ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫНЫҢ арасында ЖЕКЕ ШЕКАРА болу керек

0
2 136

Әр адам өз шекарасын білгені, өзгенікін құрметтегені дұрыс.


ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫНЫҢ арасында ЖЕКЕ ШЕКАРА болу керек

Отбасын құрған екеу біртіндеп өмірлерін біріктіріп, ортақ шаруа, мақсат тіпті қызығушылығы да бірдей бола бастайды. Бастапқыда барлығы ұнайды. Тек уақыт өте күйеуіне ұнағаны әйеліне, әйелінің істегені күйеуіне жақпай жатады. Тіпті балалар да ата-анасының қызығушылығы мен мақсаттарынан алыс болуы мүмкін.

Мәселен демалыста тауға шығу тек әкеге, тәтті пісірме тек анаға ғана ұнайды. Ал бала демалысты отбасымен емес, достарымен бірге өткізгісі келуі ғажап емес. Алғашында бәрі жақсы болғанымен бұлай жалғаса бермейді. Оның соңы ұрыс-керіске алып келеді. Сол себепті де әр адам өз шекарасын білгені, өзгенің шекарасын құрметтегені дұрыс. Ол КҮЙЕУІҢ немесе ӘЙЕЛІҢ, ұл-қызың болса да.


Жеке кеңістік, шекара

Негізі отбасын құру – жолдасыңмен бір бүтінге айналу деген емес. Екі түрлі тәрбие, түрлі қызығушылық, басқа орта, өткені мен бүгіні. Мұның барлығына ерлі-зайыптылар сыйластық танытуы керек. Егер жолдасыңызды өзіңізге ыңғайлы, өз ойыңыздағыдай адам жасағыңыз келсе, онда сіз оның жеке кеңістігін бұзасыз.


Жеке кеңістік, шекара қалай бұзылады?

Заттар мен ақша

Телефон қадағалау, ақшаны қайда жарататынын, отбасының не ішіп жейтінін жалғыз өзі шешу.


Сырт келбетке наразылық

«Сақалың жараспайды», «арықтау керексің», «мына киімді киме, ол ұнамайды маған» деген сөздерді жиі айту, есту.


Уақыт белгілеу

Жұмысқа барған немесе жеке жұмыстармен жүріп тұрған уақытқа әрдайым есеп беріп отыру. Кешіккен үшін ақталу. Жұмыста отырған кезде жиі хабарласу. Жолдастармен кездесуде ертерек қайту туралы ескертулер.


Араласатын адамды таңдау

Араласатын адамдарыңызды жолдасыңыз таңдайды. Сіздің құрбыңыз немесе жолдасыңыз, әріптесіңіз жолдасыңызға ұнамауы мүмкін.


Жеке басын құрметтемеу

Сіздің ой-пікіріңіз есепке алынбайды, мәселеңіз маңызды деп саналмайды, әзіліңіз шындай қабылданады. Әрбір талпынысыңызды, жаңа істі, жетістікті сынап отырады.


Өз қызығушылығын мәжбүрлеп таңу

Мұндай жағдай өмірге көзқарастары әртүрлі жұптардың арасында орын алады. Мәселен сіз саудамен немесе телефонда жұмыс істеп ақша тапқыңыз келсе, оны жолдасыңыз бос уақыт өткізу деп санайды. Ол кейбір мысалдарды келтіріп өз ісіңізден бас тартып, өзінің айтқанын орындауға мәжбүрлейді.


Жеке шекараны бұзу ҚАЙДА АПАРЫП СОҒАДЫ?

Сырттағы қызығушылық – өз жеке шекарасы жоқ жан бір сәттерде жолдасынан алыстай бастайды. Оның ортасында жаңа адамдар пайда болады. Бұл оның теріс жолға түсуі мүмкін деген сөз емес. Тек оны тыңдап, ой-пікірін талқылауға салатын адамы болады.


Қызғаныш

Сенім жоғалып, қарым-қатынас бұзылады. Байқаусызда өзгеге қарап қойған көзқарастың салдары үлкен айғай-шуға ұласады.


Опасыздық

Адам жанына тыныш, жайлы жер іздейді. Әрине бұл дұрыс емес.Бірақ отбасылық өмір төзуге мүмкін болмаған кезде адам әрдайым осындай қадамға барып жатады.


Отбасында жеке кеңістікті қалай сақтауға болады

Ең біріншіден, жұптық өмірде де үйленбеген кездегідей ер де, әйел де – адам, жеке тұлға. Егер отбасылық өмірде сіздің қалауыңыз ескерілмей, тұншығып ішіңізде қалып бара жатса, өзіңізді бақытты сезінбейтініңіз анық. Сондықтан ашық түрде өз қалауларыңызды айтып үйреніңіз. Сізді сыйлайтын адам сіздің қалауларыңызды да сыйлайды.


Өзгенің де өзіңіздің де уақытыңызды сыйлаңыз

Қанша жақсы көріп тұрса да ерлі-зайыптылар бір-бірінен бөлек уақыт өткізіп тұруы керек. Мысалы сізден бөлек айына бір рет құрбыларымен, достарымен 2-3 сағат кездесуге келісу.


Бірігіп кетудің қажеті жоқ

Оның барлық қызығушылығын қолдаудың қажеті жоқ. Әртүрлі көзқарас, түрлі қызығушылық – бұл қалыпты жағдай. Барлық қызығушылығы бір-біріне толықтай сай келетін адамдар болмайды.

Сондай-ақ сөздік қорыңыздан мынау ер адамның, мынау әйелдің жұмысы деген сөзді алып тастыңыз.


Жеке шекараны құрметтеу – оңай шаруа емес. Бірдеңе демес бұрын алдымен жолдасыңыздың орнына өзіңізді қойып көріңіз. Сол кезде қай жерде жеке шекара бар екенін түсіну оңайға түседі.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