«Құрбым қолғап сыйлағанда қуаныштан секірдім»: OMABELLE брендінің дизайнерімен сұхбат

0
2 738

«Осы жылы күлгін түс трендте»


«Құрбым қолғап сыйлағанда қуаныштан секірдім»:  OMABELLE брендінің дизайнерімен сұхбат

Айдана Омарова Қазақстандағы №1 танымал OMABELLE отандық эксклюзивті киімдері мен тері брендінің акционері. Түркістан облысында туып-өскен шынашақтай ғана қазақтың қызы 28 жасында үлкен-үлкен жетістіктерге жетіп, дүйім елдің мақтанышына айналды. Осы жасына дейін әлемнің көптеген елдерінің дефилесінде Omabelle және «Aydana Omarova Couture» авторлық брендінің киім жиынтықтарын ұсынып үлгерді. Таяуда ғана бүкіләлемдік сән астанасы Парижде өткен сән апталығында отандық брендтер өте жоғары бағаланып, сұранысқа ие болды. Сән саласының кәсіпқойлары дебютантты жылы қабылдап, тіпті ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Оның жұмысын көрген шетелдіктер таңданыстарын жасырмады.

«Дәл қазір дизайнердің инстаграмын қарап отырмын, жұмысы керемет. Өте әдемі. Өзі өте дарынды екен», – дейді париждік радиожүргізуші Марсела Сантамарияда.


– Айдана, Түркістаннан Парижге дейінгі жүріп өткен жолдарға қайта бұрылып қарар болсаңыз, не көресіз?


– Алланың қалауымен барлығы дәл осылай болып жатыр деп ойлаймын. Аллаһ тағала берген талапты дамытып, еңбектеніп, ата-анамның үмітін ақтауға тырысу деп білемін. Кішкентайымнан өнерге жақын болдым, бөлмемде қолөнер бұйымдарын жасап, өлең шығарып, армандарымды жазып отыратын қыз болып өстім. Ата-анам еңбектенуді, адал жұмыс істеуді, талпынуды үйретті. Әкем кәсіпкер, анам өнердің адамы. Өнер мен кәсіпкерлік қасиеттерді ата-анамнан теңдей алдым деп ойлаймын. Түркістаннан Парижге дейін тынымсыз еңбек еттім, барлығын тез айтып беру мүмкін емес, алайда,«Өзін өзі жасау» әр адамның қолында деп білемін.


– Өзіңіз бір постыңызда «Қазір мен туралы әркім әр нәрсе айтып жүр. Бірақ, осынша игіліктің барлығы сізге бір күнде және оп-оңай келе салған жоқ қой. Астананың қарлы-боранды қысында жәй ғана жылы киім алуды армандаған қыз қазірде бүткіл әлемнің әйелдеріне киім үлгісін жасап жүр» деп жазыпсыз. Өткен күндердің өлмес естеліктерімен бөлісе отырсаңыз...


– Иә, 18 жасқа толғанда өзім жұмыс істеймін деп шешім қабылдаған болатынмын. Сол кезден бастап «Өмір» атты мектебім басталды.

Мектептен кейін журналист болғым келіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың грантына бірнеше балл жетпей қалып, кішкене күйзелісте болғанмын. Біріншіден, тек екі-ақ пәннің балын есептейді, сосын шығармашылық жұмысты бағалайды. Екіншіден, бір ғана университет пен бір ғана мамандық таңдауға рұқсат.

Менің балым басқа мамандыққа грантқа жетіп тұрса да, журналистиканы таңдадым. Алайда бірнеше балл жетпей, грантқа түсе алмадым. Университеттегілер шығармашылық жұмысымды жоғары бағалап, екінші курстан грантқа өткіземін деп қалуымды сұрады. Сонда грантқа қол жеткізе алмағаным үшін өз-өзімді қайрап, бір жағынан қатты көңілім түсіп, құжаттарымды алып кетіп қалдым.

