Сая Қасымбек: "Саяның басын алмасам да, аяғын шалайын дегендер толып жүр"

0
4 628

Тағдыр жолында оған түрлі тосқауылдар болғанмен, шығармашылығы биігінен түскен емес. Қазақ өнерінің сарайындағы әрбір кірпіштің салмағын жүрегімен сезінетін драматург, ҚР мәдениет қайраткері Сая Қасымбектің бүгінгі сұқбаттың кейіпкері. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететін Сая ханымды жұмысына іздеп барып, бүгін өнердің күйі мен жайы туралы тілдесіп қайттық. Әңгімеміз қазіргі таңда көбейіп кеткен көшірмелер турасында басталды.


Сая Қасымбек:

Тағдыр жолында оған түрлі тосқауылдар болғанмен, шығармашылығы биігінен түскен емес. Қазақ өнерінің сарайындағы әрбір кірпіштің салмағын жүрегімен сезінетін драматург, ҚР мәдениет қайраткері Сая Қасымбектің бүгінгі сұқбаттың кейіпкері.

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететін Сая ханымды жұмысына іздеп барып, бүгін өнердің күйі мен жайы туралы тілдесіп қайттық. Әңгімеміз қазіргі таңда көбейіп кеткен көшірмелер турасында басталды.

- Сахнада, журналистикада, не әдебиет әлемінде болсын өнер бар, ал өнерді кәсіпке айналдыру бар. Өнерді күнкөріс кәсібіне айналдыру барысында құлдырау процесіне міндетті түрде ұшырайды. Өйткені күн көру үшін, бүгінгі еңбегіңді ертеңгі жамағатқа қайталамауың керек. Өйткені ақша төлеген адам биік деңгейді талап етеді. Бірақ адамның фантазиясы сарқылады, ол кезде жан қинамай көшіру басталады. Бұл сананың, талғамның тоқырауға ұшырауына алып келеді. Қазір талғамсыздар армиясы көбейіп жатыр. Кино түсірсең оны әр жастағы көрермен көруі үшін міндетті түрде арасына арзанқол әзілдер қосады. Себебі ол фильмге қаржы құяды, оның қайтуы үшін көрермен саны көбеюі керек. Сондықтан арзан дүниені қосуға көп жағдайда мәжбүр. Аудитория талғамының төмендігі қазір тұнып тұрған трагедия. Арзан қол комедия іздейді, өйткені дарақы күлкі керек. Балтық теңізі жағалауындағы (Прибалтика) елдерде театр маусымы ашылған кезде бүкіл маусымның билетін көрермен сатып алып қояды екен. Себеп - ол халықтың театрға деген махаббаты, сүйіспеншілігі бар. Ол елде сатиралық театрларға сұраныс жоқ. Тіпті Ресейдің өзінде де мұндай театрлар аз, себебі олардың халқы деңгейлі дүниені көріп дәніккен. Ал бізге театр өнері кеш келді, содан бері бір ғасыр да өткен жоқ. Тек біз емес, түркітілдес халықтардың бәрінде дерлік театр өнері жетісіп тұрған жоқ. Өйткені оған біз қалыптаспағанбыз. Біздікілер концертке құмар, ол әншілер плюспен айтып жатыр ма, жоқ басқа біреудің дауысымен айтып жатыр ма, маңызды емес, бастысы концертке бару. Ал олар салмақты, парасатты, айтары бар дүниеге келуге біріншіден үйренбеген, екіншіден ерінеді.

- Осы жерде мынадай сұрақ туындайды, аудиторияның сұранысы төмен болған кезде, өнер адамдары да өздерін босаңсытып жібермей ме?

