Балаңызға алғыс айту қиын ба?

0
8 578

Айтыңызшы, неге мені анам сонша жек көреді? Неге маған алғыс-батасын бергісі келмейді? «Балам, рахмет саған. Алла разы болсын!» деген бір ауыз сөзін қимай ма? Менде Аллаға шүкір, бәрі бар. Тек сол сөзге ғана жаным қатты сусайды. Анамды көрген сайын сол сөзді айтса деп іштей тілеймін. Бір-ақ рет айтты. Онда да күбір ете қалды бір рет. Соның өзін мен қаншама жыл жаныма азық етіп келдім...


Балаңызға алғыс айту қиын ба?

Жұмыста Мадина есімді келіншек бар. Үнемі күлімдеп, жүзі жарқырап жүреді. Оның күн тәртібі, сөйлеген сөзі, жұмыс істеуі, бәрі-бәрі басқалардан ерекшеленіп тұрады. Жұртқа да сыйлы.

Осындай үнемі күлім қағып жүретін келіншектің көзіне жас үйіріліп, жаны жабырқауы қиын болады екен. Бір күні күйеуім жұмысқа ерте апарып тастады. Жұмыстың басталуына әлі 45 минут бар. Кіріп, жылы жерде шайымды ішіп алайын деген оймен қарауылдан кабинеттің кілтін сұрап едім, «іште адам бар» деді. «Азанымен кім болды екен» деп кабинетке келдім. Мадина орнында отыр екен, мен кірген соң бірден теріс қарап апыл-ғұпыл бетін сүрте бастады. Жылап отырғанын анық байқадым. Өзім де қылмыс үстінен түскендей біртүрлі болып қалдым.

Ол орнынан тұрып амандасқанымен дауысында да, жүзінде де қатты жабырқаудың ізі анық байқалып тұрды. «Тыныштық па? Ауырып тұрған жоқсың ба?» деген сұрағыма басын шайқап тұрды да, тағы да бірден өксіп жылап жібергені. Адамның ойына бірден жамандық келетіні несі екен? Алдымен балалары ауырып қалды ма екен деп ойласам, артынша «күйеуімен ренжісті ме?» деген ең «танымал» күдіктер санамды бір шайып өтті. «Қой, жылама» деп арқасынан сипап жұбатып жатырмын. Ол тоқтамай бір 10 минуттай жылаған шығар. Жылаған адамның түрі оңа ма? Мадинаның аппақ та таза жүзі қуқылданып, өзгеріп кетті. Бір кезде басылып, беті-қолын шайып келді де, әңгімесін бастады. Ішіндегісін ақтарып алғысы кеп тұрғанын мен де байқап, кофемді демдеп алдына жайғастым.

«Сіз балаларыңызға алғыс айтып тұрасыз ба?» деген төте сұрақтан бастады ол. Аяқ астынан қойылған сұраққа мен не деп жауап берерімді білмей қалдым. Ойлап көрсем, жиі болмаса да айтып тұрады екенмін. «Ал менің анам маған ешқашан алғыс айтпайды. Тек ренжи береді, ренжи береді...» Мадинаның сол күні айтқан әңгімесі маған өте терең ой салды.

«...Рас, анам мен әкемді түсінемін. Олардың кезінде балаларға назар аудару, оларды мейіріммен тәрбиелеп, үнемі қадағалап қастарында болу деген түсінік болмаған. Өкіметтің жұмысы деп шапқылап жүргенде біздің қалай өскенімізді де байқамай қалған ғой. «Әкең ұрсады, әкең жаныңды шығарады» деген тәрбиемен дымымызды шығармай өстік. Әрқайсымыз теңімізді тауып, бала-шағалы, отбасылы болдық. Мені білесіз, психиологияны жақсы көремін. Есепші болсам да, қолым босаса өмірді жеңілдететін, тағдыр сынан төтеп бере алмай қалмау үшін өзімді үнемі жігерлендіріп отыратын кеңестер оқып, оны пайдала жүремін.

Сол оқығандарымды іс жүзіне асырып та жүрмін. Әсіресе, күйеуім мен бала-шағама келгенде сол кеңестер үнемі маған көмектеседі. Көп түйінді шешіп береді. Менің осы уақытқа дейін біреумен қиын мәселем болған емес. Тек анамның көңілін таба алмай-ақ қойдым...»

