«Мен үшін Алтынайдың көлеңкесінде қалып қою ұят емес»: Әнші Талғат Жорабаевпен сұхбат

0
3 234

«Мұндай әпке менде ғана бар»


«Мен үшін Алтынайдың көлеңкесінде қалып қою ұят емес»: Әнші Талғат Жорабаевпен сұхбат

«Әнші Талғат Жорабаев қайда жоғалып кетті?» Осы сұрақ көп көрерменнің көкейінде жүргенін сеземіз. Кезінде Болгария, Молдова, Румыния, Белоруссия сияқты шетелдерге дейін барып, жүлделі орындарға ие болған талантты әншінің сахнадан көрінбей кеткені рас. Әлде әпкесі Алтынай Жорабаеваның көлеңкесінде қалып қойды ма екен?! Не жалқаулығы жар бермей жүр ме екен?! Бәлкім, әйелі өнер жолында жүргеніне қарсы шығар?.. Бір-екі жыл алдын шағын бейнероликтер түсіріп жүргенін көзіміз шалған. Шамасы, әншілікті қойып, кино саласына бет бұрып кеткен сияқты. Қой, әр нәрсені кесіп-пішпей, әншінің өзінен сұрағанымыз жөн болар.




– Талғат аға, алдымен бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды айтамыз. Шығармашылығыңызда не жаңалық болып жатыр? Ән айтуды қойып кеткен сияқтысыз? Соңғы уақыттары Көңілбай Шүкеновтің «Аманат Драйв» компаниясын жарнамалап жүрсіз. Жалпы, қазір немен айналысып жатырсыз?


– Иә, соңғы кездері сахнадан жоғалып кеттім. Оны өзім де ескеріп жүрмін. Қазір шығармашылығымды қайтадан қолға алып, жаңа әндер жазып, біраз бейнебаян түсірсем деп жоспар жасап қойдым. Құдай қаласа, бәрі де алда. Жоғалып кетуімнің себебі, пандемия дедік, одан қалса, елде болып жатқан көтерілістер басылсын дедік. Өзімнің жан дүниемде шығармашылық тоқырауда жүрдім. Дегенмен, өз-өзімді қамшылап, бәрін қолға алып, қайтадан шығармашылығыма кірістім.


Одан бөлек, кәсіпкер Көңілбай Шүкеновтің қасында «Аманат драйвтың» идеологиясын халыққа насихаттап жүрмін. Өйткені, бұл компанияда пайызсыз, өсімсіз төлеу деген нәрсеге халықтың құлағын үйрету, аз да болса отандастарымыздың жағдайының жақсаруына өз үлесімді қоссам деймін.


– Әрбір әншінің арманы хит әндеріңді халық қосыла шырқап жатса, жатқа айтып жатса, сол бір ғанибет емес пе?!. Сіздің арманыңыз қандай?


– Әрине, сенің әніңді әр жерде сұрап, халық сенімен қосыла орындаса әншіге одан асқан бақыт жоқ сияқты. Ондай әсер менің басымда да болады. Аллаға шүкір, барған жерімде «Сағыныш сазы», «Туған ел», «Сағындым сені» сияқты әндерімді сұрап, халық қосылып бірге шырқап жатады. Менің әннен бөлек арманым режиссерлік қырымды дамытып, кино саласына да өз үлесімді қосу. Тәрбиелік мәні бар қысқаметражды фильмдеріммен халыққа өз септігімді тигізгім келеді. Өзім Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) «Аз-аздан, үздіксіз» деген үрдісін ұстанамын.


– Өз репертуарым, өз стилім қалыптасты деп айта аласыз ба?


– Стилімді толық тапқан жоқпын. Өз стилімді таптым, болды, тоқтадым деген адам ары қарай өспейді. Сондықтан да, әлі де ізденіс үстіндемін. Алла күш-қуат берсе жаңа диапазондағы, жаңа стильдегі әндермен өзімді көрсетемін деген ойдамын. Арман-мақсаттарымды жақын арада іске асырамын.


