БАЛА ата-анасының БҰЛ ІСІН ешқашан ҰМЫТПАЙДЫ

0
1 634

Бұлай етуден аулақ болған жөн.


БАЛА ата-анасының БҰЛ ІСІН ешқашан ҰМЫТПАЙДЫ

Ата-аналардың кейбір әрекеттері балалардың жадында қалып, есейгенде де естерінен кетпей қалады. Әрине мұның жайлы естеліктер, балалық шақтың бақытты көріністері болғаны жақсы. Бірақ кейде ата-ана үшінбір қарағанда ешқандай маңызы, мағынасы жоқ болып көрінетін істер, баланың есінде жағымсыз жайт ретінде сақталып, оның келешегіне әсерін тигізуі мүмкін. Мысалы, бала ешкімге сенбей қалуы немесе тұйықталып, керісінше ашылып кетуі мүмкін. Сонымен балалар есінде қандай жағымсыз жайттар сақталады?


Орындалмаған уәде

Баланың есінде көбіне көп орындалмай қалған уәде сақталып қалады екен. Мысалы тіс дәрігеріне немесе тағы сол сияқты жерлерге жыламай бару үшін, болмаса жәй ған бала сұраған кезде қалаған жеріне, зообақ, парк, басқа қала, ауылға немесе қалаға апарам деп уәде бердіңіз. Алайда күнделікті күйбең тіршілік арасында берілген уәде айтылған жерде қалып қойды. Бір күн жұмыстан шыға алмадыңыз, бір күн қаражат болмады дегендей. Алайда бұл уәдені ата-ана ұмытып, ескерусіз қалдырғанымен бала ұмытпайды. Ең сорақысы, ол енді ата-анасына сенімсіздікпен қарайды және уәде беріп орындамауға да болады екен деген түсінік қалыптасады.

Бала үшін көп уақыт бөле алмау

Өмір жолы қиын немесе бұралаңға түскен жандардың көпшілігі «Егер менің ата-анам уақытының көбін маған арнағанда, менің өмірім қазір басқаша болар еді» деп жиі айтады. Бұл рас. Себебі баланың немен айналысып жатқанына, қандай мәселелері барына назар аударып, уақыт бөліп қарағаннан гөрі өмірі бітпейтін үй шаруалары, қонақ т.б толып жатқан майда-шүйде істер маңызды болып кетеді. Ал бұл кезде бала жаман ортаға түсіп кетуі, жігіттермен араласып хат жазысуы немесе жеңіл табыс жолында өзгелерге қосылып біреудің тауығын, біреудің үйін тонап, өзгені қорқытып затын тартып алып жүруі мүмкін. Ал мұның келешегі қылмыс, теміртор немесе некесіз бала, аборт.


Қолдаудың болмауы

Көбіне бала бірнәрсе бүлдіріп, оны өзгелер айтып келсе ақ қарасын ажыратпай-ақ үлкеннің сөзін дұрыс көріп, баланы өзгелердің алдында ақтап алуға тырыспайды екенбіз. Мүмкін ол ересек адам түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп, айтып тұрған болар. Міне бала өзгенің алдында өз ата-анасынан қолдау таппаса, ол оның мәңгі есінде қалып, тіпті жүрегінің түбінде ата-анасына деген реніш қалып қояды екен. Себебі өз баласынан гөрі өзгенің сөзіне сеніп кеткен ата-анасына қапаланады.


Өзгенің көзінше жазалау

Өзгенің алдында баланы қолдамағаннан да ең сорақысы, өзгенің алдында жазалау. Егер ата-ана өз тәрбиесін өзгенің алдында үйретіп, өзінің ата-ана ретінде қандай екенін көрсетсе, бала үшін мұнан ауыр ештеңе бола қоймас. Өзгелердің мысқылдай қараған көзқарасы мен солардың алдындағы ата-ананың жазасы өмір бойы есте қалады. Мұндайда «Өзің мейірім көрсетпеген баладан, келешекте мейірім күтпе» дейді қазақ атам.


Кекетіп, мысқылдап сөйлеу

Балалар ата-ана тарапынан айтылатын мысқыл, кекесін немесе әзіл сөздерді бірқалыпта қабылдайды. Оз кемшілігіне айтылған әзілді кекесін ретінде қабылдап, есінен кетпей қалуы мүмкін. Мысалы, «бәсе, сенен қайдан ғана ғалым шыға қалды деп едім», «бірнәрсені бүлдірместен қалай ғана жинап қалдың» т.б. Мұндай сөздер бала үшін тым ауыр. Сондықтан әрбір ата-ана әр сөзін саралап, електен өткізіп, мысқыл кекесінін ішінде сақтап қалғаны жөн.

Бала тәрбиесінде әрбір ата-ана сөзіне де, ісіне де мұқият болғаны жөн. Бала келешегіңіз екенін ұмытпағайсыз!


Оқи отырыңыз: ҰЯЛШАҚ балаларға ҚАНДАЙ КИІМ кигізуге болмайды

Дайындаған: Базарбаева Э.

ERNUR.KZ.