәдімгідей депрессияға түсіп кеттім. Өйткені, сол уақытта өте танымал тележүргізуші болатынмын. Өз мемлекетімдегі мықты телеарналарда бағдарламалар жүргізіп айына 2000 доллар ғана жалақы алып жүрдім. Мен өмір сонымен тоқтайды, телевизиядағы ең жоғарғы жалақы сол деп ойлайтынмын. Сонда мен ой тұңғиығына батып кеттім. «Мен қай мемлекетте тудым? Ал егер Кореяда туғанымда ше? Ал егер мен викторина емес, Кореядан жеті есе үлкендік қылатын Қазақстандағыдай жәй ғана авторлық бағдарлама жүргізсем, менің гонорарым осындай болар ма еді?» деген ойлар маза бермеді. Терең депрессияға түскенім соншалық, үйге келген соң үш апта ешқайда шықпай жатып алдым. Бұл тіпті де көреалмаушылық емес, бұл Кореядағы әріптесімнің викторина жүргізіп сонша табатынын, өз итіне 300 долларға маникюр мен шаш үлгісін істетуге мүмкіндігінің мол екенін әріден ойланған кәсіби маманның мәдени депрессиясы болды.


– Баян Мақсатқызы, әлеуметтік желіде белгілі кланның қылмыстары туралы батыл мәлімдеме жасадыңыз. Тіпті, олардың атын атап, түсін түстедіңіз. Бұл көптеген қазақстандықты сүйсіндірді. Өйткені, біздің қоғамда әйелдерден мұндай батылдықты ешкім күтпесі анық. Сізді кәсіби орта жақсы біледі, жалпы бала кезіңізден медианың адамы болғандықтан, мінезіңіздің қаншалықты қайратты екенін түсінемін, алайда соншалық батылдығыңыз тәнті етпей қоймады. Қорқынышты болмады ма?

– Иә, біраз еркектердің: «Еркектердің қолынан келмейтін нәрсеге қалай бардыңыз?» деп сұрап жатқаны мені таңғалдырды. Ал мен шындықты айтқанды жақсы көремін. Шынымды айтсам, сонымнан көөөп опық жеймін де. Қанша жерден турашыл болмай-ақ қояйыншы десем де, бәрібір бетке айтып тастаймын. Күйеуім темір жол сияқты тұп-турасың деп айтады. Өмірімде Тұрсынның пайда болуымен сәл жұмсарғандаймын, бірақ.

Оған бір қытай философиясы қатты әсер етті. Тұрсынғали Қытайда ұзақ уақыт тұрды, сол жақтың білімін алды, қытайша сөйлейді. Ол мені көп нәрсеге үйретті. «Ешқашан есікті тарс жаппа! Қандай жағдайда да келісімге келуге болады. Терезені ашық қалдыр. Ашуланған кезде шешім қабылдама» – оның басты кеңестерінің бірі осындай.

Білесіздер ме, мен сол мәселенің көпшілік алдына шығып кетпеуіне барынша тырыстым. Бірақ, соңғы есігім осы болды. Ол менің күйеуімнің тартып алған кәсібімен байланысты. Қанша шырылдасам да, мені ешкім тыңдамады. Сосынбар шындықты солай әлеуметтік желіде жариялауға мәжбүр болдым. Сондықтан адаммен диалог барысында оның не дейтінін тыңдау қажет. Ал мен өзімнің танымалдылығымды айттым, мені тыңдауларын өтіндім, мәселенің медиаға шығып кету мүмкіндігін ескерттім. Алайда мені тыңдамады, сол себепті мен ол кезде жеке басымның қауіпсіздігінен гөрі ақиқат пен әділдікті ғана ойладым.

– Ал қазір ше?

– Көріп тұрғаныңыздай мен сізге жалдауға мүмкіндігім жетсе де күзетсіз келіп тұрмын. Бұл әлемде Құдай бар және аққа Құдай жақ.


– …Сіздің басыңызда трагедиялық жағдай орын алған кезде бүткіл қоғам жағасын ұстағаны әлі есімде. Сіз оны түрмеге отырғызбауын, ешқандай жаза бермеуін сұрадыңыз, оны кешірдіңіз. Алайда оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. 2025 жылы бостандыққа шығады. Жақын арадағы сұхбатыңызда сіз онымен алғашқы кездесуіңізді отбасыңызбен бірге, Айсәуленің үйінде елестететініңізді айттыңыз. Ал сіз осы уақыт аралығында онымен бір рет те болсын сөйлестіңіз бе? Қазіргі жағдайы қандай екенін сұрадыңыз ба?

– Өткен алты жылда мен онымен мүлдем тілдеспедім. Экс күйеуіммен өткен аптада ғана сөйлестім. Бұл менің бастамам болды. Мен оны тыңдап, пікірін білгім келді, өйткені, балаларымның әкесі екенін тағы да қайталап айтпай-ақ қояйын. Мен оған: «Сен менің балаларымның әкесісің және солай қала бересің. Балалар үшін өзіңе деген алғысым шексіз» деп айттым.


– Ал ол сізбен қалай сөйлесті?

– Алты жылда көп жағдайлар бастан өтті. Иә, әрине, қазір бізді балалар мен немеремізден басқа ешнәрсе байланыстырмайды. Дәл осы эмоционалды салқындық сезілді. Бірақ, ол да өзін жақсы ұстады, дәл мен сияқты.


