БАЛАҢЫЗ ОҚЫСЫН: Біреуге ұнау үшін өзіңе ұнамайтын нәрсені жасама!

0
4 989

Өзің байқамауың мүмкін, бірақ...


БАЛАҢЫЗ ОҚЫСЫН: Біреуге ұнау үшін өзіңе ұнамайтын нәрсені жасама!

Сенің көп іс-әрекетіңе, ой-пікіріңе үлкен ықпалын тигізетін орта – мектеп, сыныптастарың, қатарлас достарың. Ешқандай бала достарының ортасынан шеттетіліп қалғысы келмейді. Сондықтан, олар не істесе, соны дұрыс көреді, қайталауға тырысады. Тіпті, кейде дұрыс емес екенін білсе де, оларға ұнау үшін, өздеріне ұқсау үшін бұрыс іс-әрекеттерін қайталайды. Бір сөзбен айтқанда, достар қатарына қосылу үшін бәрін жасауға бар. Сенде де солай ма?


Әртүрлі отбасында түрліше тәрбие алып жатқан бірнеше баладан тұратын топта барлығы бірдей жақсы үлгі көрсете бермейтіні анық. Бірақ сен үшін достарының, бөгде адамның сөзі дәл қазір ата-ананың айтқанынан да өтімдірек, басым, мойындайсың ғой. Сондықтан да ата-анаңның «Ол баламен дос болма. Олар – жаман балалар. Олардыкі дұрыс емес» дегендей ақылын естісең, ашуың келеді.


Өзің байқамауың мүмкін, бірақ сенің шешімдеріңе достарың мен құрдастарың күн сайын ықпал етеді. Ол жақсы да, жаман да болуы мүмкін. Мысалы, бір-біріңе қандай да бір кітапты оқуға кеңес беру, сабаққа бірге дайындалуға шақыру, т.с.с. пайдалы шешімдерді қабылдауға итермелейді. Сонымен қатар, достардың өздері біліп не білместікпен теріс шешім, бұрыс іс-әрекетке итермелейтін кездері де көп болады. Осындай сәттерде дұрыс пен бұрысты дер кезінде ажыратып, «жоқ» деген жауаппен өз таңдауыңды жаса. Ол – ешқандай да сатқындық, бөлектену емес, қалыпты жағдай.

Әркім өз өмірі, іс-әрекеттері үшін өзі жауапты. Басқалардың бұйыруымен іс-әрекет жасама. Өзің қаламасаң, көңілінен шықпаған іс-әрекеттерді жасауға кім итермелесе де, одан бас тартуға және өзің үшін ненің дұрыс болатыны жайында шешім қабылдауға құқылысың.


Зиянды әдеттерге шақырса...

Досың сені ішімдік ішуге, шылым шегуге немесе есірткі қабылдауға, жақын қарым-қатынасқа түсуге қызықтырып, шақыруы әбден мүмкін. Жаңа нәрсені жасап, дәмін татып көруге өзің де қызығып тұрасың. Ол дұрыс та. Бірақ, осындай зиянды әдеттерге қатысты тәжірибе жасаудан аулақ бол. Оның жақсы нәрсе емес екенін ата-анаң да, мұғалімдер де саған осыған дейін айтқан. Сондықтан, дәл осы тұста достарыңды емес, үлкендерді тыңдағаның абзал.


Біреуді қорлап, намысына тиіп жатса...

Сыныптастарыңның біразы жабылып біреуді мазақ етіп, кемсітсе немесе әдейі басқа адам өзін нашар сезіну үшін жаман іс-әрекет жасап жатқанына куә болсаң, қосыла кетуге асықпа. Мұндай сәтте сенің де ойыңда «Ол сондай сөздерге лайық, ал біз- кереметпіз» деген пікірдің болуы әбден мүмкін. Алайда, өзіңді нағыз ересектерше ұстағың келсе, сол сәтте «адамның бәрі де теңдей, ешкім біреуден артық не кем емес, бәрінің бойында артықшылық та, кемшілік те болады, ешкім ешкімді қорлауына болмайды» дегендей қағидаларды есіңе ал. Егер достарыңның арасындағы беделіңе, олардың адал дос екеніне сенсең, олардыкі дұрыс емес екенін айтып, араша түсуіңе, дұрыс жолға шақыруыңа болады. Олай етуге батылың бармаса, жай ғана қысым көрсетушіге қосылма және бұл жайлы мұғаліміңе айт.


Сенің сырт келбетіңді сынап-мінесе...

