​Ер азаматтан не сұрауға болмайтынын білесіз бе?

0
2 194

Қыз-келіншектерге арналған кеңес.


​Ер азаматтан не сұрауға болмайтынын білесіз бе?

Неке құрған жандар отбасылық өмірдегі түрлі жағдайда бір-біріне қолдау көрсетіп, демеу боламыз деп бағамдайды. Алайда өмір болған соң түрлі жағдайлар кездесіп, бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Бірге болсақ бар сынаққа шыдаймын деген жандар жарты жолға жетпей морт кетіп қалады. Бұған кейде серігіңнің қатаң талаптары да әсер етіп жатады.

Ал отбасы бақытын сақтап қалу үшін кейбір нәрселерге көз жұмып, өз шекараңды серіктесіңе қарай бұрып, өзгеріп тұрған жөн. Сондықтан кейде жақсы көретін жаныңдағы жолдасыңнан да талап ете алмайтын нәрселер болады. Ендеше тәрбие айдарындағы бұл кеңес қыз келіншектерге арналады.


Отбасы мен өзіңіздің араңызға таңдау қоймаңыз

Көп ретте өз үйін, отбасын тастап, өзге шаңыраққа келген жанға ол жерге үйренісіп сыйысып кету қиындау. Әсіресе жұбайыңның анасына бірден ұнау қиын шаруа. Осы жерден мәселе туындауы мүмкін.

Мұндайда өз отасыңызды, ата-анаңызды еске алыңыз. Жолдасыңыз олармен қандай қарым-қатынаста? Көптеген күйеулер атасымен жақсы тіл табысады. Ал егер анаңызбен арасында келіспеушілік болып, өзіңізге сондай таңдау қойса, қандай күйде болатыныңызды ойлаңыз.

Сондықтан қандай болғанда да жолдасыңыздан отбасы немесе өзіңізді таңдауды сұрамаңыз.


Мәселеңізді тыңдауға мәжбүрлемеңіз

Әрине бір отбасы, жан-жарыңыз, өмірлік серігіңіз болған соң, мәселеңізді күйеуіңізге айту орынды. Бірақ ол сіздің бар мәселеңізді, бар келеңсіздікті төгетін жұбаныш, алданыш жәшігі болмауы керек. Яғни кейбір отбасындағы ұсақ-түйек немесе жұмыстағы мәселерді өзіңіз-ақ шешіп тастай салыңыз.


"Өзге әйелдерге қарама" деп талап қоймаңыз

Әйелдер қауымы көп ретте ер-азаматтарды «әдемі қыз көрсе көзін ала алмай қалады» деп кінәлап жатады. Алайда әйелдер де сымбаты келіскен жігіт көрсе бір қарап өтетінін мойындағысы келмейді.

Әрине, қасыңдағы жанның өзге әйелге қарағаны жағымды нәрсе емес, бірақ оның жәй ғана көз тастау екенін ұмытпаңыз. Ал егер қырындайтын болса, онда ашулануға болады.


Жеке қызығушылығын ауыстыруды сұрамаңыз

Әр адамның өзінің қызығушылығы болады және ол бала кезден немесе сізге үйленбей тұрып пайда болған болуы мүмкін. Мүмкін ол дәл сол қызығушылығымен сізді баурап алған шығар. Ал жалпы адамның қызығушылығы – оның бір бөлігі болып саналады. Сондықтан адамның қызығушылығы ауысса, өзі де өзгеріп кетуі мүмкін. Өз қызығушылығымен жиі айналысу, адамды бақытқа бөлейді. Сол себепті жан-жарыңызды қызығушылығын ауыстыруды талап етпеңіз, тіпті ол ісі сізге ұнамаса да.


Қарым-қатынастарыңыздың әр сәтін еске сақтауды сұрамаңыз

Өмір неше түрлі уақиғаларға толы, түрлі жағдайлар болып жатады, сондықтан өміріңнің күнделікті әр маңызды сәтін есте сақтап қалу мүмкін емес. Егер сіз үшін қандай да бір күннің маңызы болса, онда есіңде жоқ деп байбалам салмай, ол туралы жұбайыңызды хабардар етіп қойғаныңыз дұрыс. Ал ұрыс шығарсаңыз, ұмытылмас күн сол болып қалады.

Әрбір қыз-келіншек отбасындағы өзінің орнын біліп, міндетін тереңірек ұғынса, түсінсе, отбасын аман сақтауға, кез-келген мәселенің оң шешімін тауып, бақытты өмір сүруге болатын секілді.


Тағы оқи отырыңыз: Балаңызға бөтен адам ұрысқанда не істеу керек? Ата-анаға кеңес


Дайындаған: Базарбаева Э,

ERNUR.KZ