"Q-pop бағытындағы топтарды кім қаржыландырады?": "Youngsters" тобымен сыр-сұқбат

0
4 626

Еліміздегі тұңғыш тинейджерлік топ қалай құрылды?


"Q-pop - қауіпті" қанша адам даурықса да, тыңдарман өз таңдауын қашанда жасайды. Олардың да ішінде мықты музыканттар мен талантты орындаушылар бар. Бүгін біз солардың ең жасы - "Youngsters" тобымен сұқбаттастық.


Шоу-бизнеске "Youngsters" деп аталатын тағы бір жаңа есім қосылды. Топтың атауы неге «Youngsters»?


Алан: «Youngsters» тобы q-pop-тағы ең кішкентай топ болып есептелгендіктен, атауы да осыған тікелей байланысты. «Young» сөзі «жастар» деген мағынаны берсе, «sters» – «жұлдыздар» деген сөз. Яғни, тобымыздың атауы «Жас жұлдыздар» деген мағынаны білдіреді. Атауды біздің продюсеріміз Динара Усенова қойды. Қазіргі сәтте Youngsters деген атаумен q-pop бағытындағы әндерді орындап келеміз.


Бұл топ қалай құрылған еді?


Алан: Топ алғаш құрылғанда құрамында: Дамиль, Ару, Айша және тағы бір қыз болған. Мен кейіннен қосылдым. Топ мүшелерінің бірі кетіп қалғандықтан толықтыру мақсатында кастинг жарияланған еді. Кастингте 100-ден астам үміткер бағын сынады. Іріктеудің бастыталабы – вокал бойынша деңгейдің жоғарылығы және биге деген икемнің болуы. Біз осы сынақтардың барлығынан өттік. Бүгінде топ мүшелеріне айналып, өз өнерімізді көрсетіп жатырмыз.


Аиша: Топқа Алан таңдалып алынғандықтан,кастинг тек жігіттер үшін ғанажарияланды деп ойлап қалуларыңыз мүмкін. Кастинг қыздарға да, ұлдарға да ортақ болды. Араларынан ең үздік атанған Алан болғандықтан, топ мүшесі ретінде Алан таңдалып алынды.




Бір-бірлеріңізге туыстық қарым-қатынастарыңыз жоқ па?


Алан: Мен келмей тұрып Дамиль, Аиша, Ару бір-бірімен таныс болатын. Себебі, үшеуі бір академияда оқыды. Мен Астанадан Алматыға көшіп келгеніме бір жылдың көлемі болды. Сондықтан, Алматыдағы өнерлі балаларменжақсы таныспын деп айта алмаймын. Сәйкесінше, топқа келген кезде олармен таныс болған жоқпын. Алайда қазір жақсы тіл табысып, араласып кеттік. Бірақ ешқандай туыстық қатынасымыз жоқ.


Өздерің ең өнерге аяқ басып келе жатырсыңдар, сондықтан оқырмандарға өздеріңізді жеке таныстырып өтсек?


Дамиль: Мен әсем шаһарымыз Алматы қаласының тумасымын. Жасым 13-те.Қазір Сүлеймен Демирел атындағы лицейде білім алып жатырмын. Топқа қосылмай тұрып бір жыл бимен айналыстым.


Ару: Менің жасым 12-де. Алматы қаласында тудым. TAMOS EDUCATION мектебінің6-сынып оқушысымын. 6 жасымнан бастапән және бимен айналысып келемін, одан бөлек теннис пен жүзуге қатыстым.


Аиша: Менің де жасым 12-де. Мен де TAMOS EDUCATIONмектебінің 6-сыныбында оқимын. Вокалмен айналысып келе жатқаныма 6 жылдың көлемі болды. Сондай-ақ бимен де айналыстым. Әріптесім Арумен бірге жүзуге және тенниске қатыстық.


Алан: Мен Астанада туып-өстім. Алматыға көшіп келгенімізге бір жыл болып қалды. Дәл қазір Алматыдағы №145 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысымын. Негізі, 3 жасымнан бастап ән айтамын, 6 жасымнан бастап «Қарақат мектеп студиясында» кәсіби түрде білім алдым. Қазір әнмен айналысқаныма 7 жылдай болып қалды. Ал бимен айналысып жүргеніме бір жыл болды.



Ал отбасыларыңыздың өнерге қатысы бар ма?


Алан: Мені кішкентай кезімнен әртүрлі кастингтерге жетелеген - Жансая әпкем. Осы жолғы іріктеуге де сол әпкем алып барды. «Әу» демейтін қазақ жоқ» демекші, әжемнің ән айтатын қасиеті бар. Бірақ біздің отбасымыздан ешкім кәсіби түрде сахнаға шығып ән айтпаған.


Аиша: Біз отбасында жетеуміз. Менің отбасымда ешкімнің өнерге қатысы жоқ. Үйдің тұңғышымын, менен кейін сіңлілерім бар.



