ҚОЛШАТЫРдың сәнді де сапалысын қалай ТАҢДАЙМЫЗ?

0
1 930

Қолшатыр – бәріне қажетті аксессуар. Әсіресе, күз, қыс, көктем мезгілдерінде.


ҚОЛШАТЫРдың сәнді де сапалысын қалай ТАҢДАЙМЫЗ?

фото: Baryshna.ru

Жауын-шашын маусымында сенімді серікке айналатын қолшатырдың сапалы болуы оның қызметін де сапалы әрі ұзақ мерзімді етеді. Ал, жан дүниемен және киіммен үйлесім тауып, сәніңізді келтіріп тұрса, тіптен керемет! Ендеше, қолшатыр сатып алу миссиясына кіріспей тұрып, оның сәнді де сапалы түрін таңдау жөнінде кеңестермен «қаруланып» алыңыз.


ТҮР мен ТҮС

Әлбетте, бұл аксессуардың түсі мен түрін таңдауда әркім өз талғамына сүйенеді. Алайда, жалпыға ортақ кей ережелерді ескерсеңіз, қателеспейсіз. Мәселен, қолшатыр күмбезінің түсі жасыл болса, оның астында реңіңіз науқас адамдай солғын көрінеді. Ал, қызыл түсті шатыр өзгеден бұрын өзіңіздің жүйкеңізге тиюі немесе тез жалықтыруы мүмкін. Сондай-ақ, сары, ақ, көгілдір, басқа да ашық түсті қолшатырлар бір жауыннан соң-ақ кірлеп шыға келеді. Осы себептерді ескеріп, қара, алтын түстес, күміс түстес немесе сарғыш күмбезді қолшатыр таңдасаңыз, өкінбейсіз.

Ал, қолшатырдың көмегімен сәнқойлар қатарынан табылғыңыз келсе, принт басылған түрлерін таңдауға кеңес береміз. Нақты қандай принт?

  • Тік не көлденең жолақтар;
  • Геометриялық пішіндер;
  • Атақты суретшілердің танымал картиналары;
  • Архитектуралық ғимараттар;
  • Мата бетіне қолмен жазылған жазу;
  • Классикалық шаршы;
  • Көлемді гүл;
  • Түрлі көлемдегі бұршақ.

Ерекше пішінді шатырлар иесін де өзгелерден ерекшелеп тұрады. Мақсатыңыз даралану болса, төртбұрыш, үшбұрыш, басқа да пішімдерді таба аласыз. Тек, өзгеше пішіндегі қолшатырды алғанда түсінің біркелкі болғаны абзал. Сонда талғамыңыз төмен, образыңыз арзан болып көрінбейді.

Образға сырбаздық қосып, иесін ақсүйек сынды көрсететін таяқ пішінді қолшатырлар сән биігіне қайтадан көтерілді. Күнделікті ұстауға ыңғайсыз болғанымен, айрықша салтанатты жағдайларға арнап біреуін алып қоюға болады.

Тағы бір стильді әрі өзгеше көрінетін ­– күмбезі былғарыдан тігілген түрлер. Қара былғары күрте немесе ұзын пальтолармен керемет үйлесім табады.

Күмбезі түссіз материалдан тігілген қолшатырлар да сәнді әрі ыңғайлы нұсқа. Олар айналаны көзден таса қылмайды, сізді де сыртқы әлемнен жасырмайды.

Соңғы үлгідегі қолшатырлардың күмбезі көбіне жалпақ емес, біршама сүйірленген, жиектері бұрынғыдан төменірек, пішіні сопақша етіп жасалуда. Осындай пішінді әрі түссіз күмбездердің ыңғайлы екені даусыз.


СӘН ғана емес, САПА да маңызды

Дүкен сөресінде самсаған қолшатырларды сапа сынынан өткізу үшін мыналарды білуіңіз керек:

  • Ең сапалы қолшатырлар – француз, жапон және голландтық өнімдер. Фирмалық түпнұсқаның тұтқасында, күмбезінде, қыспа белдікшесінде және затбелгіге тігілген түймеде фирма логотипі басылады.
  • Сапалы түпнұсқада штрих-код болады, гигиеналық сертификат және 6-12 ай мерзіміне кепілдік беріледі. Сондай-ақ, затбелгіде мата құрамы көрсетілуі тиіс.
  • Тексеру барысында қолшатырды бірнеше рет ашып-жабыңыз. Механизм тұтылып қалмауға, оңай ашылып, жеңіл жиналуға тиіс.
  • Қолшатырды ашқанда күмбезі салбырамай, қыртысталмай, теп-тегіс болып жайылуы керек.
  • Қолшатырды ашылған күйінде арлы-берлі шайқап көріңіз. Біліктің мықты әрі сапалы бекітілгенін осылайша білуге болады. Қозғаған кезде сықырлаған, шиқылдаған дыбыстар естілсе, күмбезі қатты шайқатылып тұрса, сенімді емес деген сөз.
  • Күмбез астындағы барлық шабақтың ұзындығы бірдей болуына мән беріңіз. Ашық қалыпта шайқағанда күмбез пішінін қалыпты ұстап тұрса, бұл шабақтардың сапалы екенін білдіреді.
  • Шабақтар астауша түрінде жасалады. Олардың ойық (ішкі) жағы төмен (сыртқа) қарап, дөңес жағы күмбезге бекітілуге тиіс. Осылайша қадалған шабақтар жел екпінімен сыртқа қарай қайырылып кетпейді.
  • Айналадағы заттарға ілініп қалмауы үшін шабақтардың ұшына арнайы қалпақшалар кигізілген болуы қажет.
  • Күмбезді білікке бекітетін қақпақшаның пластиктен емес, металдан жасалуы және бұрандалы болуы маңызды.
  • Жиналмалы қолшатыр алар болсаңыз, білік пен шабақтардың біріккен тұстарына айрықша зер салыңыз. Олардың шайқатылуын, әлсіздігін қолмен ұстап қана білуге болады.
  • Қолшатыр білігі екі түрлі олып келеді: дөңгелек және қырлы. Сапалысы – қырлы білік. Қыры неғұрлым көп болса, білік те соғұрлым төзімді болады.


Оқи отырыңыз:

Сандықтан шыққан сырткиім: былғары күртенің иісі мен қыртысын қалай кетіреміз?


МЕХАНИКА әлде АВТОМАТ?

Механизміне қарай қолшатырлардың үш түрі бар:

  • Механикалық – қолмен ашып-жабылады;
  • Жартылай автомат – түймені басу арқылы ашылып, қолмен жабылады;
  • Автомат – ашу да, жинау да бір түймені басу арқылы жүзеге асырылады.

Бұл үшеуінің қайсысын таңдау алушының өз еркінде. Білу керек бір нәрсе: ыңғайлылық жағынан автомат бірінші орында, ал, қызмет ету ұзақтығы жөнінен механикаға жетері жоқ. Жартылай автомат осы екеуінің аралығында жүретіні түсінікті.

Міне, осындай қарапайым бірақ құнды кеңестерді ескерсеңіз, сапалы да сәнді қолшатырды табу сізге қиынға түспейді.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