Бұл қулықты білсеңіз, кеңсе қызметкерінен салтанатты сұлуға оңай айналасыз

0
1 905


Бұл қулықты білсеңіз, кеңсе қызметкерінен салтанатты сұлуға оңай айналасыз

Жұмыстан соң той-томалақ не салтанатты кешке бару керек кездер жиі болып тұрады. Ондайда үйге барып киім ауыстырып келуге көбінде уақыт тығыз. Кептеліс пен ұзақ жол да айтарлықтай кедергі. Бірсыпыра киімді өзіңмен бірге алып арқалап жүру де ыңғайсыз. Ал, аяқ астынан шақырылсақ, тіптен тығырыққа тіреліп жатамыз.

Осындайда жедел көмекке келетін, қатаң да сүреңсіз кеңсе киімін әп-сәтте кешкі образға айналдыратын бірнеше тәсіл ұсынамыз.

  • Көлемді, жылтыр тасты әшекей тағыңыз

Кеңсе киіміне салтанатты өң берудің ең оңай жолы – көзге бірден түсетін әшекей тағу. Жылтырақ салпыншақ сырға, көлемді алқа, тастар жапсырылған манжет-білезік немесе түрлі-түсті, үлкен тастары бар жүзік және дәл қазір сәннің биігінде тұрған ауқымды тоғыншақ (ободок), ерекше шаш қыстырғыштар, моншақты түйреуіштер, таңғыш орамал – кез келгені жарайды. Бұл заттарды кеңсе тартпаларында сақтау да, оларды киімнің көпшілігімен үйлестіру де оңай.

  • Костюм ішіндегі классикалық жейдені әсем кеудешеге алмастырыңыз

Иә, классикалық үлгідегі костюм-шалбар не белдемшелер классикалық емес кез келген кеудешемен үйлесім табады. Сондықтан оларды күндіз жұмысқа классикалық жейдемен, ал кешке шілтерлі, бантты, бүрмелі, желбіршекті, пайеткалы, басқа да кешкі салтанатқа арналған кеудешемен киюге әбден болады. Тек таңертең өзіңізбен кеудеше алуды ұмытпасаңыз болғаны. Кешке бар болғаны екі минут ішінде киім үлгіңізді жаңа образға айналдыра аласыз.


  • Аяқкиім ауыстыру да тиімді әдіс

Жұмыс үстелінің бір қуысына бір жұп босоножки, лакталған туфли нмеесе биік, жіңішке тақалы ботильон қойып қойыңыз. Қажет кезінде аяғыңыздағы классикалық қайықша туфлиіңізді, лоферді немесе балетканы шешіп қойып, кешкі салтанатқа арналған аяқкиіммен кез келген «элиталық алаңға» алшаң басып бара аласыз.

  • Көлемді сөмкені сәнді клатчқа алмастырыңыз

Сөмке – гардеробтағы басты аксессуарлардың бірі. Оның ауысуы сырт бейнеңізге бірден басқаша өң бере алады. Сондықтан, қайта-қайта киім ауыстырып бас қатырып жатқыңыз келмесе, жай ғана жылтыр тасты не металды, барқыт не атласпен қапталған клатч ала жүріңіз. Кешкісін ең керегіңізді сонда салып, көлемді сөмкеңіз бен артық заттарды кеңседе қалдырып жүре бересіз.

  • Белдік те айтарлықтай рөл ойнайды

Көп орын алмайтын, алайда образ жасауда үлкен рөл ойнайтын аксессуардың бірі – белдік. Оның да классикалық емес, сән-салтанатты үлгісі жаныңызда болса, қажет кезінде кез келген костюм не көйлек беліне қыстыра саласыз. Әп-сәтте кешкі салтанатты образ дайын.

Міне, осындай елеусіз детальдарды ауыстыру арқылы образыңызға елеулі өзгеріс енгізіп, кеңсе қызметкерінен сән-салтанаты келіскен сұлуға әп-сәтте айнала аласыз.

Аударған: А.Бектұрған,

ERNUR.KZ