Нартай Сүлейменов: "Бір уақытта екі той жүргізген кезім болды"

0
7 439

Нартай Сүлейменов - "Алдараспан" театрының актері, асаба


Нартай Сүлейменов:

Қарашаш Есенбай: Нартай аға, карантин басталғалы әзіл-ысқақ театрларының актерлерін сирек көретін болдық қой. Өзіңізде, шығармашылықта қандай жағалықтар бар, немен айналысып жүрсіз?


Нартай Сүлейменов: Біз театрдың он жылдық мерейтойына арналған кешімізді беріп үлгердік қой. Өткен жылдың наурыз айынының 9 жұлдызында концертіміз өтті, бірнеше күннен кейін барлық жер карантинге жабылды.

Одан кейін де біздің ұжымның ізденісі тоқтаған жоқ. Мына жағдай тезірек аяқталса, ертең-ақ концерт беруге дайынбыз. Карантин біздің актерлердің тоқырауына әсер еткен жоқ, өйткені бәріміз дерлік шығармашылықтан қол үзген жоқпыз. Түсірілімдер, театр жұмыстары жалғасып жатыр.


Қарашаш Есенбай: Карантин кезінде көп өнер адамдары әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырып, түрлі бизнестер жасап кетті. Өзіңізден ондайды байқай қоймадық... Ұсыныстар болмады ма, әлде?


Нартай Сүлейменов: Ұсыныстар болды, бірақ мен әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдыруды мақсат еткен емеспін. Әлі де сондай ойдамын. Басқа кәсіптерім бар, балаларымның несібесі келіп жатыр.


Қарашаш Есенбай: Құпия болмаса, қандай кәсіппен айналысып жатырсыз?


Нартай Сүлейменов: Ешқандай құпия емес, камаз сияқты көліктерім бар. Біздің жақта білесіз, құрылыс тоқтаған емес. Сол құрылысқа керекті бірнеше көлігім жұмыс істеп жатыр. Балаларымның несібесі ғой, табыс келіп тұрады.



Қарашаш Есенбай: Мұныңыз жақсы екен. Аға, сонымен қатар ғаламторда сіздің актерлігіңізден көрі, асабалық қырыңыз өте көп айтылған екен. Барлығы дерлік сіздің той жүргізу стиліңізге жоғары баға береді. Шыныңызды айтыңызшы, қазір тойға ұсыныстар түсе ме және өзіңіз барып жүрсіз бе?


Нартай Сүлейменов: Бар ғой ұсыныстар, бірақ бұрынғыдай көп емес. Шақырған жерге барып жүрміз,


Қарашаш Есенбай: Қазір карантиндік талап бойынша, білесіз, той жасауға болмайды. Асабалық жасап тұрған кезде «ұсталып» қалған кездер болмады ма? Мысалы, жақында Қайрат Нұртастың бір туған күнге барғаны барлық порталдарға жарияланып, тарап кетті ғой.


Нартай Сүлейменов: Ондай жағдай болмады, болмай-ақ та қойсын. Қарындасым, осы той туралы айтпай-ақ қойсақ қайтеді? (күліп)


Қарашаш Есенбай: Мен негізі той тақыбына келу себебім, асабалық мәдениет туралы сұрағым келіп еді. Жалпы 20 жылға жуық асаба болып келесіз, осы кезеңде асабалар деңгейі қаншалықты өсті?


Нартай Сүлейменов: Иә, асаба болып жүргеніме 20 жыл болды. Халық жақсы көреді, бірақ қазір шоумен дегендер пайда болды ғой. Жастар жағы соларды жақсы көреді.

Асабалар деңгейі дегенде, бұрын асығыс сөйлеп қоятын кездер болатын еді. Халықтың көзі ашылды, деңгейді біледі. Бұрын анайы сөздер айтылып, сондай ойындар да ойналып жататын еді. Қазір саналы, салиқалы және халал өтетін тойлар көбейді. Той жүргізу арқылы психолог боласың, мысалы тойдың иесіне қарап тойдың қандай деңгейде өтетінін бағамдап тұрамыз.


Қарашаш Есенбай: Жақында актер Дулыға Ақмолдамен сұқбаттасқан едім, сол кісі «Тойға тыйым салғаны дұрыс болды, өйткені біз ысырапшыл болып кетіп едік» деді. Қазіргі тойлардың карантинге дейінгі тойлардан айырмасы бар ма?


Нартай Сүлейменов: Әрине, өзгерді, айырмасы бар. Біріншіден, ысырапшылдық тоқтады. Сосын бұрынғыдай емес, ары кетсе қонаққа 150-200 адам шақырылатын болды. Сосын бізде әнші, асабалар көп еді ғой. Бір кездері электрикке дейін асаба болып кетті емес пе? Карантин бәрін өз орнына қойып берді.


