Күлімсіреу күні: Суретке күліп түсудің тәсілдері

0
4 409

Көп қыздар өзінің суретке дұрыс түсе алмайтыны үшін шағымданады. Бұл олқылықтың орнын төмендегі кеңестер арқылы толтыруға болады.


Күлімсіреу күні: Суретке күліп түсудің тәсілдері

Алдымен кеңестерден бұрын, күлімсіреу жөніне тоқтала кетсек. Асыл дінімізде күлімсіреу сүннет екенін естеріңізге салайық. Одан бөлек, 1999 жылдан бері қазан айының алғашқы жұмасы "Күлімсіреу күні" деп аталып өтеді. Ол қазір біз интернет желісінде қолданатын сары смайликтермен тығыз байланысты. Бірде америкалық атақты компания талантты суретші Харви Бэллге визит карточкаларына символ жасап беруге тапсырыс береді. Сол кезде суретші сары күлімсіреп тұрған бейнені салып берген екен. Қазір барлығымыз дерлік осы таңбалар арқылы эмоциямызды жеткізіп жүрміз. Барлық қыздар желідегі жазбасында ғана емес, суретте де осы эмоцияны беруді қалайды. Ендеше күлімсіреген бейнені желіге жүктеу үшін қандай кеңестер көмектесетінін біліп алыңыз.


Селфи түсіріңіз. Камераны өзі ұстап түсіру адамға қорықпауға көмектесіп, сенімділігін арттырады. Суреттерді көп түсіру арқылы өзіңіздің жақсы образыңызды қалыптастырып алуға болады. Бетіңіз тегіс, сыртқы бейнеңіз мінсіз болуына жағдай жасаңыз. Мысалы басыңызды қалай қарай игенде жарасымды болатынын анықтаңыз. Бір емес, бірнеше суреттер түсіріп оларды өңдеңіз. Қазір өңдейтін бағдарламалар өте көп. Тек ыңғайлы, түсінікті түрін тауып алыңыз.

Жақсы нәрсе ойланыңыз! Әдетте сәнгерлер суретке түсер алдында өзінің қуанышты сәттерін естеріне түсіреді екен. Бұл оның жүзінде «бақытты» режимінің қосылуына себепші болады. Осындай сәтті камерада ұстауға тырысыңыз.

Жаттығумен айналысыңыз. Бос уақытыңызда беттің бұлшық еттеріне арналған жаттығуларды жасаудың да артықтығы жоқ. Қарапайым ғана жаттығу: Ерініңізді жиырып, жіберіп бес реттен қайталап тұруға болады. Бірақ ерініңіз ғана емес, көзіңіз де күлуін қадағалаңыз. Себебі күлкіңіз мінсіз болғанмен, көзіңізден байқалмаса бәрі бекер.

Ұялмаңыз! Тістеріңізді көрсетіп күлуден ұялмаңыз. Байқайсыз ба, шынайы шыққан күлкі сіздің басқа кемшіліктеріңізді жасырып тұрады. Өзіңіздің еркін, шынайы болуыңызға бөгет қоймаңыз.

Дұрыс күліңіз. Кейбір қыздарға тек жымиған жарасады, ал тағы біреулерге маржан тістерін көрсетіп күлген жарасымды. Ол сіздің образыңызға тікелей байланысты. Одан бөлек күлкі үшін еріннің формасы да маңызды. Мысалы жіңішке еріндерге ауызын тым қатты ашып түсу жараспайды. Оларға тек үстіңгі тісінің төменге жағын көрсетсе де жеткілікті.

Фото: @nazgul_nazar

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