- Босаңсиды. Дегенмен бізде кәсіби, майталман режиссерлер бар, бірақ олар аз. Сосын олар біздің көзқарасымызбен қарағанда «қомақты» гонорар сұрайды. Ал оны театрлар көтере алмайды. Сондықтан облыстық театрлар өзінде барымен базар болып жатыр. Бұл әртістердің ойнау деңгейінің тоқырауына тірейді. Өйткені бір режиссермен үнемі жұмыс істегендіктен, оның нені талап ететінін жақсы біледі. Сондықтан бізде жан қинамай күн көрістің көзін тауып жүргендер көп. Әрине барлық әртіс ондай деген сөз емес, арасында әр рөліне жанкештілікпен қарайтындар да бар. Бірақ олар аз болғандықтан, алдыңғылар бұларды көміп тастап жатыр. Мұның бәрі өнер әлемінде жанын шырқыратып отыратын кәсіби сыншының да жоқтығынан. Ол теле-радиода болсын, музыка мен театрда болсын өзекті мәселе. Фестивальге барсаңыз бірде-бір сыншы көрмейсіз. «Тура биде туған жоқ» деп ақ пен қараны айқара ашып отыратын Төле бидің деңгейіндегі сыншылар болса, мұндай болмас еді.

- Сыншылардың жоқ болуы бұрыннан проблема. Сіздіңше олардың қалыптасуына не кедергі?

- Бізде сыншылар жоқ емес, бар. Бірақ олар өздерінің қажеттіліктерін таба алмайды. Орыс және қазақ тілді де көптеген жақсы сыншылар бар. Бірақ оларды театр фестивальдеріне қоспайды. Бізде аттан түспейтін бір-екі сыншылар бар, қай фестивальге барсаң да солар отырады. «Ақыл жастан» дейді, прогрессивті көзқарастағы жастарды неге қоспасқа?! Біз оларды елемейміз! Біздің қоғамда елену үшін, фамилияң еленетін деңгейге өліп-талып жетесің. Оған дейін қоғам да жүз өзгеріп, құлпырады. Бүгінгі көзқарас, ертеңге дейін ескіріп қалады. Қазіргі қоғамның ішіндегі қайнап пісіп жатқан, жазғысы келіп тұрған жастарды біз елемейміз. Мысалы, Айзат Қыдырәлиева, Нәзерке Жұмабай да жақсы жазып жүр. Бірақ біздің жас сыншылар көп жазбайды. Өйткені олар жазатындай фестивальдерге шақырылмайды. Баяғы да сыншылар елді аралап жүріп жазатын дейді, қазіргілердің айлығы 60 мың болса, оған сыншылар күн көре ме, әлде бір облысқа барып қойылым көре ме? Мұның бәріне мәдениет министрлігінен тікелей қолдау керек. Республикалық фестивальдерге барғанда баяғы өзгермейтін бір «беттер» отырады. Олардың сындары да сол баяғыша бір қалыптан шықпайды. Олардың аты-жөнін оқып, не айтатытын біліп отырамын. Негізі олардың емес, бұл ұйымдастырушылардың кінәсі. Ұйымдастырушылар республикалық фестиваль өткіздік, онда мына адамдардың аттары тұрсын, сонда біздің деңгейіміз жоғары болғандығын айғақтайды деп ойлайды.

- Облыстық театрлардың жағдайына қарай ойыссақ. Жақында осындағы опера театрына барғанмын, жабық тұр. Сол кезде қойылым күнде болмайтынын біліп таң қалдым...

- Енді драма театрлардың өзінде көп жағдайда кешкі қойылымдар болмай қалып жатқан кезде, ол опера театрына ренжудің де қажеті жоқ шығар. Бізге біріншіден, жер шалғайлығы қатты кедергі келтіріп жатыр. Біздің өзіміз кешке қалған кезде қайтуды ойлап кетеміз. Қазіргі мекен жайымыз қаланың шеті. Облыс әкімдері, мәслихат депутаттары келген кезде кешкі қойылымнан кейін маршруттар жүргізілуге пәрмен берулерін үнемі сұрап келеміз. Бұл жерде негізінен көлік мәселесі көп туындайды. Көктем шығып, күн жылығанда көрерменіміз көбейеді. Ал қыста көрермендер азаяды, оған сол қайту мәселесі себеп. Әйтпесе біздің театрдың репертуарында жақсы дүниелер көп. Қай тақырыпты болсын қозғап келеміз, мысалы діни-секталар туралы десеңіз, Б.Әлімжановтың «Ойран» деген драмасы, тарихи дүниені көргіңіз келсе, «Абылайханның арманы» бар. Репертуарды қарайтын болсаңыз, барлық тақырып қамтылған.

- Енді өзіңіздің шығармашылығыңызға қарай ауыссақ... Жаңа мен келген уақытта пьеса жазып жатырмын деген едіңіз...