Бірнеше уақыт өткен соң жоғарғы оқуға сырттай тапсырып, жұмыс істей бастадым. Қазақстанның көп қалаларында тұрып көруді шештім. Өзімді іздедім. Нұр-Сұлтанның суығында жұмысқа бара жатқан картина әлі көз алдымда. Қалың, жылы куртка киюді армандап, құрбым қолғап сыйлағанда қуаныштан секіріп жіберген кездерім болған. Бірақ іштегі армандарым «Айдана, берілме!» деп жатты.

Ең бастысы ниет қой, сол жылы киімді болуды және басқа адамдарға жылулықты беруді де армандадым. Сол кездерде көтере алатын сынақ беріп, осы күніме жеткізіп отырған Алланың құдіреті шексіз ғой.



– Туризм орталығы саналатын Дубай қаласында ұлттық нақыштағы киім үлгілері сатылатын дүкен аштыңыз. Араб Әмірліктеріндегі сауда-саттық қалай болып жатыр?


Ия, Алланың қалауымен 2021 жылы Дубайда «Aydana Omarova Couture» қазақы нақыштағы киімдер дүкіненін аштық. Мұны тек өзімнің ғана еңбегім деп айту әбестік болар, себебі осы және басқа жобаларға атсалысып жүрген біздің командамыздың еңбегі ересен. Сол үшін әрдайым «Біз» деп айтамын.


Дүкенімізді Global Villiage деген көрмеден аштық, әр елден келген туристер OMABELLE брендінің киімдерін, аяқ-киімі мен аксессуарларын алады. Араб Әмірлігінің азаматтарынан бөлек, Канада, Америка, Сауд Арабия, Европа елдерінің азаматтары да бізден киінеді.


Omabelle тондары қазақстандықтарға қаншалықты қолжетімді? Көбіне танымал тұлғалар мен өнер жұлдыздары алатын сияқты...


OMABELLE тондарын барлық адам ала алатындай мүмкіндік жасауға тырыстық. Басты мақсатымыз – жылы, жоғары сападағы тонды, сыртқы киімді тиімді бағада ұсыну. 2 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ барлық сатып алушыларға көптеген брендтік сыйлықтарымыз жетерлік.

Иә, әрине, бізде эксклюзивтік тапсырыстарды жиі аламыз. Тұтынушы жоғарғы бағадағы материалдар мен шикізатты қолдануды сұраса, қалағаны бойынша тігіп береміз. Жеке фабрикамызда кез келген үлгідегі арнайы тапсырыстарды да жасаймыз.

Өзімнің сән үлгіммен тігілген тондардың коллекциясын шығарып тұрамын. Аллаға шүкір, қазір Қазақстанның атақты және сүйікті азаматтары мен азаматшалары біздің өнімдерді таңдайды. OMABELLE-дің жоғары сапа мен әдемі тонын кім кигісі келмейді дейсіз?! (күліп)


– Айналаңызды шоу бизнес өкілдері, эстрада әншілері қоршап жүреді. Қазақстан шоу-бизнесінің неше пайызы сізден киінеді?


Мынанша пайызы киінеді деп айта алмаймын. Дизайндар ұнап жатса, келіп алады. Әрдайым тұтынушыларымыздың алған киімдері, тондары қайырлы және берекелі болсыншы деп тілеймін.

OMABELLE-ге барып, көптеген атақты адамдарды кездестіріп қаламын, танысып, дос ретінде арласуды ұнатамын. Біздің өнімімізді таңдап, өнерімді бағалап жатқаны мен үшін құрмет.



– Біздің елде отандық дизайнерлердің киімдері қымбаттау келеді. Неге?


Бізде қолжетімді баға деп санаймын. Мәселен, топиктер 10 000 теңгеден басталады, ал кардигандар 30 000 теңгеден жоғары. Көптің көңілінен шыққан шапанға ұқсас әдемі әрі жылы кардигандар 55 000 теңге. Кейде тігіп те үлгермей жатамыз. Себебі, халықтың көңілінен шыққан, ұдайы сұранысқа ие. Келушілер «киюге де, сыйлауға да таптырмас қазына» деп жатады.

Арнайы тапсырыс үшін қымбат материал мен тастарды қолданатын болсақ, бағасы да сәйкесінше қысмбаттау болады.

