Сандықтан шыққан сырткиім: былғары күртенің иісі мен қыртысын қалай кетіреміз?

0
1 907

Былғары күртенің қыртысын жазу үшін оны ары-бері тартқылап, соза көрмеңіз. Бұл үшін басқа әдіс бар.


Сандықтан шыққан сырткиім: былғары күртенің иісі мен қыртысын қалай кетіреміз?

иллюстрациялық фото: nazya.com

Жаз шыға сандықтарға, сөмкелердің түбіне тоғытылған сырткиімдерді қайта шығаратын шақ келді. Алдын ала сайлап қоймасаңыз, ауа райы күтпеген жерден алқымнан ала салады.

Шығаруын шығарамыз-ау, бірақ онымен шаруа біте қоя ма? Жоқ. Өйткені көбіміз іліп қоятын орынның аздығынан сырткиімдерді дұрыс сақтамаймыз. Салдарынан киімге қыртыс түсіп, жазу қиынға соғып жатады. Әсіресе, былғарыдан тігілген күртелер.

Бірақ, қамықпаңыз. Төмендегі әдістер бұл шаруаны біршама оңай да оңтайлы етеді.

Ең алдымен ескертер нәрсе: былғары күртелердің қыртысын жазу үшін оны ары-бері тартқылап, соза көрмеңіз. Сондай-ақ, ыстық су мен ыстық будың да бұл жағдайда пайдасынан зияны басым.


1. Бірінші әрекет – ол, әрине, күртені иықағашқа ілу. Осы қалыпта тұрса да қыртыстар жазылады, алайда ол үшін көп уақыт керек.


2. Өздігінен тегістелгенін күтпей-ақ, ауа буының көмегіне жүгініңіз. Ол үшін күртені ілгішімен апарып ваннаға іліңіз де, ыстық суды ағызып қойыңыз. Күртеге су тамшылары тимейтін болсын, әйтпесе теріде дақ пайда болады. Ауаға таралған жылы бу астында жарты сағат тұрғаннан соң құрғақ бөлмеге шығарып іліңіз. Бір тәулік ішінде бір де бір қыртыс қалмайды.


3. Тағы бір тәсілі – киімнің қыртыс болған тұсын тегіс жерге жазып, үстінен ауыр әрі жалпақ затпен бастырып қою. Бұл үшін кітап, су толтырылған ыдыс секілділер жарайды.


4. Бүріккішке салқын су құйып, ілгіште ілініп тұрған күртенің барлық бөлігіне түгелдей сеуіп шығу керек. Содан соң температурасы мен ауа ылғалдылығы тұрақты бөлмеде 10-12 сағаттай кептіріледі. Өтпе жел не температураның өзгеруі күртеге зиян екенін есте сақтаңыз.


5. Күртені орындық арқалығына іліңіз де, жұмсақ жөкені вазелин, глицерин немесе жаңғақ майына малып, қыртыстарға жағып шығыңыз. 2-4 сағат ішінде былғары жұмсарып, тегістеледі. Соңынан таза матамен ысқылап сүртіп ала қоясыз.


6. Уақыт тапшы болып тәулік не сағаттарды күте алмайтын болсаңыз, үтікті қолдануға тура келеді. Аздаған құпиясын ескерсеңіз, ол қауіпсіз. Бірінші шарт – үтік температурасын ең төменгі деңгейде қыздыру. Екінші шарт – қағаз не тегіс мақта-матаны екі бүктеп күрте бетіне қойып, үтікті соның сыртынан басу. Үшінші шарт – үтікті арлы-берлі сырғытпай, бір орынға басып, қайта көтеріп жұмыс жасау керек.


Оқи отырыңыз: Колготка киюдің қаншалықты зиян екенін білесіз бе?


Келесі бір ұнамсыз жайт – киімге жағымсыз иістің сіңіп қалуы. Басқа киімдерді бір жуып алуға болады, ал былғары күртеге келгенде абзалы – жиі жумау. Сондықтан, басқа амал ойластыру керек. Мына әдістерді байқап көріңіз.

1. Сірке суы құрамындағы қышқыл жағымсыз иіспен жақсы күреседі әрі өзінің де өткір иісі тез арада ұшып кетеді. Ақ сірке суы мен суды 1:1 пропорциясында араластырып, күртенің теріс бетінен кішкене бөлігіне тамызып көріңіз. Материалға ешқандай залалы тимесе, араласқан ерітіндіні су бүріккішке құйып, бұйымға сеуіп шығыңыз. Содан соң жұмсақ матамен құрғатып сүртіп аласыз.

2. Жоғарыда айтылғандай былғары күртенің қыртысын жазу үшін ыстық су құйылған ванна үстіне іліп қояр болсаңыз, оған бір стакан ақ сурке суын құйып жіберуді де ұмытпаңыз. Бұл арқылы қыртысты ғана емес, жағымсыз иісті де кетіріп, «бір оқпен екі қоян атуға» болады.

3. Жағымсыз иісті жақсы соратындардың тағы бірі – кәдуілгі ас содасы екені белгілі. Оған қоса, ас содасының былғарыға ешқандай зияны да жоқ. Сондықтан, содамен күш біріктірсеңіз, жағымсыз иісті жеңіп шығуға мүмкіндік артады. Былғары бұйымды сөмке не қалтаға салып, үстінен жұқалап ас содасын себіңіз. Аузын мықтап жауып, бір түн не тәулік бойына қалдырыңыз. Соңыра жұмсақ матамен сүртіп тазалап аласыз. Сода ұнтақтары киімнен кетпей жатса, шаңсорғышпен жүріп өтуге болады.

4. Газет немесе орауыш қағазға былғары бұйымды орап бірнеше күн бойы қойып қойыңыз. Жұмсақ, кеуек қағаз барлық иісті өзіне сіңіріп алады. Бұл әдіс өте оңай болғанымен, бірнеше рет қайталауды талап етеді. Жағымсыз иіс мүлдем жоқ болғанша қағазды ауыстырып қайта жасау керек.

Дайындаған: Айгерім Мейірханқызы,

ERNUR.KZ