- Осы жақында ғана бір «Теле» деп аталатын кинороманымды аяқтадым. «Теле» дегенім тайпа. Қазақ қазір ұйып отырмыз ғой, ал анау түбіне қараған кезде әр қайсысы жеке дара тайпа, мемлекет болған ғой. Тамырға қарай бойласақ, әлі көміліп жатқан дүниелерді көреміз. Белгілі кинорежиссер Батырхан Дәуренбеков маған негізі төлеңгіттер туралы жазуды өтінді. Ол: «Сәке, төлеңгіттерді төренің құлы дейді. Шындығына келгенде олар Шыңғысханға қосылғанға дейін бөлек тайпа болған ғой, осыны зерттеп көріңізші?!», - деді. Мен бұрын рулық жағынан зерттеуге көңіл бөлмеген екенмін. Сонымен зерттеп қарасам, олар бұрын Шыңғысханның кезінде «Телеуіт» болған, бізге келіп жергілікті диалектпен «Төлеңгіт» болып кеткен. Ал телеуіттің түбі «Телеге» келіп тіреледі екен. Барынша зерттеушілердің еңбектерін салыстыра отырып зерттеп жаздым. Тарихты зерттегенде өзіңнің белгілі мақсатың болуы керек. Ақ не қара жағынан беруге де болады, бұл жерде мен екеуінің ортасын алдым. Режиссерге ұнап, қазір қуаныштан басы айналып жүр. (Күліп).

Қазір бәріміз «Алаш» деп жүрміз ғой, шығармашылығыма қарасам бұл тақырыпты мен екі жылдай бұрын бастап қойыппын. Менің бір таңқалатыным, бізде өткен тарихты еске алып, жаңғыртып отыру үшін міндетті түрде нұсқау керек. Шығармашылық адамдарында тарихына деген ұмтылыс болу қажет. Мысалы мен былтыр «Алжир» деген пьеса жазғанмын, биыл репрессия жылы екенін мен білген де жоқпын. Оның басын 3-4 жыл бұрын жазып, былтыр толықтырып аяқтадым. Ол тақырыпқа қызыққан себебім, менің сүйікті тақырыбым -әйел. Шығармашылығымның негізі де осы тақырып, өцткені тіршілікте бүкіл дүние әйел арқылы өтеді. Ол қоғамның сүзгісі.

- Сіздің фейсбук парақшаңыздан «Өмірдегі менің қайрағым - әділетсіздік» дегеніңізді оқыған едім. Көп көрдіңіз бе?

-(Күліп) Адам әділетсіздік арқылы өсетін сияқты. Бірде танымал, ғалым ағам кешін жүргізуді өтінді. Сол кешінде ағама «Сіздің жауыңыз болды ма?» деп сұрадым, сонда ағам ойланып отырды да: «Жоқ, өмірде менің жауым болған емес!», - деді. Сосын мен күліп, «Ой, аға, өміріңіз скучный екен...» дедім.

Не деген өмір мынау іш пысатын, менің жауым шашымнан көп. "Сая Қасымбектің басын алмасам да, аяғын шалайын" дегендер толып жүр. Атып тастағаннан басқа, қолынан келгеннің бәрін істеп жатыр. Бірақ қазір мен бейтараптыққа үйрендім. Мені театрлар қойып жатыр, драматургия әлемінде мойындалдым, жазарым бар, әлі де қосарым бар. Ал болмашыға жүйкемді құртқым келмейді. Мен өзімді одан да басқа биік дүниеге сақтағым келеді. Негізі бұрын көреген адамдар өзін жек көретіндердің ортасына барып отырып кетеді екен. Ондағы мақсат - өзінің кемшін тұсын біліп келу, сосын сонымен жұмыс істеу.

- Бейтараптыққа келу де еңбек қой...

- Әрине, оған бірден келе алмайсың ғой. Өмірден көрген теперіштерім мен өзім тәрбиелеген шәкірттерімнің сатқындығын, опасыздықты көру арқылы келдім. Құдайдың берген бір сыйы соны жеңуге деген ұмтылыс. Мен бәрібір олардан биік екенімді дәлелдеуге деген ұмтылыс арқылы жеттім.

