​ӘКЕ мен АНАның балаға беретін ең жақсы ҮЛГІСІ

0
5 783

Бұл әрекеттеріңізге Сіз күнделікті мән бермеуіңіз мүмкін...


​ӘКЕ мен АНАның балаға беретін ең жақсы ҮЛГІСІ

Баланың әр іс-әрекеті, ой-пікірі отбасында көріп өскеніне қарап қалыптасатыны – әлдеқашан дәлелденген шындық. Сондықтан, ата-аналар қандай қадам жасаса да, бірінші кезекте «Бұл арқылы балама қандай үлгі беремін?» деп ойлануы керек.

Әлбетте, ешкім өз баласына қасақана жаман үлгі көрсетпейді. Бұл байқаусыздан не білімсіздіктен орын алады. Ал, біршама ізденіп, тереңірек ойланған ата-ана баласына жақсы үлгі болатын әрекеттерді әрқашан таба да, жасай да алады. Мәселен, мынадай ұсақ-түйектердің өзінің балаға берер жақсы үлгісі көп...


Қайырлы таң тілеу

Айтқанға оңай әрі соншалықты маңызды емес сияқты. Алайда, жақын адамдардың бір-біріне қауырлы таң мен қайырлы түн тілеуі, қоштасарда және жүздескенде бір-біріне жақсы сөздер арнауы айрықша жағымды энергия береді. Сондықтан, күнделікті ұйқыға жатарда және тұрғанда «Қайырлы таң!» мен «Қайырлы күнді!», үйден шығарда және кірерде де қоштасу мен қарсы алу сөздерін қайталаудан жалықпаңыздар. Тіпті, ұрсып, ренжісіп қалған уақыттарда да. Оларды балаларға да күнделікті айтыңыздар.


Таңғы асты бірге ішу

Жалпы, бір отбасының барлық тамақтану уақыттарын бірге өткізгені жақсы. Алайда, жұмыс, сабақ пен тіршіліктің ыңғайына қарай ол үнемі мүмкін бола бермейді. Мұндайда тым болмағанда таңғы асты бірге ішуге барынша тырысқан жөн. Таңғы астан асап-асап, ыстық шайды үрлеп-үрлеп ішіп, асыға-аптыға аттану емес, жайланып, жақсы әңгіме-дүкен құра отырып тамақтануға жағдай жасаңыздар. Бүгінгі күннің жоспарын бірге талқылап, бір-біріңізге сәтті күн тілеңіздер. Бұл үшін таңғы ұйқының бір сағатын құрбан етсеңіз де, отбасылық таңғы ас соған татиды.


Мақтау айту

Жақын адамыңыз қандай болса да, оның жамандығын, мінін термей, жақсы жағын көре білу маңызды. Ал соны өзіне айтып, орынды мақтау айту одан да маңыздырақ. Әіресе, ерлі-зайыптылар арасында мадақтау, сүйіспеншілік сөздерінің орны ерекше. Бұл ретте мақтау үшін үлкен ерлік жасауын күтудің қажеті жоқ. Кез келген ұсақ-түйек үшін де адамның көңілін өсіретін сөздерді арнап, көпшігін қалыңдатып қоюға болады. Мәселен, ер-азаматтың азық-түлікті жақсы таңдап әкелгені, әйелдің үй ішін мұнтаздай таза ұстауы, басқа да көзге көрінбейтін майда-шүйде тұрмыстық істер толып жатыр. Алайда, сіз оны көзге ілмей қоймаңыз, көңіл бөліп, бағалай жүріңіз. Сонда үлкен ерліктер де көп күттірмей жалғасын табатын болады. Әрі бала тәрбиесіне де көмегі көп.


Кек сақтамау

«Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» - әрқайсымыз өмірімізде бір рет болсын айтатын сөз. Отбасылық өмірде ыдыс-аяқтың сылдырын естімедім деп те ешкім айта алмас. Ендеше, осы шындықты біле тұра, бір сәтте болған ұрысты бірнеше күнге жалғап қайтесіз? Қырық күн бойғы берекеңізден айрылғыңыз келмесе, айтарыңызды айтып болған соң, кінәліні кешіріп, күле сөйлеп кете беріңіз. Кек сақтамаңыз. Мұныңызды көрген балалар да сіздің ұрысқаныңызды, кейде ашуға беріліп, өзіңізді ұстай алмай ұрып қойғаныңызды тез ұмытатын болады.


Сүйіспеншілікпен қарау

Көз – адамның айнасы. Кейде сөзбен жеткізе алмаған нәрсені көзбен жеткізуге болады. Мұны бала екеш бала да абйқайды, ұғады. Сондықтан, ерлі-зайыптылар бір-біріне жақсы сөз айтып, ізетті іс қылумен қатар, көзқарастарын да сүйіспеншілікке толтыра білгені абзал.


Әңгімені әзіл-қалжыңмен әрлеу

Ерлі-зайыпты болу бұл бір-бірінің көңілінен шығу үшін өз көзқарасынан, пікірінен, қызығушылығынан, жалпы, өзінен бас тарту емес. Әрқайсысы өзіндік «МЕНІН» сақтай отырып, бір-бірінің тұлғалық қасиетін де сыйлау, қабылдау. Сондықтан, «өз ойыңды ысырып қойып, тек күйеуіңдікімен келіс немесе тек әйелдікін дұрысқа шығар» деген қағида жоқ. Тек, әркім өз пікірін, мейлі ол келіспеушілік, қарсылық, наразылық болса да, айтқаны абзал. Осы ретте пікір қайшылығының арты қырғи-қабақ болуға ұласып кетпеуі үшін сауатты жеткізе білу маңызды. Бұл үшін байсалды әңгімемен қатар әзіл-қалжыңды шебер қолдана алғандар ұтады. Ол ғана емес, жай уақыттың өзінде әзілі мен қалжыңы жарасып, ойнап-күліп жарасқанға не жетсін?!

Мұның бәрі бар қарағанда ұсақ-түйек, болмашы нәрсе сияқты. Сөйте тұра, бала санасында жақсы отбасының формасын қалыптастыруға пайдасы зор. Ол аз десеңіз, ерлі-зайыптылардың арасын жақындатып, сыйластық орнатуға, некені нығайта түсуге де септігі тиеді. Іске асыру да соншалықты қиын емес. Ендеше неге қолға алмасқа?!

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

КҮЙЕУІҢІЗ көпшілік көзінше БОҒАУЫЗ СӨЗ айта берсе, себебі МҰНДА