– Бүгінде ән қоржыныңызда қанша ән бар?


– Қазақ тілінде 19, шет тілінде 6, жалпы саны 24 әнім бар. Бұл – өте аз көрсеткіш. Қазір вокалға барып, өз-өзімді қамшылап, өнерімді қайта қолға алып жатырмын. Бұйыртса, жаңа әндерді көбейтпекпін.


– Кезінде халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдыңыз. Сондай байқауға қатысуға қазір қалайсыз?


– Ең бірінші Болгарияда өткен халықаралық «Discovery» байқауында 3 орын, Молдавада 2 орын, Румынияда бас жүлде алдым. Белоруссияда өткен «Славян базарына» қатысып дипломант атандым. Мұндай байқауларға 18-35 жас аралығында жастық шектеу қойылады. Біз 37-ге келіп қалдық. Енді «Голос», «Талант» сияқты жобаларға қатысып, бағымды сынап көргім келеді.


– Қазақстандағы ән додалары әділ өте ме? Неге шетелді айта бересіздер?


– Шын айтайын ба?


– Иә.


– Әділ өтпейді. Байқау қорытындысында «Көке-жәке» болып кетеді. Біз өз елімізде шын таланттарды бағалай алмайтын сияқтымыз көбіне. Шетелді бағындырып келгеннен кейін ғана сені бағалай бастайды.



– «Сауап», «Қайыр, «Отбасы», т.б. роликтеріңізді көргенбіз. «ZHORABAYEV PRODUCTION» деп біршама кинотуындылар жарыққа шығардыңыз. Кезінде «Ханталапаймен» көзге түсіп едіңіз. Кино түсіру жағы, яғни режиссерлік жұмысыңыз қалай болып жатыр?


– Иә, сондай атаумен кішігірім киностудиям бар. Ол жерде өзім ғана жұмыс істеймін (күліп). Сценарист, режиссер, оператор, монтажер, дронмен ұшатын пилот та, бәрі өзім. Қысқаметражды, мән-мағыналы фильмдер түсіріп, режиссерлік қабілетімді шыңдау үстіндемін. Бір жылдың көлемінде ешнәрсе түсірілмей, біраз үзіліп қалды. Өйткені, жан дүниемде шығармашылық тоқырау болып жатыр. Әзірге 4-5 сценарийімді осы жылдан қалдырмай түсіріп тастауға бел буып отырмын.


Қазір адамдар кітап не газет-журнал оқып отырмайды. Барлығы гаджеттердегі шағын видео не жазбаларды шолып шыға салады. Мен түсірген кішігірім роликтер оқырмандар тарапынан жақсы бағаланды. «Қолыңыздан көп нәрсе келеді екен», «Ары қарай да түсірсеңіз» деген сияқты ұсыныс-тілектерін айтуда.


– Сізді өнерге тартып, ән аламанына қосқан әпкеңіз Алтынай Жорабаева. Екеуіңіз дуэт айтып, бірге концерт қойдыңыздар. Бірақ та, сіз ұдайы бауырыңыздың көлеңкесінде қалып келе жатқандай көрінесіз. Әпкеңіз «Аманат Драйвқа» кіріп еді, сіз де кірдіңіз. Бір сөзбен, Алтынай қайда, Талғат сонда. Сұрақ: Егер сіз Алтынайдың інісі болмағанда, кім болар едіңіз?


– Әрине, Алтынай Жорабаева – қазақтың мақтанышы. «Алдыңғы арба қайда барса, артқы арба сонда барады» деген сөз бар ғой. Отбасымыздың беткеұстары, халқымыздың аяулы қызы болғандықтан, көбінесе сол кісінің қасында жүріп, көмектесіп, жанында ән айту мен үшін үлкен мәртебе. Мен үшін оның көлеңкесінде қалып қою ұят емес. Өйткені, ол – дүйім қазақтың мақтанышы, менің әпкем, алдыңғы арбам. Барған жерде оның да, менің де өз орным бар. Құдай қаласа, Алтынай секілді үлкен жұмыстар атқарып, мегатанымал боламын деген ойым бар. Оған ешқандай кедергі жоқ. Тек еңбектену арқылы үлкен белестерге жетуге болады. Мұндай әпке менде ғана бар. Аллаға шүкір, осындай әпкемнің барына. Сол кісіге арқа сүйеймін. Кейде жалқаулығым ұстап қалған кезде әпкемнің қамшылауымен, ұрсуымен бойымды тіктеп аламын.