Жұмыскерлердің жалақысы бар, тігіншілеріміз, цехымыз көп көңіл бөлуді талап етеді.

Қазір қалыптасқан жағдайға байланысты барлық заттарға бағалар өсуде. Бірақ біз әлі бағаны көтермедік, алайда жіптеріміз бен материалдарымыз қымбаттап жатқанына байланысты бағаның өсуі әбден мүмкін. Алайда, қолжетімді етуге тырысамын.


– Биылғы көктем мен жаздың киім трендтері, түсі қандай болмақ? Жылдағыдан несімен айрықшаланады?


Осы жылы күлгін түс трендте. Лалагүлдің түсі маған қатты ұнайды, онымен қоса барлық ашық түстер: көгілдір, ақ, қызғылт, жасыл, сары, барлығы да өте ашық және стильді көрінеді. Осы барлық түстерді коллекциямда қолданамын.


– Сіз қайда жүрсеңіз, жолдасыңыз да сонда жүреді. Ол кісінің де кәсібі сәнге қатысты ма?


Жолдасыммен екеуміз бірнеше кәсіпті қатар жүргіземіз. Құдай қосқан қолдаушым, қорғаушым. Кәсіпті жүргізуді ең басында, жігіт-қыз болып кездесіп жүргенде үйреткен болатын. Кейін уақыт өте бірге жұмыс жасап бастадық.


– Ауылдағы қарапайым қазақтың қыз-келіншектері Omabelle-ден немесе «Aydana Omarova Couture»-дан киінгісі келеді, бірақ, қысқы жіп күрмеуге келмейді. Келешекте сол олқылықтың орнын толтыру үшін әйелдер қауымының сол бір тобына қандай ақыл-кеңес айтасыз?


– Адам өзі талпынып, осыған лайықтымын деп алмаса, басқа еш адам лайықты деп санамайды. Алладан кейін өзімізді қою керек дегенді біліп, өзіме қалағанымды алып, бағалап бастадым. Ал адам өзін бағаламаса, өзіне ештеңе қимаса, төбеден бұл адамға ештеңе керек емес екен деген сигнал алады. «СОЗДАЙ СЕБЯ» - «Өз өзіңді жаса» деген жобам бар. Армандармен жұмыс істеуге шақыратын жоба. Барлық армандарым Алланың қалауымен орындалды, ал бұл техникалар сол ұнаған дүниелерді миыма қондыруға көмектесті. Түпкі санамызда қандай зат мүмкін болса, сол өмірімізде де болады.

«Бұрынғы ойың – қазіргі тұрған жерің. Қазіргі ойың болашақтың жемісі» деген сөздерге толықтай келісемін.

«Бұл зат мен үшін қымбат» деп емес, осы ұнаған дүниені «Қалай алуға болады?» деп өзімізге сұрақ қоя білу керек. Сол кезде мүмкіндіктерді байқап бастаймыз.

Адамдарға көп мотивация бергім келеді. Арнайы күш-жігерімді, білімімді, уақытымның бір бөлігін соған арнаймын деп ниеттенудемін.


– Бір күні қарасақ Алматыда, екінші күні Нұр-Сұлтанда, үшінші күні тағы бір қалада, төртінші күні шетелде жүресіз. Қарап отырып, қызығамыз. Бәріне қалай үлгересіз? Энергияны қайдан аласыз?


– Жұмыспен әр елде, әр жерде жүруді нәсіп етіпті. Сүйікті ісіммен айналысқандықтан, барлығы жеңіл сияқты. Сүйікті ісіңмен айналыссаң, бір күн де жұмыс істедім, шаршадым деп санамайсың деген рас екен. Осылай жүргенде ғана энергия көбейеді және еңбектенген адамға Аллаһ тағала күш қуат береді.


– Ашылып сұхбат бергеніңізге Алғыс!



Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қазақстанда тұңғыш рет босанған транспын»: Тележүргізуші Гүлмира Әбіқай қалай босанғанын айтты


«Мен үшін Алтынайдың көлеңкесінде қалып қою ұят емес»: Әнші Талғат Жорабаевпен сұхбат