КИІМДІ де ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАУ керек

0
2 505

Вирус киім арқылы жұқпасын десеңіз, дезинфекция жасаңыз.


КИІМДІ де ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАУ керек

Бүгінгінің басты тақырыбы жан-жақты қауіпсіздік шараларының жасалғанына қарамастан басылмай тұр. Билік тарапынан қажетті шаралар қолға алынуда. Алайда, жекелеген азаматтардың өз жауапкершілігін әлі де толық сезінбеуі және сақтық жасамауы жағдайды қиындатуда.


Иә, біз бетперде тағу мен қолды жиі жуу арқылы зарарсыздандыруға дағдыландық. Үйді де қайта-қайта жуып-сүртіп жатырмыз. Алайда, ескермей жүрген тағы бір маңызды нәрсе бар, ол – көшеге әр шығып келген сайын киген киімді дезинфекциялау.


Коронавирус ауа-тамшылы жолмен, дене жанасуымен ғана емес, түрлі заттар беті арқылы да жұғады. Соның ішінде киім-кешек те бар.


Көшеден келгенде кіреберіске аяқкиіммен бірге сыртқы бір қабат киіміңізді де шешіп, дезинфекция жасау үшін сонда қалдырыңыз. Сол жерден бұрын зарарсыздандырылған киім киіп алыңыз. Бұл – бірінші кезекте отбасыңыздың қауіпсіздігі үшін керек.


Бірден айту керек, вирустың бұл түрін әлі толық тани алмадық. Соңғы зерттеулер бойынша ДДСҰ мамандары коронавирус мата сияқты жұмсақ материалдар бетінде тіршілік етпейтінін айтып үміттендіруде. Алайда, киім-кешекке түскен жағдайда 12 сағатқа дейін жұқпалылығын сақтайды деушілер де бар. «Сақтықта қорлық жоқ», қорғанайық.



Сіркесуы, сутегі асқын тотығы, ас содасы, лимон шырыны не шай ағашы майы – осылардың бірі қосылған суға киімді салып, жарты сағаттай қайнату ең сенімді жол. Бірақ, мұндай қайнатуға барлық киім шыдас бере бермейді. Сондықтан, келесі дезинфекция амалдарын білген де артық емес.


Киім-кешекті зарарсыздандырудың әмбебап әдісі – түрлі қоспалар қосылған ыстық сумен жуу. Дүкендерде микробтарды өлтіруге арналған киім жуу құралдары сатылады. Қолда болса, қажетке жаратыңыз. Болмаса, қарапайым дақ кетіргіштер қосуға болады. Ақ киім үшін ағартқышты қолданыңыз, ол ағартып қана қоймай, зарарсыздандырады да.


Сонымен қатар, әрбір жуылғаннан кейін киімді үтіктеуді ұмыт қалдырмаңыз.

Ескеру керек бір нәрсе – суға киімді салар алдында сілку әдетінен арылыңыз. Сілку арқылы вирустың үй ішіне таралу қаупі барын естен шығармаңыз. Оған қоса, үйдегі барлық заттың бетін құрамында спирт бар сұйықтықтармен сүртіп тұру да артық болмайды.



Аяқкиімді дезинфекциялау үшін арнайы құралдарды алып қолдануға болады. Сонымен қатар, үйде бар заттармен амалдау да әбден мүмкін.


  • Нашатыр спирті болса, онымен дәкені дымқылдап, аяқкиімнің іші-сыртын сүртіңіз де, таза ауада желдетіңіз.
  • Су араласпаған сіркесуын мақтаға сіңіріп алып, аяқкиім ішіне салып қойыңыз. Ауа өткізбейтін қалтаға салып, аузын жауып бірнеше тәулік ұстаңыз. 1-3 күннен кейін қалтаны ашып, сіркесуының өткір иісінен арылту үшін аяқкиімді таза ауаға қойыңыз.
  • Үш пайыздық сутегі асқын тотығына мақтаны малып, артық сұйықтықты сығып тастап, аяқкиімді сүртіңіз. Соңына таза ауаға қойыыз. Немесе сутегі асқын тотығын бүріккішпен сеуіп қоюға болады. Бұл жағдайда кебуі үшін бірнеше күн керек.


Мұқият болыңыз. Сақтық шараларын қажетінше жасау арқылы өз отбасыңызды, айналаңызды, тіпті бүкіл әлемді құтқаруға үлес қосасыз.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Кімдер вирустық инфекцияны тез жұқтырады?


АНТИСЕПТИК құрамындағы заттар ӘЖІМДІ кетіреді