"ҚАРТАЙҒАНДА" туған бала: ата-ана нені ескеруі керек

0
4 634

Жас келгенде босанған баланың тәрбиесінде де ерекшелік бар.


Әже апаларымыздан 50 ден асқанда босанғам дегенді жиі естуге болады. Ол кездерде бұл қалыпты жағдай саналған. Ал қазір медицина 35 жастан асқандағы жүктілікті кеш жүктілікке жатқызады. Алайда қазір көбіне кеш жүктілік 40 жас саналатын секілді. 40 жаста кейбір жандар ата-апа атанып қыз ұзатып, ұл үйлендіріп жатса, кейбірі енді ғана ата-ана атанып жатыр.

Кеш жүктіліктің қандай пайдасы және зияны бар? Кеш туылған балалармен нендей мәселе орын алуы мүмкін? Тәрбиесінде қандай қиындықтар орын алады? Бұл туралы қызықты мәліметтерді төменнен оқи аласыздар.


Кеш туылған балалар: тәуекел және оң жағы

  • Әлем елдерінің психологтары кеш туылған балалар талантты және зерек келеді деген бір тұжырымда. Мұның негізгі себебі жасы келген ата-ананың дұрыс жүріс-тұрысында, саналы ойлауында болса керек. Балалы болған соң бар көңілдерін балаға арнайды. Себебі олар жұмысы мен өмірдегі қажеттіліктерін бір жолға қойып реттеп алған. Мұндай ата-аналар баланың дамуына белсенді түрде қарайды. Оның достарына мән береді, неге икемі, талабы бар екенін аңғарады және соған лайықты жағдай жасауға тырысады.
  • Жасы келген ана баласының денсаулығы үшін қатты алаңдайды. Сондықтан дәрігердің бар айтқанын мүлтіксіз орындауға тырысады.
  • Кеш туылған балалар ата-анасын жасартады. Яғни ондай ата-аналар жас көрінуге тырысып, өз-өздерін күтіп, зиянды әдеттері болса тасауға тырысады. Жұптардың қарым-қатынасы жайлы, тыныштыққа ауысады.
  • Кеш туылған балалар көбіне материалдық қиындық көрмейді. Себебі жоғарыда айтып кеткендей бұл уақытқа дейін ата-ана өз жағдайын жасап, жан-жақты қамтамасыз етіп барып баланы жоспарлы түрде дүниеге әкеледі.

Осынша артықшылығы бола тұра, кеш жүктіліктің қауіпті, кері жағы бар екенін де ұмытпау керек.


Біріншіден медицина бойынша 35 жастан ары қарай жүкті болу денсаулық үшін қауіпті саналады. Тәуекел басым. Тіпті қазір 30 жастан ары қарайғы жүктіліктің өзі қартайып босануға жата бастаған. Бұл тек анаға ғана емес балаға да әсер етеді дейді медицина мамандары. Кеш туылған балалар аллергияға, жүйке ауруына, эндокринді бұзылыстарға бейім келеді.


Екіншіден қаржы тәуекелі. Дәл сол уақытта ата-ана аяғына нық тұрған болғанымен алдында денсаулық пен жастықты қайтармайтын жол жатқанын ұмытпау керек. Мәселен жиған қаражат өз денсаулығыңызды оңалтуға кетіп, баланың болашағына ештеңе қалмауы мүмкін. Ал ол қаражатты денсаулықты туралап алып қайта орнына қоюға, жас та өз уақытынан өтіп кетеді.


Үшіншіден – баланың өз ата-анасының жасын қабылдау қаупі. Жасы келген ата-ана мен кеш туған баланың заманы, айналаны қабылдау, түсінуінде үлкен айырмашылық болады.

Сондықтан жүктілікті кеш жоспарлаған ата-ана көптеген тәуекелге бел буғаны жөн.


Кеш туылған баланы тәрбиелеудегі мәселелер:

1. Физикалық белсендіктің төмендігі. Бала деген өте тынымсыз келеді. Біресе велосипед теуіп, бірде доп қуып бір орнында ұзақ отыра алмайды. Ал жасы келген атаа-ана бұл жағдайда көп шыдамайды. Яғни баламен бірге доп қуып, шаршамай ойнау қиын.

2. Жалғыздық. Жас ата-аналардың балаларының жастары да шамалас, қатарлас болады. Ал егде жаста ата-ана атанатындар сирек кездеседі. Сондықтан отбасылық немесе жора-жолдастар кездесуінде баланың өзіне қатарлас табуы қиын.

3. Балалық менмендік. Жасы келген ата-ана жас ата-аналарға қарағанда баланы қатты уайымдайды. Бала тәрбиесінде көп ретте уайымға, қорқынышқа жол беріп қояды. Сондықтан да бала ерке және қыңыр болады.

4. Түсініспеушілік. Жас айырмашылығы алшақ болған сайын баламен бір сарында жүру қиындай түседі. Сән, ұстаным өзгереді, ғылыми техникалық прогресс алға жылжып жатады. Бара-бара баланы түсіну қиындай түседі. Баланың ойыны, тыңдаған музыкасы, киген киімі, қызығушылығы барлығы түсініксіз, ерсі, жат көрінеді.

5. Ыңғайсыздық. Әр бала ата-анасын мақтаныш етеді. Ата-ансы әдемі, жас болып оған қатарластары қызыға қараған сайын баланың мақтанышы арта түседі. Ал егер балаға «сенің апаң, әжең немесе атаң келіп тұр» десе, онда бұл бала үшін де ата-ана үшін де өте ыңғайсыз жағдай.

6. Уайым. Ата-анасы егде жастағы балаларда ата-анасының денсаулығына деген уайымы басым болады. Сондай-ақ ата-ана да баласы үшін қатты алаңдайды.


Не істеуге болады?

Бала – бақыт. Жасы келген ата-ана бұл бадқытты толық сезініп, бала тәрбиесі үшін барын салады. Жасы келіп балалы болған ата-аналар мынаған мән бергені жөн:

  • Шектен тыс өбектеуден аулақ болыңыз. Әрине баланы өбектемеу қиын, дегенмен мұның баланың дамуына кері әсерін тигізетінін ескеру керек. Бала өзі шешім қабылдап үйренгені дұрыс.
  • Балаға орындалуы қиын немесе орындалмайтын тапсырма бермеңіз.
  • Жасы келген ата-ана денсаулығына бей-жай қарамағаны жөн.
  • Балаға бәрін бірден бере салудан, қалағанын істеуден аулақ болыңыз. Себепсіз еркелетпеңіз.

Егер сіз жасы келген ата-ана болсаңыз, онда сізге шынайы сүйіспеншілік, сабырлық жақсы көмектеседі.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ



БҰЛ СІЗГЕ ҰНАМАЙДЫ, бірақ өмір сонысымен қызық


БАЛАҒА ұлан-асыр ТУҒАН КҮННІҢ қызығы бар ма?