​АСҮЙден табылатын азық-түліктен КЕРЕМЕТ МАСКА жасауға болады

0
1 495

Барлық әйелге қолжетімді, әрі кез келген әйел үй жағдайында жасай алады.


​АСҮЙден табылатын азық-түліктен КЕРЕМЕТ МАСКА жасауға болады

КРАХМАЛ+БАЛ маскасы

Ол үшін сізге 1 ас қасық бал, 1 шай қасық теңіз тұзы және 1 шай қасық картоп крахмалы қажет. Крахмалды азық-түлік дүкендерінен 50-100 теңгеге таба аласыз. Теңіз тұзы да қымбат емес, бар-жоғы 150-300 теңге шамасында сатылады. Теңіз тұзы жуынатын заттар сатылатын сөреден табылады.

Бал қою болса оны су ваннасында ерітіп алыңыз. Оған теңіз тұзын қосып жақсылап араластырыңыз. Ұнтақ крахмалды қосыңыз.

Жылы сумен жуылған бет терісіне жағыңыз. 2-3 минуттан соң тағы да қабаттап жағасыз. Тағы да 3 минутты өткізіп, үшінші қабатты жағыңыз. Осыдан кейін масканы 30 минут теріде ұстау керек. Жылы сумен жуасыз.

Бұл масканы аптасына екі рет жасаған дұрыс. Терінің түсі біркелкі болып, әжім іздері тегістеледі. Әрине нәтиже байқалуы үшін аптасына екі рет бетіңізге маска жасауға жарты сағат уақытыңызды арнай білгеніңіз жөн.



Бет терісі құрғақ болса...

Терінің құрғақтығы және ұсақ тамырлардың теріге жақын орналасуы, күннің кері әсері, сонымен қатар, сапасыз косметика құрамындағы спирттің кері әсерінен бет терісінің қызарып, ұсақ тамырларының көрініп тұруы да мүмкін.

Бұл әрине, ұсқыныңызды бұзып, терінің әсемдігін жоғалтады.

Сондықтан, үй жағдайында мүмкін болатын бет күтімін жасау шараларын тоқтатпаңыз.


Сезімтал тері үшін

Тамыры кеңейіп, сезімталдығы артқан және жұқа тері үшін 4 шай қасық сәлбен (шалфей) өсімдігін 1 стакан қайнаған суға салып, бұқтырып қойыңыз. 10 минуттан соң ыдыстың қақпағын ашып, сүзгіден өткізіп алыңыз. Осы суға 1/1 қатынасында сүт қосыңыз.

Осы сұйықтықпен тазартылған бетіңізді сүртіп, арадан тағы 20-30 минут өткенде майлы крем жағып, сұйықтықтың қалғанымен бетіңізді жуып тастаңыз.


КӘРІҚЫЗ тамыры

Кей жерлерде шоңайна, иттікен деп те аталады. Осы өсімдіктің (лопух) тамырының ұнтағына (дәріханада сатылады) 1 шай қасық бал, лимон сөлінің бірнеше тамшысы мен 1 жұмыртқаның сарыуызын және глицериннің бірнеше тамшысын тамызып жақсылап араластырыңыз.

Мұны ұйқыға жатардан алдын жасап, бетіңізге жағып жатыңыз. Таңертең тұрғанда 1 стакан суға 1 шай қасық лимон сөлін сығып, бетіңізді осы сумен шайыңыз.



Жемістер мен көкөністерді де бет терісі үшін пайдалана біліңіз

1 ас қасық сарымайды жарты алманы үккіштен өткізіп, жұмыртқаның сарыуызымен араластырыңыз. Оның үстіне 1 шай қасық бал қосып жіберсеңіз де нәтижесі керемет болады. Бұл масканы бетіңізге жағып, 20минуттан соң жылы сумен жуып тастаңыз.

Қырыққабатты еттартқыштан өткізіп, дайын болған қоймалжыңды бетіңізге жағып, жарты сағаттан соң, үй температурасындағы сумен жуып тастаңыз.

Бананды езіп, оған 2 ас қасық қаймақ, 1 ас қасық бал қосып, көпіргенше жақсылап араластырып аласыз. Дайын болған масканы сол мезетте бетіңіз бен мойныңызға жағып, 20-30 минуттай тынығып жатыңыз. Уақыт өткеннен кейін ылғалды майлықпен сүртіп тастасаңыз жеткілікті.


Үккіштің ұсақ көзінен өткізілген 2 дана сәбізді 1 дана жұмыртқаның сарыуызы мен 1 шай қасық кез келген өсімдік майымен араластырып, бетіңізге жағыңыз.

20 минуттан соң жуып тастайсыз.

2 дана шикі картопты үккіштен өткізіп, оған 1 дана жұмыртқаның сарыуызын және 1 ас қасық сүт қосыңыз.

Бұл тәсіл сіздің теріңіздің құрғауы мен терінің тозуынан ғана сақтап қоймайды, беттің ісінуін болдырмайды, өлі терілерден арылтып, бетіңіздің терісіне жаңа серпін береді.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

ОҚИ отырыңыз:


БОТОКСке ақша жұмсағанша қолдан МАСКА жасаңыз


ҚОЛТЫҚ пен ШАП аймағындағы түктерден ОҢАЙ арылуға болады