Жасөспірімер арасында өте жиі талқыланатын тақырып – адамның сырт келбеті. Арық, толық, бойы ұзын, қысқа, көзі үлкен, қысыңқы болсын, бәрі сынап-мінеуге бір себеп. Егер саған қатысты да осындай сөздер айтып, келемеждесе немесе жаны ашыған кейіп танытса, бұл қармаққа түспеуге тырыс. Әр адам – керемет әрі ерекше жаратылыс иесі. Сен де солардың бірісің. Сенің сырт келбетіңде мін, кемшілік жоқ, басқалардан өзгеше көрсетіп тұратын ерекшелік қана болуы мүмкін. Өзіңнің сырт бейнеңді, әрбір дене мүшеңді жаратушы қалай берді, дәл сол қалпында қабылда, жақсы көр. Олардың сау болуына ғана алаңда. Сонда ғана достарыңның қармағына түспей, өзіңді қысылып-қымтырылу, комплекс сияқты қажетсіз әдеттерден сақтап қала аласың.


Теріс іс-әрекет жасауға шақырса...

Кейде достар бір-бірін артынан келеңсіз жағдайға ұшырататын іс-әрекеттерді жасауға үгіттеп жатады. Мысалы, сабақтан бірге қашу, бірдеңе ұрлау немесе басқа да заңға қайшы әрекеттер. Олардың жетегіне ерсең, соңы жақсылықпен аяқталмайтынын ұмытпа. Сондықтан, бұл кезде де батыл түрде «жоқ» деп жауап бер. оны да бұл пиғылынан бас тартуға шақыр.

Иә, «жоқ» деп айту, бас тарту оңай емес. Әсіресе, жақын досың болса, оның көңілін қалдырғың келмейді, достық қарым-қатынасты бұзудан қорқасың. Бірақ, қандай жағдай болса да, теріс пиғылды жанның досы емес, дұрыс шешім қабылдай алатын адам боп қалу маңызды.


«Жоқ» деп айтудың 4 жолы

1. Батыл сөйле. Қайсарлық таныт. Күнделікті ұсақ-түйек оқиғаларда өзіңе ұнамайтын, қаламайтын барлық жағдайда «жоқ» деп айтуға машықтан. Мысалы, екеуіңе бірдей етіп досыңа ұнайтын, өзіңе ұнамайтын шоколад түрін сатып алуға ұсыныс жасаса, сен өзіңе ұнайтынын ал. Осындай ұсақ-түйек жағдайларда жаттықсаң, жайсыз және қауіпті жағдайларға қысым жасалған сәтте «жоқ» деп оңай жауап қайтара аласың.

2. Басқаларды сөкпеуге тырыс. Егер сен достарыңның шешімін құрметтесең, олар да сенің қабылдаған шешіміңе құрметпен қарауға тиіс.

3. «Жоқ» деп айта алатын достарыңмен көбірек уақыт өткіз. Достармен келіспеу, оларға қарсы шығу үшін біраз сенімділік қажет. Егер де сенің басқа достарың, таныстарың, отбасы мүшелері маңындағылардың қысымына қарсы тұра алса, олардан үйренуіңе болады.

4. Басқа нәрсемен айналысуды ұсын. Досыңның жасап жатқан іс-әрекеттерін қайталау саған жайсыздық сезімін тудырса, неге оларға басқа нәрсемен айналысуды ұсынбасқа? Мысалы, өзің қалайтын және жасауға болатын дұрыс нәрсені ұсын.

Досың мұндай әрекеттерді білместікпен жасаса, сен бас тартып, бұнысының дұрыс емес екенін түсіндірген соң ол да доғаруға тиіс. Мұндай жағдайда досыңды кешіруге әбден болады.

Ал зиянды әдеттер мен теріс әрекетке шақыру досың тарапынан жиі орын алса, оның достығына күмән келтіруге негіз бар. Сені үнемі осындай жаман шешім қабылдауға, дұрыс емес іс-әрекеттер жасауға итермелесе, ондай дос саған шынында керек пе? Осы туралы да ойлану керек. Егер досым деп санаған адам жоғарыдағы әрекеттерді жасап, мынадай әрекеттерді жасамаса, оны шын дос деп айтуға келмес:

  • Ол достарының айыбын ақтарып, кемшілігін іздемеуі қажет;
  • Дос достың көңілін қалдыратын, зиянын тигізетін сұмпайы əрекетке бармайды;
  • Досына өзінің оны жақсы көретінін білдіртуғе тырысады;
  • Басына қиындық түссе, ауыр тапсырма берілсе, көмектесуге ұмтылады;
  • Досын өзінен де артық көріп, оған ешқандай салмақ салмауға, қиындық тудырмауға тырысады.

Егер сенің досым деп санаған адамың осындай әрекеттерді жасаса, онымен жолдастығыңды бағала. Ал, бұларды жасамай, тек зиянын тигізіп, теріс жолға шақырса, онымен достығыңды үзгенің абзал.

Әр түрлі зерттеулерге сәйкес, жақсы достық негізінен үш нәрсемен сипатталады: адалдық, қамқорлық және қуаныш.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

САҚ БОЛЫҢЫЗ: Кибербуллинг кең етек жайып барады