БҰЛ СІЗГЕ ҰНАМАЙДЫ, бірақ өмір сонысымен қызық

0
3 369

Ұрыс-керіске көп себеп болатын ұсақ-түйектер отбасылық өмірді қызықты ете түседі


БҰЛ СІЗГЕ ҰНАМАЙДЫ, бірақ өмір сонысымен қызық


«Үй болған соң ыдыс-аяқ сырдырламай тұрмайды» деп жатамыз. Расында, әрбір жанұяда ұрыс-керістер болып тұрады. Соның көпшілігі әдетте күнделікті өмірдегі ұсақ-түйектер үшін туындайды. Мәселен, қараңыз...


  • Бөлме суық, сіз жаурадыңыз. Бүрісіп отырып айналаға қарасаңыз, жұбайыңыз есік-терезені ашып кетіпті. Немесе желдеткішті өшіріп тастағанын маңдайдан тер бұрқ еткенде барып бір-ақ байқадыңыз. Көре салып, «Түүүу, адам өзі жаурап (ыстықтап) отырса...» деп күңкілдей жөнелесіз...
  • Ұйқыдан тұрсаңыз төсек жаймалары бір жыл жатқандай иленіп, мыжғыланып кеткен. Бұл да сізге бір жастыққа бас қойған серігіңізді сөге кетуге «салмақты» себеп...
  • Бөлменің жанып қалған немесе жатып қалған соң сөндіру керек болатын жарығы – бұл да үздіксіз дау тудыратын жағдайлардың бірі. Басты сұрақ – «Кім жағып кетті? Кім өшіруі керек?» Жауап – ұзақ...
  • Түн баласы қорылдап маза бермегені үшін өмірлік серігіңізді сөгіп, біраз жерге апарып-әкелуіңіз мүмкін. Алайда шырт ұйқыда жатқан ол қайдан әдейі істесін?
  • Қасыңызда ұйықтап жатып-ақ біраз жерге барып, біршама шаруаны тындырып келетіндер болады. Үндемей жатса бәрі тыныш. Тек, сандырақ сөздермен біраз сырын ашып қоятыны бар ғой. Кіммен отырғанын, қайда жүргенін айтып, тіпті, біреулерді «жаным», енді біреуді «күнім» деп айналып-толғануы да мүмкін. Осыдан кейін қалайша оятып алып ұрыс шығармасқа?!
  • Жыланның қабығы секілді шешілген күйі жерде иленіп қалып кеткен киім, ылғал күйі тастай салынған сүлгі де жүйкеге тиеді. Кімнің жүйкесіне? Әрине, мың рет еңкейіп жерден көтеріп, орнына жинайтын кісінің...
  • Сізге бүгін демалыс. Сондықтан, қалаған уақытыңызға дейін ұйықтауға болады. Бірақ... кенеттен құлақ түбінен жаныңыздағы жанның ұялы телефонында оятқыш «шыр-р-р» етіп, ұйқыңызды шайдай ашты. Бұл да ренжуге бір себеп боп қалады кейде?

  • Қасында отырған жанды елемей, телефонға телміру – бұл да жиі қайталанатын даудың басы...
  • Ұялы телефонның не теледидардың саңқылдай шыққан, құлақты сарсытқан даусы... Егер үйден сол сәтте құлаққап табыла кетпесе, ерлі-зайыптылардың арасында тағы бір «айтыс» басталып кетуі бек мүмкін.
  • Жуынатын бөлмедегі қақпағы ашық қалған заттар, су толған сабын салғыш, орнына қойылмаған қағаз, жабылмай қалған су – мұның бәрі «Түүүу, қанша айтса да» қайталана беретін әдеттер. Қашанғы шыдауға болады?
  • Сүйіктіңіздің желідегі суреттеріне басылған лүпілдер, жазылған пікірлер әжептеуір-ақ қызғанышқа себеп. Қызғанышқа не керек? Кішкене тұтатып жіберетін шоқ қана. Ары қарайғы алаудың күші мен қанша жерді өртейтіні өзіңізге ғана мәлім.
  • Кейінірек жермін деп әкеліп қойған тәттіңізді тоңазытқыштан таппай қалдыңыз ба? Тез арада кінәліні тауып, тиісті сазайын беру керек...
  • Тоңазытқыштан туындайтын тағы бір дау – онда бос ыдыстардың тұруы. Әрі қарайғы әңгіме «Мына ыдыс мұнда неғып тұр?» деп басталып, тілдің тиегі біраз ағытылады.
  • Осыдан бір апта бұрын тырнақ алғышты мында қойғансыз. Қазір келіп қарасаңыз, орнында жоқ. Ол қайда кетеді? Орны осы жер ғой... «Алған соң неге қайта орнына қоймайсың осы?» – дәл осы айыптау сөздің айтылуы үшін бір ғана тырнақ алғыш емес, көптеген майда-шүйде заттар себеп бола алады.


Иә, мұның бәрі сіздің ашуыңызға тиеді, жүйкеңізді жұқартады. Бірақ, бір шаңырақ астында ауаны да, суды да, орынды да – бәрін-бәрін бөлісіп тұратын болғандықтан, көнбеске шара жоқ. Күңкілдей бергенше, жақсы жағын көруге тырысыңыз. Мұның бәрі елеуге тұрмайтын ұсақ-түйектер. Сайып келгенде, өмір сонысымен де қызық.

Соңғы зерттеулерге сенсек, сауалнамада ерлі-зайыптылардың 44 пайызы аптасына кемінде бір рет ұрысып тұру қарым-қатынасты сақтауға көмектесетінін айтқан. Мұны ұрыс-керістер жағымсыз эмоцияларды шығаруға, жалығудан, зерігуден сақтайтынымен, қайта татуласу қарым-қатынасты нығайта, берік ете түсетінімен тсүіндіруге болады.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАЛАҒА ұлан-асыр ТУҒАН КҮННІҢ қызығы бар ма?