​17 жастағы қыздарға қажетті 17 кеңес

0
15 598

17 жастағы қыз бала 17 қағиданы бойына сіңіріп, әрекет ете білсе, ол келешекте ең бақытты, ең жолы болғыш, ең сұлу әйелге айналатыны сөзсіз.


​17 жастағы қыздарға қажетті 17 кеңес

Балалық шақтан бой түзеп келе жатқан бойжеткен қыздың қайсысы қатарының алды болуға, өз ісінің шебері, айналасындағылармен тез тіл табысып, жайнаң қағып жүргісі келмейді дейсіз?

Қазақ қызының бойынан табылуға тиіс қасиеттер мен ана тәрбиесінің жеткілікті дәрежеде болуы үшін әрине, көп қажыр-қайрат қажет. Шын ықыласпен жасалған әрекет болса, ол міндетті түрде өз жемісін береді.

Сондықтан, біз әлі де бой түзегенмен, «ойын түзеп үлгермеген», яғни, балалық шағына қол бұлғап қошатаса алмай, қимастықпен қарап тұрған бойжеткенге аздаған кеңес бере кетуді жөн санап отырмыз.


17 жастағы қыз бала 17 қағиданы бойына сіңіріп, әрекет ете білсе, ол келешекте ең бақытты, ең жолы болғыш, ең сұлу әйелге айналатыны сөзсіз.


1. Бұл жаста әрбір қыз баласының бойында кездесетін «кемшіліктерді» ұмыту керек. Яғни, комплекстен арылу қажет. Оның орнына басқалардан ерекшеленіп тұратын сұлулығыңыз болсын, мінез ерекшеліктеріңіз болсын оны дамытуға барынша тырысыңыз. Сол айшықты белгіңізді, қасиетіңізді өзіңіздің ерекшелігіңіз деп бағаласаңыз, сіз басқалардан артық екендігіңізді сезінетін боласыз.


2. Басыңызды «имеңіз». Барлығынан алда болуды қалайтын қыз әрдайым алдына тік қарайды. Яғни, тым төменшіктемей, өз ойыңыздағы ашық білдіре алуыңыз тиіс.


3. Өзіңізді ешқашан «Мен көріксізбін» деп кемсітпеңіз. Егер де осындай ой санаңызға қалыптаса бастаса, жасанды бет-әлпетпен жүрген, қолдан жасап алған сұлулықтың әсерінен табиғи жаратылысына қарсылық танытқан әйел-қыздардың қазіргі өмірі жайлы ойланыңыз. Денсаулығына да, бет терісінің уақытынан бұрын тозғанына да себеп болған «қолдан жасалатын сұлулық» себеп болып жатқанын естен шығармаңыз.

4. Белсенді болыңыз, өзіңізге деген сенімді одан әрмен күшейте түсу үшін жұмыс жасаңыз. Үнемі сәттілік сізге жолдас болмаса да алған бетіңізден қайтпай, мақсатыңызға жетуге бір қадам жақындай түсіңіз.


5. Өзгенің сөзін бөлмеңіз, мұқият тыңдаңыз. Және айналаңыздағы адамдардың пікірін құрметтеңіз.


6. Бір орында тұрақтап қалмаңыз. Үнемі ізденісте болу, өзіңізді дамыту, жетілдіру сіздің сұлулығыңыз бен өзіңізге деген сенімділігіңізді арттыра түсетініне күмәніңіз болмасын. Бірсыдырғы өмір адамды тез шаршататынын ұмытпаңыз.


7. Қас күтімін қазірден бастаңыз. Өйткені, қиылған қас пен мойылдай қара көздер қыз баланың сұлулық қаруы деп саналады. Қыз бала үшін тазалық пен ұқыптылық, өз бойыңызға селқос қарамау ең керекті әдет.


8. Өз бойыңызға күтім жасаумен қатар, иіссуды да дұрыс таңдай біліңіз.


9. Баттасқан бояу сіздің жасыңызды өз қатарыңыздан әлдеқайда үлкен етіп көрсететінін есепке ала отырып, опа-далапты да аз қолданып, жеңіл ғана боянсаңыз жеткілікті. Есесіне, таза ауада көбірек болсаңыз, бұл жүзіңіздің тынық болуына көмектеседі. Жастық шақтың өз сұлулығын жасыруға әуестенбегеніңіз жөн.


10. Ең маңыздысы, білімге деген ізденістен басқа да қызығушылықтарыңызды жүзеге асырыңыз. Мәселен сіздің қолыңыздан келетін істің бірі тоқу, тігін немесе тәтті тоқаштар пісіру болуы мүмкін. Ал кез-келген жігіт осындай "қолы гүл" қызды жар етіп алуды арман етеді.


11. «Сәнде екен» деп өзіңізге жараспайтын немесе басқалардың барлығы киіп жүрген киімді киюге құмартпаңыз. Өйткені, бір-біріне ұқсайтын киімдерді көру жалықтырарлық іс.


12. Жүріп келе жатқанда қадамыңызды «бақыламаңыз». Яғни, аяғыңыздың астына емес, еңсеңізді тік көтеріп жүру дене бітіміңіздің сымбаттылығын сақтауға септігін тигізеді.


13. Үлкен өлшемдегі киім қыз баланы қалай ұсқынсыз етіп көрсетсе, сөмке де солай. Үлкен көлемді сөмкелерге құмар болмаңыз. Кішкентай сөмкелер қыз баланың нәзіктігін одан сайын айшықтай түсетіні есіңізде болсын.


14. Кітап оқыңыз. Көбірек кітап оқу, кітапқа құмарлық дүниетанымыңызды кеңейте түседі. Ал дүниетанымы кең адам өзгелермен емін-еркін сұхбат құра алады.


15. Айқын мақсатыңыз болсын. Ойлағаныңызға жету үшін белгілі бір мәреге жетуге талпыныс қашанда керек. Сол мәреге жеткенше тынымсыз болсаңыз, діттегеніңізге міндетті түрде жетесіз.


16. Азық-түлік таңдауды үйреніңіз. Әрбір қыз бала осы жаста тым құрығанда үш түрлі тағам дайындауды білуі шарт.

17. Әдемі шаш та қыз баланың көркі екені рас. Бірақ, солай екен деп күнделікті шашыңызды ыстық үтікпен тегістеп, феннің көмегімен көлем беріп немесе шашыңызды бұйралағыштың көмегімен күн сайын сәндеп жүрудің қажет жоқ. Тек айтулы күндерде, той мен мерекелерде ғана ол жарасымды. Ал жәй күндері шашыңызды жәй ғана жинап жүрсеңіз, шаш гигиенасын сақтасаңыз жеткілікті. Өйткені, жасыңыз отызға жетпей төгіле бастаса, сынғыш болса, әлгі «сәндеудің» әсері. Сондықтан, таза шаш әрқашан өз көркін жоғалтпайды.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқуыңыз: Ашуыңызды оңай ауыздықтау үшін 7 тәсілді біліңіз

Күйеуіңізге АНА емес, ӘЙЕЛ болыңыз!