Біздің қоғамда берері жоқ адамдар өте көп, бірақ олар айқайшыл болады. Айқайлап, дабылдап жатқандарды зерттеп қарасаң, түбі түскен шелек. Жан-дүниесі тереңдер бәріне бейтарап қарап, үндемей ісін істей береді. Неге десеңіз, өйткені оның берері, жазары бар. Піл мен қанден сияқты... Сосын мен ұмытшақпын. Жақында мен туралы жағымсыз пікір жазған кісінің қолын алып, бетін сүйіппін. Оның сондай жазбасын жанымдағылар айтқан кезде есіме түсті. Осындай ұмытып қалатыным көп. Бірақ ол үшін өкінгенім жоқ. Кейде орайымен шағып алатындар бар, ол да бір өнер бар шығар. Шыны керек, менің миым басқа бір әлемде тұрады. Сондықтан да айтып қалатын әдетім жоқ.

Қарап тұрсаңыз, мен абақтыда отырған кезімде еліміздің түкпір-түкпірінде пьесаларым көп қойылыпты. Өнер мені Сая Қасымбек деп емес, драматург ретінде қарайды. Оған көзім жетті, сол мені майда-шүйдеге бейтарап қарауыма себепші болды.

- Нельсон Манделадан оқыған мына сөз есіме түсіп отыр. Өзінің 27 жылын түрмеде өткізіп, одан шыққан соң президент атанған жан ешқашан түрмеде өткен күндеріне өкінбейтінін айтады. Себебі ол жылдар оны басшы болуға дайындаған еді. Ал сізді абақты неге дайындады?

- Ол жылдар мені сізге сұқбат беруге дайындады (күліп). Сіз неге келдіңіз, өйткені менің шығармашылығым ол жақтан төмендеп қалған жоқ, керісінше шарықтады. Сондықтан келіп отырсыз, мен де ол күндеріме еш өкінбеймін. Ол жақта отырып 34 пьеса жаздым. Сол жақта Пушкиннің шығармасын ақ өлеңмен аударған едім. Жақында құжаттарымның ішінен тауып алып оқып қарасам мін жоқ. Қазір өзіме келіп отырған шағымда олай аудара алмайтын сияқтымын. Ол кездегі көп дүниелерім әлі тұншығып жатыр. Бірақ оларға да бір күні қажеттілік туындайтынына көзім жетеді. Өмірде ештеңеге өкінбеу керек. Өмір өзі сүріну мен шалынудан тұрады. Бірақ одан тұра білу, қоғамға қайта қосылып үн қоса білу, үніне көпшіліктің назарын аудара білу мықтының мықтысының қолынан келеді. Сондықтан әр күніме шүкір деймін. Бір сатыдан екіншіге көтерілу үшін де қамшы керек. Өз өміріне бүкіл әлемді кінәлап жүретіндерді түсінбеймін.

- Шығармаларыңыздың одан әрі шарықтауына тілекшімін. Енді отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Білуімше келініңізбен бірге тұрасыз..

- Екі ұлым, келінім мен үш немере қызым бар. Уақыты келіп мына әлемнен кететін кезде еш өкінбеймін деп ойлаймын. Себебі біріншіден, ұрпақ қалдырам, екіншіден шығармашылығымда із қалдырам. Менің келінімнің түскеніне бес жыл болды. Өзім ойлаған, армандаған келін. Әр ана баласы ержеткен уақытта келінім осындай болса деп ойланады ғой. Айтуға да қорқасың, бірақ бес жылда бір жүз шайыспаппыз. Немерелерім менің бөлмеме кіріп, әшекейлеріммен ойнайды. Бір күні «Күндіз мен жоқта ойнап алмайсыңдар ма?!» десем, «Мамамыз кіргізбейді» дейді. Сөйтсем келінім, "әжелеріңнің рұқсатынсыз бөлмесіне кірмеңдер" деп үйретеді екен. Ол менің әр дүниеме құрметпен қарайды. Күйеуі мен қыздарына мен де қосылғанмын. Күн сайын кешке "қай көйлекті дайындайын, қайсы орамалды тағасыз" деп киімдерімді де дайындап қояды. Сосын тамақты да дәмді пісіреді. Ондай адамды қалай жақсы көрмейсің?!