«Анасы онымен тұрмайды ғой, көңілін таба алмағаны несі?» деп ойладым мен сол сәтте таңдана.

«Білесіз бе, маған анам ешқашан алғыс айтпаған. Қанша жерден анама ұнауға тырысып, оның батасы мен алғысын алуға барынша жағдай жасасам да, анам үнемі жаратпай тастады. Ал керісінше, келіндерін мақтап, оларды біздің көзімізше айналып-толғанып отырады. Менен басқа балаларына да солай. Бейне бір мені асырап алған секілді. Мерекелерде апарған сыйлықтың бағалысы менікі болса да, көзіне ілмей бөлек қоя салады.

Ауырған кезде қалаға әкеліп қарататын мен, жағдайын жасап, күйін күйттеп беретін де мен. Бірақ ешқашан жақсы «баға» алған емеспін. «Анауың ондай болды, мынауың жақпады, одан да ауылға-ақ қарала салуым керек еді» деп қашанда көңілі толмай отырады.

Міне, кеше де үйге келген. Балаларым «нағашы әжем келді» деп қуанып, асты-үстіне түсіп жатса да тырысып келген қабағы жазылған жоқ. «Мені ертең түсте сіңлімнің үйіне апар!» деді. Күйеуімнің көлігі болғанмен, апта ортасында ол сұранып шыға алмайды. Ал менің бүгін жалақы есептейтін күнім, өзіңіз білесіз. «Кешкісін апарайын, күндіз жұмыстан босай алмаймын» дегенім сол еді, алдындағы шайын да ішпестен бұлқан-талқан болды. «Туған анаңа уақытың жоқ, сенен не үміт, не қайыр? Сен апарады деп келіп отырған өзіме обал жоқ. Ана келін «өзім алып барайын» дегенде қоя берші деп келіп едім. Сонымен кете беруім керек еді...» Анам ұзақ ұрысты, күйеуім де, бала-шағам да аңтарылып қалыпты.

Кіші балам қорқып кетсе керек, «Анашыма неге ұрсасыз?» деп еді, одай сайын ашуланып кетті. Анамның ашуын жалынып-жалпайып әзер бастым. Ал таңертең тұрсам, кетейін деп жатыр. «Өзім-ақ барамын, тегі өкіметтің жұмысын істеп жүргендей кергідіңдер ғой...» деп үйден ренжіп кетіп барады. Жеңіне жармаса кеттім. «Мама, олай демеңізші. Мені де түсінсеңізші, бүгін маған қаншама адам қарап отыр, жалақымызды қашан берер екен деп... Бастық та мұнымды дұрыс көрмейді ғой. Асықпай кешке барсақ та болады. Маған неге ренжи бересіз, бір келініңіз сияқтымын қызыңыз емес...» Осылай деп ренжісем де анам тоқтамай, шай да ішпестен кетіп қалды. Бөлмеден шыққан күйеуім менің шарасыз күйімді көріп, жұбата құшақтағаны сол екен, жылап қоя бердім. Бала-шағаны қорқытпау үшін үйден де ерте шығып кеттік...

Айтыңызшы, неге мені анам сонша жек көреді? Неге маған алғыс-батасын бергісі келмейді? «Балам, рахмет саған. Алла разы болсын!» деген бір ауыз сөзін қимай ма? Менде Аллаға шүкір, бәрі бар. Тек сол сөзге ғана жаным қатты сусайды. Анамды көрген сайын сол сөзді айтса деп іштей тілеймін. Бір-ақ рет айтты. Онда да күбір ете қалды бір рет. Соның өзін мен қаншама жыл жаныма азық етіп келдім...

Анамның осы бір сөзге сараңдығын өзіме сабақ етіп алып, қашанда балаларыма алғысымды молынан жаудырып отыруды әдет еткенмін. Қасық әкеп берсе де, сабақтан баға алып келсе де, «рахмет, балам!» деп отыру әдетім. Оны да бір күні анам «не болды сонда, балаңа үйіп-төгіп алғыс айтып?» деп жақтырмай қалған.