– Әпкеңізбен арақатынасыңыз, жалпы, отбасындағы қарым-қатынастар, ата-анаңыздың тәрбиесі туралы айтсаңыз... Балалық шақтағы естен кетпес естеліктер...


– Әпкем Алтынаймен қарым-қатынасым өте жақсы. Екеуміз қалжыңдаса да береміз. Анда-санда ұрсып та аламыз. Ұрысқан кезде екеуміз де дінді жақсы ұстанғандықтан, ашуымыз шәйі орамал кепкенше. Артынша кешірім сұрап, жарасып кетеміз.


Балалық кездегі естеліктерге келер болсақ, көп қызықтар өтті ғой. Жауын құйып, найзағай ойнап тұрған кезде қозықұйрыққа шығып кететінбіз. Тоғайдағы селге қарамай бүлдірген теретінбіз. Ол кезде ауылда жүгері егілетін. Сол жүгеріні ұрлауға барып, собығын үйге әкеліп, қуыршақ қылып ойнайтынбыз. Қыздар әжептәуір қуыршақ ойнап отырғанда мен үйлеріне кіріп, топалаңын шығарып кетіп, таяқ жейтінмін. Бір-бірімізге айқайлап ән айтып концерт қоятынбыз. Жәшіктің ағаштарына жіп тартып гитара жасап, ән шырқайтынбыз. Бірақ, біздің отбасындаАлтынай өте тұйық болды. Үйде көбінесе менің аузым жабылмай ән айтып жүретінмін. Кейіннен Алтынай студент болып, «Азия даусы», «Жас қанат» байқауларына қатысып, орын алған кезде барлығымыз «Мәәә, Алтынай әнді күшті айтады екен ғой!» деп таңғалғанбыз.

– Осыдан бес-алты жыл бұрын әпкеңіз сізге қымбат маркалы көлік сыйлағанын естігенбіз. Сіз бауырыңызға қандай қымбат сыйлық жасай алдыңыз?


– Иә, ол кездер естен кетпес керемет сәттер. Өйткені, баяғыда бір кісілер бауырына не туысына қымбат көлік не бағалы сыйлық сыйлап жатса, «Шын ба екен, өтірік пе екен?» деп таңғалатынбыз. Ондай жағдай өзімнің де басымнан өтті. Алтынай көлікті сыйлаған кезде керемет әсерде болдым. Оны ешқашан ұмытпаймын. Құдай қаласа, байып, ақшам көп болып, миллионер болып жатсам, саған бұдан да қымбат көлік сыйлаймын деп айтқан болатынмын. Сол кезде Алтынайдың «Мені қоя берші, қыздарыма қарайлассаң болды» деп айтқаны бар. Алтынайға жасай алмасам да, келешекте қыздарына жасаймын деген арманым бар.


– Кезінде берген сұхбаттарыңызда «Сәбит жездеммен сөзге кеп қаламыз» деп айтатынсыз. Қазір ол кісімен арақатынасыңыз қалай?


– Иә, адам болған соң Сәкеңмен ренжісіп қалған кездер болды. Мұсылман баласы болғаннан кейін барлық нәрсеге кешіріммен қараймыз. Жиендерімнің әкесі болғандықтан «Аман болсын, бақытты болсын, бала-шағасының қызығын көрсін!» дейміз. Анда-санда дұғама қосып қоямын. Ол кісіні көрмегелі біраз болды. Бірақ, көрсем мұсылмангершілікпен сәлемімізді береміз ғой.


