​Баланың СМАРТФОНҒА ТӘУЕЛДІ ЕКЕНІН мынадан БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ

0
8 100

Бала телефонға тәуелді ме?


​Баланың СМАРТФОНҒА ТӘУЕЛДІ ЕКЕНІН мынадан БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ

Қазіргі балаларды смартфонсыз елестету қиын. Тіпті тілі шығып үлгермей жатып, смартфоннан өзіне қажеттісін тауып ала алатын жағдайға жеткен.

Әрине, баланың өмір ағымынан қалып кетпегені дұрыс шығар. Бірақ кішкентайынан смартфонға телмірген баланың денсаулығы қалай болатынына да мән беру керек-ақ. Себебі, смартфон қазіргі кезде баланы жұбатудың басты құралына айналып келеді. Жұмысқа кедергі болмасын деп қолына ұстатып, мультфильм, әуен, т.б қосып береміз. Үйренген бала смартфонсыз ұйықтамай, тіпті жұбанбайды да. Қолынан алып қойсаңыз жылайды, яғни, тәуелділік туындай бастайды.

Ендеше, баланы смартфоннан тәуелсіз етудің жөн-жобасын қарастыруымыз керек.


Телефонға деген тәуелділік тек балалар арасындағы мәселе ғана емес, бұл қазіргі кезде жас-кәрі демей орын алып жатыр. Одан денсаулық пен ой-санамызға келетін зиянның қаншалықты екеніне аса көп мән бермейміз. Үлкендер тәуелді болып, жүйкелері сыр беріп жатқанда, өмірді енді бастаған балалардың психикасы қандай күйге түсетінін ойлаудың өзі қорқынышты.


Смартфонның бала үшін зиянды әсері

Жоғарыда айтып өткендей, смартфон баланың қолына түрлі себептермен берілуі мүмкін: жұбату, көңілін аулау, жұмысқа кедергі келтірмеу, т.б. Алайда оның қандай себеппен берілгені емес, бастысы оның жүйкеге әсер ететіні маңызды. Телефонға тәуелділік уақыт өте пайда болады, тіпті ата-ана оның қай уақытта бұлай болғанын аңғармай қалуы да мүмкін.


Смартфонға тәуелділіктің басты негізгі себептері:

  • Негізгі және ең көп тараған себептердің бірі – ол ата-ананың өзінің балаға телефонды беруі. Мұндай жағдайды әсіресе екі жасқа дейінгі балалардың ата-анасы жасайды. Себебі ол жастағы балалар әлеуметтік желіні білмейді, оларға бар болғаны түрлі видеолар мен ойындар қойып бере салады. Ал виедо мен ойын баланы өзіне тартып, баурап алатын бірден-бір дүние.
  • Баланың тұйықтығы мен достарының аздығы.
  • Бала үшін барлық жаңа нәрсе қызықты.
  • Үлкендерге еліктеу, себебі олардың барлығында жеке-жеке смартфон бар.
  • Ата-ананың назары, көңіл бөлудің жетіспеуі мүмкін. Оның орнын әлеуметтік желідегі қарым-қатынаспен толтырғысы келеді.
  • Ата-ана әлеуметтік желіде отыруға немесе телефонмен ойнауға рұқсат береді.
  • Дәреже. Есейіп қалған балалар қатарластарынан қалғысы келмей, телефонсыз жүруді, әлеуметтік желіде белсенді болмағанын ұят санауы мүмкін.
  • Отбасындағы келеңсіз, жүйкеге тиетін жайттардың көп болуы.


Гаджетті ұзақ пайдалану өте күрделі мәселелерге алып келеді. Егер бала ештеңемен айналысқысы келмей, мысалы серуендеуге, ойыншықтарымен, өзге балалармен ойнауға құлқы болмаса, онда ол – телефонға тәуелділіктің көрінісі. Ал шамалы үлкен, яғни, мектеп жасындағы балалардың телефонға деген тәуелділігін, сабақ оқығысы келмеуі, тамақтанатын уақытын ұмытуы және тазалық сақтауды қоюынан білуге болады. Көбіне ата-аналар алғашқы кезде баланың қызығушылығын шындап қабылдай қоймайды.