Баланың жанына керегі – ата-анасының разылығы мен батасы, алғысы мен назары ғой. Менде басқа жағынан ешқандай қажеттілік жоқ. Барға - қанағат, жоққа – тәуба. Тек балаларым маған, мен оларға разы болсам жетерді. Ананың алғысы, разылығы мен батасы балаға қанат бітіріп, аяғын да сеніммен нық бастырады. Оны мен өзімнен білемін. Осы уақытқа дейін мен өзіме сенімсізбін. Ішімнен «осы менің қолымнан келе мен екен?» деп мазасызданамын да тұрамын. Сол бір ой мен қатты қажайды. Өз ата-анаң сенбей отырса, басқалар қалай саған сенім артады? Содан соң өз сеніміңе де селкеу түспей ме? Мен солай өскенмін. Қазір шығар, өзіме деген сенімнің нығайғаны. Әйтпесе, мектепті бітіріп, өмірге араласқанда осы сенімсіздігімнен талай таяқ жедім ғой.

Сондықтан да мен балаларыма бірінші байлық емес, білім емес, сенімділік сыйлағым келеді. Қай іс болсын, қолына алса, үдесінен шыға білетініне сенуі керек. Сонда ғана ол тағдырдан таяқ жемейді, жесе де қай кезде қате жасағанынан анық сабақ ала алады. Келесіде соны қайталамайды. Сенімсіз алған білім де қолданылмайды, байлық та бекерге ысырап болады. Өзіне сенімі жоқ адам өмірді сүріп те жарытпайды. Міне, осының барлығы кезінде отбасында берілген тәрбиеден басталады...»

Мадинаның аз уақытта айтып салған әңгімесіне аузым ашылып қалыпты. Қай жерде болмасын, алда жүретін, пысық та алғыр Мадина осылай десе, онда басқамызды былай қоя салуға болады екен. Мейлі, оны қойшы. Мені ойландырғаны – балаға алғыс айту...

Расымен де осы мен балаларыма алғыс айтпайды екенмін. Олар мен үшін тура бір сарбаздарым сияқты. Мен не айтсам соны орындауға тиісті, міндетті секілді көреді екенмін ғой. «Барасың дедім бе, барасың. Істейсің дедім бе, істейсің...» Үйімдегі тәрбиенің сиқы осы екен. Оны қоя берші, Мадинаның әңгімесінен соң өзімді сынап көрмекке балаларыма алғыс айтайын десем, масқара! Тілім бұралмайды! Демек, мүлде айтпағанымның, айту керек-ау деп ойламағанымның кесірі ғой. Бейне бір олар мен не істе десем соны істеуге міндетті секілді көреді екенбіз-ау!

Ойымды өзгерткен Мадинаға мың алғыс! Содан кейін көп ойланып балаларыма алғыс айтуды үйрендім. Өздеріңіз де байқап көрсеңіздер болады. Ата-анасынан алғыс алған баланың көзі жайнап сала береді. Ол күнгі еркелеуі де ерекше болады. Айтқан өтінішіңді тағы да орындағысы келіп тұрады. Әдеттегідей қиқарланбайтынын қайтесің? Осыны байқағанда ішімнен таңдандым әрі сүйсіндім. «Осы уақытқа дейін ең маңызды нәрсені неге білмегенмін?» деп таңдандым.

Негізі, алғыс айту қиын емес. Ал өз балаңа алғыс айту мүлде қиын болмауы керек. Қайта керісінше, ең бірінші алғысты ата-анаңа, содан барып балаларыңа жиі айтып отырсаң қандай жақсы?! Нәтижесі бірден көрінеді көрер көзге.

Мен Мадинаға тұщымды кеңес бере алмадым. Өйткені, бұл жағдайда не дерімді білмедім. Бірақ, маған үлкен ой салып, кеш болмай тұрғанда ойымды өзгерткеніне, сол арқылы өзімді өзгерте алғаныма қуандым. Сол үшін де Мадинаға арнайы алғыс айттым. Керемет жан емес пе, жымиды да қойды. Дегенмен, менің алғысымнан оның да жаны рахаттанғанын көзінен сездім.

Өмір сыйлаған әуелі Аллаға, одан кейін ата-анамызға, содан соң балаларымызға, өз кезегімен туған-туыс, бауылдарымызға, дос-жарандарымызға алғыс айта жүрейікші. Сол арқылы аз да болса жүректерге мейірім ұялатайық.

Эльмира Р, Шымкент қаласы.