​КҮЙЕУдің қандай болмағы ЖІГІТ кезінен білінеді

0
3 968

Мұндай еркектерді жан-дүниесі тұрғысынан алып қарағанда НАУҚАС деп қарастыруға болады.


​КҮЙЕУдің қандай болмағы ЖІГІТ кезінен білінеді

Кейбір ер-азаматтар әйелін жекеменшік мүлкі ретінде санайды. Ол ғана емес, тіпті, екінші сұрыптағы адам ретінде қарайды. Өзінің алға қойған мақсатын, армандары мен жоспарларын әйеліне айтып, онымен ақылдаспайды. Оған айтып, ойын білу, пікір алмасу дегенді қажет деп таппайды. Өзі ғана әйеліне ештеңе айтпайды емес, әйелдің өз пікірі мен ойын айтуға, ойында не жатқанын білдіруге құқығы жоқ адам деп санайды.


Әрине, барлық еркектер емес, кейбірі осындай типте болып келеді. Мұндай еркектерді психологиялық тұрғыда НАУҚАС деп қарастыруға болады. Өйткені, мұндай мінез-құлқы қалыпты емес ер-азаматтарға «психопатия», «паранойя» деген диагноз қойылады. Егер жүйке жүйесіне зақым келмеген, психикасы орнындағы адам мұндай әрекеттерге бармайды. Зорлық-зомбылық, адаммен нашар қарым-қатынас орнатуға бармақ түгілі, қарсылық танытады.


Егер әйелдің де психологиялық ахуалы орнықты болса, ер адамның өзіне қорлық көрсетуіне, дөрекілік танытуына ешқашан жол бермейді.яғни, айтпағымыз, қыз бала тұрмыс құрмастан алдын танысып-білісіп жүрген ер адамның осындай паталогияға жете ме, жоқ па ол жағын анықтауға болады.


Қыз бен жігіт кездесіп жүрген кездерінде жігіт қызға болмайтын себептер үшін ұрыс шығарып, кездесу уақытын да тек өзі белгілеп, үйленбей жатып оны себепсіз қызғанып, телефонын да ұдайы тексеріп тұрады. Құрбыларын таныса да олармен бірге басқосуға тыйым сала бастайды.


Егер қыз мұндай еркекпен қарым-қатынасын үзбей, «ол мені шексіз сүйеді. Сүйгендіктен де қызғанады. Еріксіз осындай қадамдарға барады» деп ақтап алуға тырысады. Егер мұны шын сүю деп қабылдаса, онда қыз баласы құрбандық болып саналады. Демек, үйленгеннен кейін де осындай қарым-қатынасқа, қорлыққа шыдауға дайын деген сөз.



Ақылды қыз дұрыс қарым-қатынас орната біледі

Мысалы жастары шамалас екі бойжеткен қызды алайық. Екеуі де өздеріне тең жігіттермен кездесіп жүр. Кезекті кездесудің бір күні жігіттер қатты ашуланып, қыздардың бетінен шапалақпен салып жіберді. Қыздардың реакциясы қандай болмақ?

Екеуі де ренжиді, әрине. Жылауы да, айғайлап іштегі ренішін шығарып алуы да орынды. Бірақ, жігіт артынан келіп кешірім сұрап, ренжіткенін жуып-шаю мақсатында гүл шоқтарымен, сыйлықтарымен келуі мүмкін. Бірінші қыз ол жігітпен сөйлесуді қаламайды. Сол сәттен бастап, ара қатынастарына нүкте қойып, нақты бір шешімге келеді. Өйткені, оның өзін бағалауы жоғары, психологиялық тұрғыда денсаулығы мықты және жігіттің бұл қылығын тізерлеп тұрып кешірім сұраса да кешірмейді.

Ал, екінші қыз жігітінен бір шапалақ алғаннан кейін онымен кездесуге батылы жетпейді, сөйлескісі келмейді. Бірақ, жігіті «жаңылғанын, ашуға бой алдырып қойғанын» айтып, сол қателігін «түзеуге» бір мүмкіндік беруін сұрап, қымбат сыйлық әперіп, ренішін жуып-шайып ара-қатынастарын жалғастыруын сұрайды. Біраз ренжіп тұрса да, қызы мүмкіндік беріп, «жарайды енді, бір қателік жасаған болар» деп жігітін кешіреді. Осылай ол жігіттің нашар қылықтарының көбеюіне жол ашып береді. Яғни, жігіт қыздың оңай кешіретінін, бір шоқ гүлмен реніші жазылатынын біліп алады да басқа да ерсі қылықтар жасай береді. Бара-бар гүл шоқтары азайып, соңында тоқтайды. Ал жігіттің ерсі қылықтары жалғаса береді. Бұл қыз неліктен жігітпен қарым-қатынасты үзе алмайды?

