МӘДЕНИЕТТІ адамдар МҰНДАЙ жерге иіссу сеуіп бармайды

0
2 206

Қандай жерлерге иіссу сеуіп барған орынсыз екенін біле жүріңіз.


МӘДЕНИЕТТІ адамдар МҰНДАЙ жерге иіссу сеуіп бармайды

Иіссу себініп жүрудің өзі бір мәдениет.

Алайда, әдепке сүйенсек, оның да орынсыз болатын кезі бар.

Білмесеңіз, біз айтамыз. Ал сіз ойға сақтаңыз.


Иіссу таңдауда оның жұпарының сізге ұнауы жеткіліксіз. Олардың күндізгі және кешкі болып бөлінетінін ескеру керек. Кешкі хош иістер өткір, мұрынға бірден сезілсе, күндізгілер танауды жармайтындай жұмсақ, аса сезілмейтін болып келеді. Жыл мезгілдеріне орай жазғы және күзгі деген түрлері тағы бар. Осылардың орнын сақтау – басты шарттардың бірі. Сонықтан, бір жерге барарда сол орынға лайық киімді таңдағандай, иіссуды да таңдау керек.


Сондай-ақ, мүлдем иіссусыз барғанды дұрыс көретін орындар да бар.

  • Дауыс қатты естілмейтін жерлерде өткір иіс те сезілмеуге тиіс. Дауыс көтеріп қатты сөйлемейтін жерлерге жерлеу рәсімі болып жатқан орын, кітапхана, семинар, сабақ, жұмыс орны секілділер жатады. Бірінші жағдайда иіссу себу – жақыны қайтыс болып отырған қайғылы жандарды құрметтемеу болып саналады. Ал, кітапхана, сабақ, семинарға келсек, онда жиналған адамдардың ойы мен ниеті – білім алу, ақпаратқа қанығу. Еліктіретін, мұрын жаратын хош иістермен олардың ойын басқа арнаға бұру – әдепсіздік. Жұмыс орнына қатысты да осыны айтуға болады. Қызығы, дәл осындай «тыныш» орындар қатарына театр, кинотеатр, көрме-галереялар да жатады. Алайда, онда иіссу сеуіп баруға әбден болады. Себеп, театрда жанындағы адамның жұпары көңіліне жақпаса, орын ауыстырып отыра алады. Тіпті болмағанда, кетіп қалса да өз еркі. Ал, сабақ, жұмыс секілді жерлерде мойнында міндет болғандықтан, қаншалықты иіс жақпаса да оны жұтуға мәжбүр болады.
  • Спорт, бассейн, тамақтану орны және қоғамдық көлік. Қоғамдық көліктегі алуан түрлі өткір иістер – арнайы атауға тұрарлық мәселе. Кішкентай жерде тығыз тұрған бірнеше адамның әрқайсының үстінен әртүрлі жұпар аңқиды. Олар араласып келіп тіптен басқа иіс пайда болады. Жағымды болуы екіталай. Көбінесе жағымсыз, қолқаны қабады. Сондықтан, мәдениет пен әдепті ескеретін, өзгелердің де қамын ойлайтын азаматтар қоғамдық көліктегі «иіссулар коктейліне» үлес қоспайды. Қоғамдық тамақтану орнында да солай. Біреудің бұрқырата сепкен иіссуы оны ұнатпаған екінші біреудің тәбетін бұзуы бек мүмкін. Сондай-ақ, спортзал, фитнес залдарға бару үшін спорттық киім болса жеткілікті. Хош иістен «киім киюдің» жөні жоқ. Әйтпесе, жаттығу кезіндегі тер мен әтір иісі араласып, тура қоғамдық көліктегідей жағдай орын алады. Бассейнге қатысты білетініміз – ондағы хлорлы су мен сіздің иіссуыңыз араласса, тітіркену тудырып, теріге айтарлықтай зақым келеді.
  • Тәні науқас, жаны жаралы адамдардың жанында жұпар аңқып отыру – оспадар қылық. Әсіресе, науқас кішкентай бала болса. Мұндай жағдайда өзі әлсіреп, мазасы кетіп отырған жанның құты одан сайын қашуы ықтимал. Тіпті, әтір исінен біреулердің жүрегі айнуы, басы айналуы, аллергия беруі де бек мүмкін. Сондықтан, ауруханаға барарда да әтір сеуіп әуре болмаған дұрыс. Жалпы, аурухана ғана емес, науқас кісілер және кішкентай балалар көп жиналатын басқа да балабақша, мектеп секілді орындарға қатысты айтарымыз осы.

Бұл айтқандармен келіскіңіз келмесе, ерік сізде. «Онсыз жүре алмаймын» десеңіз, әрі мәдениетті, әрі хош иісті болып жүрудің бір жолы бар. Гардеробыңызда екі иіссу болсын. Бірі – өткір хош иісті кешкілік, екіншісі – күндізге, кешкілік баратын көпшілік орындарға арналған әмбебап (гүлді, жемісті, балғын), нәзік те жағымды иісті, жұпары алыс-жақынды жайлап кетпейтін парфюм.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

САПАЛЫ КИІМДІ сапасыз көшірмеден АЖЫРАТУдың 9 тәсілі