Баланы телефоннан қалай алыстатуға болады?

Бірінші кезекте есте сақтайтын жайт – ол баланың қолындағы гаджетті бірден алып қоюға тырыспау керек. Бұл деген баламен арадағы арақатынасты бұзып, жағдайды қиынмдатып жіберуі мүмкін.


2 және 5 жас аралығындағыбалалар үшін:

5 жасқа дейінгі балалар смартфонға байланбас үшін оларға оны бермеген жөн. Екі жастағы баланы смартфоннан алыстату өте оңай, тек орнын өзге нәрсемен алмастырсаңыз болғаны. Себебі айналасын жаңа танып келе жатқан балақайлар үшін болмашы нәрсенің өзі өте қызық. Мысалы табиғат, өсімдік, жан-жануарлар, жасына сай түрлі ойындар, т.б. Бар болғаны смартфонын алып, саябаққа, аулаға алып шығу керек немесе ермексазды илеуді көрсетіңіз. Егер бұл әдіс іске аспаса, онда баланы тым кішкентай демей жақсылап сөйлесіп, телефонды ұзақ ұстаудың қандай әсері, әсіресе көз бен арқа үшін қандай қаупі бар екенін айту керек.

Гаджетті бірден алып қоймай, жасына сай дамыту ойындарын тартып беріп, телефонды ұстау уақытын қадағалап, шектеу қою керек. Егер балада тәуелділіктің алғашқы сатысы байқалса, онда оған смартфон, ноутбук, компьютер деген секілді заттарды мүлде көрсетпей-ақ қойған абзал. Бала ол заттар туралы тез-ақ ұмытып, өзіне қызықты өзге істермен айналысып кетеді.


5 жастан жоғары 10 жасқа дейінгі балалар

Бұл жастағы балаларды гаджет тәуелдігінен құтқару шамалы қиындау болады. Егер баланың смартфонға байланып бара жатқанын дер уақытында аңғара алмаса, бұл мәселені шешу тіпті қиын болмақ. Бұл жастағы балалар үшін де смартфонды бірден алып қоюға болмайды. Басқа амалдарын қарастыру қажет, мәселен:

  • Баланың бос уақытын, жай қалдырмай, өзіне лайықты өзге істерді жүктеу. Үй шаруаларына көмектесу немесе түрлі үйірмелерге жазу арқылы тсмартфон шұқылауға уақыт қалдырмау.
  • Баламен мүмкіндігінше ашық және жиі сөйлесіп тұруды әдетке айналдырған дұрыс.
  • Аптасына бір рет немесе мүмкіндік болса одан да жиірек смартфонсыз отбасылық кеш жасау, солай араласу арқылы баланың ойын, алға қойған мақсаттарын білу.
  • Мектеп жасындағы бала үшін қызықты кітаптарды оқуға кеңес беру.
  • Үйдегі әрбір жанның смартфонда отыру уақытын шектеу. Себебі бала үшін ата-анасы қашан да үлгі.
  • Балалар смартфонды тәулігіне 1 сағаттан артық ұстамау керек.
  • Бірден шарт қойып, мәселені ушықтырып алмаған жөн. Бала да адам, ол өмірді енді ғана танып келе жатыр. Сондықтан бірден айғайға салып, баланы күйгелектікке жеткізудің қажеті жоқ. Себебі ата-ананың айқайынан кейін телефонды тастағанымен, кейінгі оның әсері үлкен мәселеге айналуымүмкін.


Бұл амал-тәсілдер балалары телефонға тәуелді болған аналар мен психолог мамандардың кеңесінен жинақталған.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева

ERNUR.KZ.


Тағы оқи отырыңыз: Ерлі-зайыптылар БІРГЕ ҰЙЫҚТАУЫ керек