– Бүгінде алтын асықтай 3 ұл, 1 қыздың әкесісіз. Дұрыс айттық па?

– Иә, Аллаға шүкір, көпбалалы ата-анамыз. Екі ұлым мен қызым балабақшаға барады. Кішкентай Омартайым үйде. Бұдан ары қарай да ұрпақ өрбіту ісін тоқтатпаймыз деген ойдамыз (күліп). Келіншегім "3-4 жылдай демалып алайын, сосын тағы көбейе жатармыз" деп жатыр.


– Әншілердің гив ойнатуы дұрыс па?


– Гив деген нәрседен ешкім ұтылмайды. Қатысып жатқан оқырмандар «Подписки» бөліміндегі аккаунттарға жазылады. Кейін қаламаса өшіре салады. Кәсіпкерлердің кәсібін домалату, осындай жолымен халыққа жарнама жасау деген сияқты дүние ғой. Кәсіпкерлер жарнама жағынан қарық болса, біз де кішігірім табыс тауып, бала-шағамызға жаратып, ал халық қатысып, ұтқаны ұтады. Ұтпағаны келесі гивке де қатыса алады. Сондықтан мен гивті жаман деп айта алмаймын. Себебі, ол құдықтан мен де су іштім. Қазақта жақсы сөз бар ғой. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген. Бір мезетте гивтен де табыс таптық, онымен де жан бақтық. Меніңше, ешқандай әбестігі жоқ деп ойлаймын. Қазір гивтің кезеңі аяқталды деп білемін. Өйткені, барлық нәрсе тоқтады. Бұл өмірде бәрі де уақытша ғой. Басы бар, аяғы бар деген сияқты. Сондықтан, қазір гив ойнатып жүрген жоқпыз.


– Сіз де, жұбайыңыз да дінді жақсы ұстанасыздар. Гендер-патиге көзқарасыңыз қалай?


– Дінде шектеу жоқ. Алла тағаланың өзі дінді ауырлатпаңдар деп айтады. Сондықтан, барлық нәрсеге жақсы көзқараспен қараймыз. Гив болсын, гендер-пати болсын, бәріне жақсы көзқараспен қараймыз. Бізде «Ойбай, дінді ұстанғандарға болмайды екен» деген шектеу жоқ, әрине. Сондықтан, барлығына демократтық көзқараспен қараймыз. Барлық нәрсенің жаман жағын ысырып қойып, жақсы жағын алуға тырысамыз. Сондықтан да, гендер-пати қазіргі кезеңнің тренді болғандықтан, дінімізбен байланысты құндылықтарды гендер-патиге кіргізгенді жөн көреміз. Мысалы, тек қана шар жару ғана емес, мұсылмандық дәстүрлерді де енгізуге болады. Ұл бала болатын болса екі қой, қыз бала болатын болса бір қой сойылады. Мұны дінде «Ақиқа» деп атайды. Жақында достарымызға солай гендер-пати жасадық. Оларға өте ұнады. Инстаграмға салғанда көп адамдар идея алды. Ақиқа дегеннің не екенін түсінді. Дінімізді қазіргі заманауи дүниелермен насихаттап жүрген жайымыз бар.


– Келешекке жоспарыңыз қандай?


– Адам баласында арман деген ешқашан аяқталмайды. Жоспар өте көп. Өнерде көптеген белестерді бағындыру, шетел сахналарын мойындату. Кино саласына үлесімді қоссам деймін. Бейнебаяндарымды өзім түсіріп, оның ішіне ата-ана, бауырларымды қосқым келеді. Ата-анамды көбірек түсіріп қалуға бел будым. Өйткені, әкемнің «Ей, балам, біздерді көбірек түсіріп қал, кейін немере, шөберелерге көрсетесің» деген бір ауыз сөзі әлі күнге құлағымнан кетпейді... Осыны ескеремін.


– Сұхбат үшін Алғыс!

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