Ашуыңызды баладан алмаңыз!

0
6 350

Көптеген аналардың бала тәрбиесіндегі басты, маңызды мәселелерінің бірі осы. Өйткені, қат-қабат жұмыс пен үй шаруасына қатар үлгеруге тырысып жүрген бүгінгі аналар балаға соншалықты мейірім төгіп, баланың әр сұрағына ыждағаттылықпен жауап беруге дәті шыдамайды.


Ашуыңызды баладан алмаңыз!

фото: интернеттен

Көптеген аналардың бала тәрбиесіндегі басты, маңызды мәселелерінің бірі осы. Өйткені, қат-қабат жұмыс пен үй шаруасына қатар үлгеруге тырысып жүрген бүгінгі аналар балаға соншалықты мейірім төгіп, баланың әр сұрағына ыждағаттылықпен жауап беруге дәті шыдамайды.

Мүмкін, шынымен де уақыт жеткізе алмайтын шығарсыз? Бірақ, басқа жұмыстың барлығы баладан артық емес. Балаңызға арнайы уақыт бөліңіз.

Психологтардың айтуынша бала күніне кемінде 8 рет құшақталуы тиіс. Балаңызды құшақтаңыз, еркелетіңіз, жылы жүзіңізбен күлімсірей қараңыз. Бұл қолыңыздан келмей ме? Тырысыңыз. Бала сіздің ең басты байлығыңыз. Сондықтан, байлығыңызды сақтаңыз.

Өсіп келе жатқан бала айналасындағы дүниені тануға ұмтылады. Білуге ұмтылған сайын, сұрағына жауап алуға тырысады.

Мұндай сәтте баланың сұрағына жауап беріп, шыдамдылықпен ерінбей-жалықпай жауап беріп отыру уақыт пен төзімді қажет етеді.

Көптеген жас аналардың бала жөнінде шағымы біреу. «Қазіргі балалар тынымсыз, бір орнында ойыншықпен ойнап отыра алмайды. Олардың сұрақтары да көп. Тіршіліктегі түрлі жағдайлардан соң, сіркеміз су көтермей, эмоцияға беріліп келгенімізде баланың шуы одан сайын шаршатады. Мұндай шуды көтере алмаған кезімде бар ашуымды баладан алатын кездерім жиі болып тұрады. Балаға айқайлап, тіпті, қатты ашуланғанда ұрып жібереміз де, бала жылаған кезде қосылып жылап жатамыз» деген шағымдардың жиі айтылатынын естіп жүрген шығарсыз?

Қалай ашуыңызды сабырға жеңдіруге болады? Баланың «бұзықтығына» қалай сабыр сақтап көруге болады?

Бірінші ашушаңдықтың себептерін анықтайық.

1-себеп. Шаршау

Шаршаңқылық адамды ашуланшақтыққа алып келеді. Сондықтан, аналар физикалық тұрғыда емес, көбінесе психологиялық жағынан шаршауды сезеді. Өйткені, анаға артылар жауапкершілік үлкен. Осының барлығын жалғыз өзі көтеріп жүру жан-дүниенің шаршауына алып келеді. Сондықтан, ең алдымен, шаршағаныңызды сезінсеңіз, аздаған демалыс ұйымдастырыңыз, сергіңіз. Балаларыңызбен бірге мультфильм тамашалаңыз, шамаңыз жетсе киноға, театрларға барыңыз. Демалыстың түрі көп, тек уақытыңызды тиімді пайдаланып, өзіңіздің күшіңізді қайта қалпына келтіріңіз, энергияны қайтарыңыз.

2-себеп. Бөгде адамға ашулану, ренжу

Кездейсоқ адам болуы да мүмкін, қызметтесіңіз болуы мүмкін. Немесе алыстан іздемей-ақ өз күйеуіңіз болуы мүмкін. Егер сіз күйеуіңізге ашулансаңыз, онымен сөзге келісе алмай қалсаңыз, бұл жерде балалардың жазығы жоқ екендігін ұғыңыз. Күйеуіңіздің бойынан сізге ұнамайтын қасиеттерін баланың бойынан іздеуді доғарыңыз. «Әкесінен аумай қалған» деген тіркесті тек сүйсінгенде ғана қолданыңыз. Ренжігенде емес. Бұл баланың көңіліне қаяу салады, баланың әкесіне деген құрметі жоғалады, өзін де жек көре бастайды.

3-себеп. Өзіңізді кінәлі сезіну

Бұл жерде өзіңізді кінәлі сезінсеңіз, балаға айқайлаудың қатысы қанша? Қатысы бар екен. Егер сіз бірдеңені дұрыс жасамасаңыз, айналаңыздағылардың айыптауларын жиі еститін болсаңыз, өзіңіздің кінәлі екендігіңізді мойындайсыз. Бір емес, бірнеше адамнан айыптауларды естіген кезде шынында да сіз кінәлісіз. Мұндай жағдайды көтере алмаған кезіңізде өз өзіңізге іштей реніш туындайды да өз ойыңызбен әуре болып, жаныңызға келген балаңызды итеріп жіберуіңіз де мүмкін. Сіз «осылай жасайыншы» деп емес, еріксіз түрде жанның арпалысымен отырғанда балаңызға дауыс көтеруіңіз мүмкін.

4-себеп. Баланың анасын шектеуі

Яғни, баланы балабақшаға немесе бала күтушісіне қалдырып, өзі жаны қалаған ісімен белгілі бір уақытта айналыса алмаған ана ашушаң болады. Себебі, жүректің қалауына шектеу қойылды. Арманы баламен байланып қалды.

Ана мен бала арасындағы байланысты бұлай шатастырып алу қате пікір. Үнемі баланың жанынан шықпайтын анасы өзіне де, балаға да пайдасын тигізбейді. Бала өз бетімен жүріп-тұра алатын, балалармен ойнап, ыммен, ишарамен болса да қалауын түсіндіре алатын баланы күніне бір мезгіл сенімді адамның жанында қалдыруыңызға болады. Есесіне, өзіңізге де уақыт бөлесіз. Тынығасыз. Баланы да сағынып келесіз. Мұндай кезде ашулануға себеп те жоқ.

Осы себептердің шешімін тапсаңыз, ашуланшақтықтың кесірінен балаңызға айғайламайсыз. Өзіңіз сергек жүрсеңіз, шаршамасаңыз, көңіл-күйіңіз көтеріңкі болса балаңызға не деп дауыс көтересіз? Өйткені, керемет көңіл-күйіңізді бұзғыңыз келмейді, энергияңызды пайдасы жоқ ашуға сарп етпейсіз.

Г. Жұмаділдаева

ERNUR. KZ