Қарашаш Есенбай: Аға, бұрын гастрольде жиі жүретін едіңіз. Қазір көбінде үйдесіз, ұл-қыздарыңызбен жиі сырласатын болған шығарсыз? Оларға қандай ақылды жиі айтасыз?


Нартай Сүлейменов: Иә, рас айтасыз, бала-шағаның өскенін байқамай қалдық қой. Шынымды айтсам, бұрын үйге аптасына бір-екі күн ғана қонатын едім .Қазір күні-түні үйдеміз ғой, Аллаға сансыз шүкір.

Ұл-қыздарымның анасы «пысық» қой (күліп). Барлығын оқытып, негізгі сабақтарынан бөлек қосымшаларға да береді. Өйткені, шыны керек онлайн сабақтың білімі онша емес. Сондықтан арнайы мұғалімдерге барып, оқып жатыр. Өзім оларға үнемі «Адам бол, өткеніне өкінбейтіндей адам бол» деп жиі айтамын.


Өш

Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің өкінетін кезіңіз бола ма? Өткен дүниені кейде өзгерткіңіз келетін дегендей...


Нартай Сүлейменов: Жоқ, Алла Тағаланың бергеніне шүкір етемін. Өмірде адамды түрліше сынайды ғой. Мысалы, біреуден алып, біреуге беріп дегендей. Біреуден ілгері, біреуден кейін, біреумен тең өмір сүріп жатырмыз. Осыған сансыз шүкір етеміз. Былтыр ауру өршіген кезде қатты қиналдық емес пе? Ағайын-туысқан, дос-жаранның кейбірінен айырып қалдық. Қазір сол кезең қайталанбаса екен деймін.


Қарашаш Есенбай: Иә, жақсылық болсын! Кеше өзіңізге хабарласқан кезде «Онлайн сұқбат бермейтініңізді айтып, сенбей қалдық қой» дедіңіз. Адамдарға сенбейсіз бе?


Нартай Сүлейменов: (күліп) Сенемін ғой, тек кеше түсірілімде жүрдім. Оның үстіне, заман сондай шығар, қорқып қалдық. Қорқатындай кезең ғой, мойындайықшы?! Еркін айқайлап күле алмай да қалдық емес пе? Өйткені біреудің артық-кем тұсын басқалар лайк үшін қолданатын болды. Әлеуметтік желіде «Мынадай әншінің әйелі босанды», «Мына кісі ажырасып жатыр» деген жаңалықтарды көріп, таң қаламын! Өз басым әлеуметтік желіге ондай дүниелерді ешқашан салмаймын. Менің көлігім мынадай, үйім осындай деп көрсету де дұрыс емес. Өйткені нанға ақша таппай отырған оқырманың бар шығар?!


Қарашаш Есенбай: Аға, кеше сіз туралы ақпараттар іздегенде бұрынғы сұқбаттарыңызды таппадық десек те болады. Кей әріптестеріңіз өзіңіз айтқандай, үйі мен көлігін көрсетіп бағдарламаларға түсіп жатады ғой, сіз неге қашасыз?


Нартай Сүлейменов: Негізі бұрыннан аз сұқбат беремін. Қаншама отбасы баспана ала алмай жүргенде, үйімді көрсету ұят қой!

Карантиндік кезең жақсы да, жаман да жағынан әсер етіп жатыр. Көп артық дүниелер тыйылды. Десе де карантин дегеннің өзі жақсы сөз емес. Күнде осы сынақтардың тезірек бітуін тілеймін. Баяғыда менің атам: «Еее, шырағым біз не көрмедік?! Тығылып намаз оқитын заман болды ғой" дейтін еді. Қазір ол кісі тірі болғанда, "Ата, біз не көрмедік? Тығылып той жасайтын болдық, біріміз ошақ-қорадан, екіншіміз асханадан кіретін күндер болды емес пе?!


Қарашаш Есенбай: Тойға тыйым салынса да, той жасап жүргендер жоқ емес қой. Әңгіме соңында сол бір тойдағы қызықпен бөліссеңіз?


Нартай Сүлейменов: (Күліп) Мынадай бір жағдай болды. Тойханада үлкен және кіші банкет залы болады. Мен соның үлкен залында қыз ұзату тойда асаба болуым керек. Ал кіші залдағы тойдың асабасы келмей қалыпты. Сол тойдың иесі «Сұрағаныңды берейін, менің де тойымды жүргізіп берші» деп қолқа салды. Екі тойда қыз ұзату екен. Той иесінің көңілін қалдырмай, бірінші мен екінші қабаттың арасында жүгіріп жүріп той жүргіздім. Оны біреулер «Екі той алып өлді ме?» дегендей сөздермен желіге салып жіберіпті. Негізі мен ол тойды тапсырыс ретінде алған жоқпын, тек жаны қиналып тұрған той иесіне көмектескенім болатын.


Қарашаш Есенбай: Нартай аға, еркін той жасайтын шаққа жетейік. Сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!