КӨЗ астындағы «ҚАЛТАНЫ» тез кетіруге болады

0
11 849

МЫНА тәсілдер әп-сәтте көз астының ісінуін кетіреді


КӨЗ астындағы «ҚАЛТАНЫ» тез кетіруге болады

Бұл әдісті сіз аяқ астынан бір жаққа шығуыңыз керек болғанда, үнемі көлкілдеп ісіп, көзіңіздің асты қалталанып тұратын жағдайда қолданыңыз. Әсері жылдам болғанымен, нәтижесі тым ұзаққа созылмайтынын да естен шығармаңыз.

Тек бірнеше сағатқа өзіңізді сенімді сезіну үшін, бет-әлпетіңіздің сынын бұзып тұрған «қалташадан» оп-оңай, жылдам құтыла аласыз.

Уақытша болса да қажет кезінде көмекке келетін бұл тәсілді де ұдайы қолдана беруден шаршаған болсаңыз, міндетті түрде дәрігерден кеңес алып, түбегейлі мәселеңізден құтылудың жолдарын қарастырғаныңыз жөн.

Ал, тез арада жылдам шешім тапқыңыз келетін жағдайда МЫНА тәсілдерді қолданып көріңіз:


1.Суық КОМПРЕСС

Көз асты терісі өте жұқа болғандықтан, мұндағы қалталану, ісіну көзге айқын көрінеді. Суық компресс жасаудың мұндай кездегі көмегі тері асты тамырларын тарылтып, ісінуді жеңілдетеді.

Мақта жастықшасын (диск) немесе жұмсақ шүберекті салқын суға батырып, көздің астына 3-5 минутқа қойыңыз. Тағы бір нұсқасы, металл қасықты салқын суға салып алған соң майлықпен құрғатып, сүртіп алыңыз. Одан соң қасықтың дөңес жағын көз астына ұстап тұрыңыз. Қасық дене температурасына дейін қызғанша ұстаңыз. Егер әсері жеткіліксіз көрінсе, процедураны тағы қайталасаңыз болады.

Сондай-ақ, балғын қияр немесе картоптың тілімдерін салқындатып көзіңізге суық компресс жасасаңыз да болады.


2.Шай «ҚАЛДЫҒЫ»

Шайдың қалташалары көз асты қалташаларын кетіреді. Шай қалдығының (сама немесе шәме делінеді) қай түрі болса да бәрібір. Қара немесе көк шайдың қайсысын алсақ та олардың құрамында кофеин бар. Кофеин тері астына сіңгенде қан айналымын жақсартып, артық сұйықтықтан арылтуға көмектеседі.

Ол үшін:

Екі қалташа шәйді қайнаған суға салып қана қоймаңыз, 3-5 минут бойы қайнасын. Содан кейін шай қалташасын судан шығарып алып біраз суытыңыз. Тоңазытқышқа 20 минутқа салып қойыңыз. Содан кейін шай қалташасындағы артық суды сығып тастап, көздің астына 15 минуттан жарты сағатқа дейін ұстаңыз.

Табиғи кофенің тұнбасы да шайдың баламасы бола алады. Тек қана кофе қалдығын көз астына баппен жағу керек, ысқылауға болмайды, әйтпесе теріге зақым келтіріп аласыз.

Мұны да 15 минуттан 30 минутқа дейін ұстай аласыз. Одан кейін жылы сумен жуып тастау керек.


3.Геморройға қарсы кремді қолданып көріңіз

Бұл кеңес құлағыңызға түрпідей естілуі мүмкін, бірақ дәл осындай кремді қолданып көрсеңіз, көзіңіз жетеді. Геморройға қарсы дәрі-дәрмектің құрамына қан тамырларын тарылтатын ингредиенттер кіреді, бұл ісінуді азайтуға көмектеседі.

Айта кетерлігі, мұны сақтықпен қолдану керек, себебі терінің тітіркенуін тудыруы мүмкін. Егер сіз осы кремді көз астына жұқа етіп жаққаннан кейін қызаруды немесе терінің қызғанын байқасаңыз, дереу сулы майлықпен сүртіп тастаңыз, содан кейін жылы сумен және сабынмен жуыңыз.


4. Косметикалық ПАТЧ қолданыңыз

Көз астындағы түрлі проблемалармен күресетін дайын патчтар олар теріні тиімді түрде қатайтады және ісінуді азайтады. Оларды тоңазытқышта сақтасаңыз, олар суық компресс рөлін де қоса атқарады.

Сонымен қатар:

* Ұйқыңыз шала болмасын, ересек адам тәулігіне 7-8 сағаттан кем ұйықтамауы қажет.

* Басыңызға міндетті түрде жастық қойып ұйықтаңыз, өйткені бұл көз астына сұйықтықтың жиналуына жол бермейді.

* Етпетіңізбен жатпауға тырысыңыз. Өйкені бұлай ұйықтау көзге сұйықтық ағынын келтіреді және ісінуді тудырады.

* Кешкі асқа тұзды тамақ ішпеңіз. Тұз шөлдетеді, оның әсерінен суды мөлшерінен арттырып жіберуіңіз мүмкін. Сонымен қатар, тұз денедегі сұйықтықтың шығарылуын тежейді. Нәтижесінде ісіну пайда болады.

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


СҰЛЫ СҮТІнен сиқырлы маска жасаңыз

Жаңа жылдық ЕҢ СӘНДІ маникюр түрлері