Ару: Біз отбасында төртеуміз. Менен кейін інім бар. Менің отбасымдағылардың ешқайсысы өнерге жақын емес.


Дамиль: Анам бұрын фортепианомен айналысқан. Әртүрлі кастингтерге қатысып, өзін жан-жақты сынап көрген. Қазір енді мені сан қырлы болуға баулып келеді. Қарындасым жақында ғана бір фильмге түсті. Сондықтан отбасымыз өнер саласынан алыс емес десем де болады. Отбасымызда бес адам бар.


Топ енді құрылып жатқан кезде көбірек уақыт бөліп, күш жұмсау керек болады. Барлықтарың оқушысыңдар? Сабаққа қалай уақыт табасыңдар?


Алан: Оған біздің мектеп басшылары да, мұғалімдеріміз де түсіністікпен қарайды. Концерт, бейнебаян, ән жазғызу керек болса ескертіп отырамыз. Сабағымызды өткізіп алмауға тырысамыз. Себебі, біз үшін ең бірінші орында– сабақ. Артта қалып қалған тақырыптарды қайталап, ұстаздарымызға тапсырып отырамыз. Менеджерлеріміз сабақты жіберіп алмауымыз үшін графигімізді реттеп отырады. Демалыс күндерімізді толығымен сахналық қойылымдардың дайындығы мен жаңа әндердің жазылуына арнаймыз. Мысалы, бүгін 4 сағат уақытымызды биге арнадық. Өйткені өз қалпымыздан айырылып қалуға болмайды. Сондықтан, жұмыс жасалмаған сағаттарды өтеп беруге тырысамыз.


Сіздер q-pop бағытын таңдағаннан кейін әнді де, биді де, рэпті де қатар алып жүру керексіздер. Қайсысына көбірек икемдісіздер?


Алан: Барлығымыз бірдей билеп, ән айта аламыз. Дегенмен, әрқайсымыздың өзіндік позициямыз бар. Мен топта бас вокалиспін. Аиша– рэп орындаушы. Ару – жақсы вокалист. Барлығымыз дерлік биді жақсы меңгергенбіз. Дегенмен, барлығымыздан көш бастаптұрған – Дамиль. Дамиль – үшеуін де жақсы игерген, тобымыздың лидері деп айтуға болады.


Аиша: Маған рэп оқу қиынға соқты, себебі мен бұрын рэп орындауға қызықпағанмын және орындамаған екенмін.


Құпия болмаса, айта кетейікші, алғашқы жалақыларыңзды алып, оны қайда жұмсадыңдар?


Алан: Иә, жақында топтағы жұмысымыз үшін алғаш рет жалақымызды алдық. Әрине оған дейін әртүрлі жерлерде жұмыс істеп көрдік. Мен «Балапан» телеарнасында жүргізуші болғанда жалақы алатынмын. Бірақ бұл жолы алған жалақым ерекше, өйткені оны біз топпен бірге алдық. Соңғы салған видеомыз арқылы жанкүйерлерімізді де осы қуанышты жаңалықпен хабардар еткіміз келді. Бірақ нақты қанша алғанымыз құпия болып қалсын. Жалақымды ата-анамның қолына табыстадым. Себебі, олар маған қажет кезде сұрағанымның барлығын алып беретін. «Балапан» телеарнасынан алған жалақымды да ата-анама ай сайын беріп отыратынмын.


Аиша: Мен жалақымды әлі ешқайда жаратқан жоқпын. Сіңілім екеуміз ата-анамыз бен бауырларымызға сыйлық алуға жинап жатырмыз.



Ару: Топпен алған алғашқы жалақымды анама беріп, ол кісінің алғысын алдым. Меніңше, маған ақшаның қазір керегі жоқ секілді. Ол ақша менен гөрі ата-анамызға қажет екенін білемін.


Дамиль: Мен ақшаны әлі жаратқан жоқпын. Әзірге қайда жаратарымды білмей жүрмін. Дәл маған қазір ештеңе қажет емес.


Алан: Бұл менің алғашқы жалақым емес. Алда көптеген жоспарларымыз бар. Олар уақытылы орындалып жатса, бұл суммадан да көп жалақы аламыз.


Сендерді кім қаржыландырады? Продюсерлерің кім?


Алан: Біздің шығармашылығымызды дамытып отырған продюсер – Динара Усенова. Ол кісі Dara Entertainment-тің негізін қалаушы. Әрине, ата-анамыздың тарапынан да ақшалар беріп тұрады. Продюсеріміздің біздей жастарды алған себебі, елімізде әлі де біздің жасымыздағы өнерпаздар аз. Біз q-pop-тағы алғашқы тинейджерлік топпыз.

Сұқбат бергендерің үшін рақмет! Шығармашылықтарыңыз шарықтай берсін.

ERNUR.KZ