– Ал ол бостандыққа шыққанда бірнәрсе болады деп үрейленбейсіз бе?

– Білесіз бе, ертең мен үйден шығып, басыма кірпіш құлап кетуі мүмкін. Сондықтан, толықтай бұл әлемге, өмірге, Құдайға, әділеттілікке сенемін және бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Себебі, көп жыл бұрын оны өзім таңдадым. Ол адаммен 21 жыл бірге өмір сүрдім. Қазір келіп үлкен қателік жасадым деп айту әбестік болар еді. Жоқ, мен олай айта алмаймын. Олай айтпаймын да, өйткені, олай дегенім өтірік болар еді.

Өткен өмірін балаларының, өзінің, қоғамның алдында алып жүрген әйелдер ең алдымен өз-өзін сыйламайды. Өйткені, бұл сенің таңдауың, сен онымен сонша жыл өмір сүрдің. Мен ол адаммен бірге тұрдым, біздің жақсы естеліктеріміз көп. Иә, екеуміз жақсы балаларды тәрбиелеп өсірдік. Ал менің балаларым қайдан жақсы болып шықты? Күйеуім жаман да, одан туған балалар жақсы ма?! Олай болуы мүмкін емес. Балалар адекватты, толыққанды, анасының да, әкесінің де махаббатына қанып өскен. Мен осының бәрін жоққа шығара алмаймын. Бар мәселе күйеуімде емес, менде болды. Ол мені сүйді.


– Ал сіз ше, оны сүйдіңіз бе?

– Болды. Басқа жауап жоқ. Басқа ешқандай себеп те жоқ. Менде бәрі болды, бәрі аяғымның астында жатты. Гүлдер де, бриллианттар да, шубалар да, жақсы өмір де, көліктер де. Онымен бірге тұрғанда осының бәрі менде болды. Ол мені қолынан келгенше сүйді. Бар мәселе күйеуімде емес, менде. Сондықтан қазір бәрі сондай нашар болды деп айту… Жоқ… Бәрі де жақсы болды, тек әрбір әйел үшін ең маңызды эмоционалды жүрекке қатысты бөлігінен өзгесі. Мен махаббатты қаладым. Махаббатты қаладым ба? Мен оны алдым. Сондықтан бірге өмір сүрген жылдар мен тәжірибе үшін оған және сол уақыт аралығында мені қоршаған барша жандарға алғысым шексіз. Мен онымен тұрғанда тұлға ретінде және профессионал болып қалыптастым.


– Ол сізге рұқсат беретін бе еді?

– Мені бәрінен де «рұқсат берді ме?» деген сөз ашуландырады. Мен ішіп-жеуге болатын немесе болмайтын ит емеспін ғой. Мен мұның бәріне қарсымын. Мен жеке тұлғамын. Иә, өз еркіндігім үшін күрестім, иә, маған қиын болды. Иә, ол еркін болғанымды қаламады. Ол менің танымал болмауым үшін бәрін істеді. Ол әйел, ана, аспаз, қызмет көрсетуші әйелді қалады. Еркек қой. Алайда мен өз бостандығым мен жеке шекарамды қорғауыма тура келді. Иә, бұлай екі-үш жылға дейін жалғасты, оған менің жеке адам екенімді, ойлай алатынымды, идеяларым бар екенін, оларды жүзеге асырғым келетінін жеткізу үшін сонша уақыт кетті. Мен қарапайым журналист болып жұмыс істедім, кассеталарды тасыдым, мәтінін қағазға түсірдім. Саусақтарымның арасы көгеріп кеткенше жазатынмын, бірақ, сол сәт жаныма рахат сыйлайтын. Өйткені, осы мамандықты игеруім қажет болды. Ол маған бұл жолда кедергі болмады. Иә, ол мені қызғанды. Иә, ол маған қоңырау шалатын. Иә, келіспеушіліктер болып қалатын. Алайда мен өз дегенімнен қайтпадым, кәсіби маман ретінде, Есентаева болып қалыптастым. Мұның бәрін жоққа шығара алмаймын. Менде бұл фамилияға қатысты ешқандай аллергия жоқ. Онымен тұрған 21 жыл жұбайлық өмірді ғұмырымнан сызып тастай алмаймын ғой. Менің де кереметтей, жемісті, шығармашылыққа бай жылдарым болды. Көп жақсылықтар жасадым. Осының бәрі тек соның арқасы деп айта алмаймын. Бірақ, ол менің күйеуім болған кезде соның барлығы жүзеге асты. Менің қолымнан келді. Ол маған кедергі жасамады. Дегенмен көп адамдар оның арқасында деп айтып жатады. Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Адам біреудің арқасында профессионал бола алмайды. Олай болмайды. Сонымен қатар: «Ол әйелінің арқасында көтерілді» деп айтатындар да жетерлік. Жоқ. Егер кеудесінде басы бар адам алдына мақсат қойып, оған жеткісі келсе, қандай жағдайда да дегеніне жетеді. Әйелімен, әйелінсіз, күйеуімен, күйеуінсіз, ол бәрібір алға жылжуды көздейді, өйткені, ең алдымен өзі үшін қажет.


Сұхбатты аударған Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Көрермен көңілі қымбат»: Нұрболат Абдуллин концертінде сақинасын шешіп берді


«Кет, шеш!..»: Қалдыбек Құрманәлі журналистің сұрағын көтере алмай қалды