Себебі, бірінші қыз жігітті емес, өзін бағалады, ал екіншісі жігітті жоғары санады. Содан үйленгеннен кейін бұл қорлық көру үдемесе, кемімейді. Өйткені, отбасын құрмастан бұрын ол өзіне дөрекі қарым-қатынас орнатуға жол берген.


«ҚҰРБАНДЫҚ» қыздар қайдан шығады?

Барлығын балалық шаққа, отбасында алған тәрбиеге апарып тірейтініміз жасырын емес. Шындығында бала тұлға болып қалыптасу барысында ата-ананың тәрбиесі, отбасындағы күнделікті қайталанатын жағдай баланың санасына әбден сіңіп қалады.

Отбасында әкесінің анасын төмпештеп, қорлық көрсететінін көріп өскен ұл болсын, қыз болсын «отбасы деген осындай болады» деген түсінік қалыптасады. Яғни, олар басқаша отбасылық өмірдің болатынын түсінбейді. Ұл бала әкесінен көргенін қайталайды, әйелін жұдырығымен басқарғысы келеді. Ал қыз баласы ол да әкесінің таяғын жеп, қорлығына шыдаған анасын көріп, «әйел шыдау керек екен» деп есейеді. Сондықтан, бойжеткен шақта әкесіне ұқсаған жігітті таңдайды. Сосын отбасылық өмірде анасы секілді күйеуінің тоқпағына көніп өмір сүреді. Өйткені, қыз бала өзін бағалауы төмен болып қалыптасты. Қысқасы, ата-анасының жазып берген сценарийі бойынша отбасылық өмірді бастан кешіреді.



Әйел өзін өзі бағалауды үйрену керек

Әйел күйеуінің кемсітіп, тіл тигізгеніне, ұрып-соққанына шыдаса, отбасылық өмірден бөлек, қоғамда да басқаларды өзінен жоғары қояды. Өзгелерді риза етіп, өзін құрбандыққа шалады. Әйел өзін қорғауды, сақтануды білмейді. Ол шаршағанын, жан-дүниесінің ауырғанын, тәнінің қажығанын сезінуге өзіне жол бермейді.


Мұндай әйелдерге АЖЫРАСУ үшін қандай ТОСҚАУЫЛдар бар?

1.«Ажырасып кетсем ел не дейді?» деген қорқыныш

2.«Балаларымды әкесіз өсіргім келмейді» деген байлам

3. «Күйеуімнен басқа мен балаларыммен бірге кімге керекпін?» деген үрей


«Ел-жұрт не дейді?» дегенге келсек, күйеуінен ұдайы таяқ жеген әйелді ата-анасы мен бауырлары немесе жанашыр жақындары арашалап алып кетуге тырысады. Туыстарымен бірге еріп төркініне келген әйелді арада біраз уақыт өткеннен соң «есі кірген болар? Балаларыңды әкесіз қалдырма! Елден де ұят, ажырасыпты дегенді естісе не бетімізді айтамыз?» деп ерлі-зайыптыны жарастыруға тырысады. Бірақ, осы кезде әйелдің өз шешімі болуы маңызды. Өйткені, әйел дөрекі күйеуіне одан әрі шыдап немесе мүлдем одан кетіп, балаларын жалғыз өзі жеткізуді өзінен артық ешкім де шешіп бере алмайды. Туғандарының оған жаны ашығанымен, ол әйелдің отбасында қандай қиындықтарды көріп жүргенін білмейді. Білген күнде де әйелді соңына дейін қорғап немесе күйеуін өзгертіп бере алмайды. Сондықтан, әйел біреудің пікірімен бақытты бола алмайтынын түсінуі тиіс.


«Балалар әкесіз өсе ме?» дегенге тоқталатын болсақ, сіз балаларым әкесіз өспесін дегеніңізбен, оларға бақытты балалық шақты сыйлай алмай жатырсыздар, солай емес пе?! ішкілікке салынып, анасын ұрып жатқан әкенің тәрбиесін көргеннен көрмегені дұрыс сияқты. «Балалар үшін азапқа төзуім керек» деген әйел балаларының да өмірін азапқа айналдыратынын ұғуы тиіс. Ерлі-зайыпты екі бөлек өмір сүргенімен, әкесі балаларына кезең-кезеңімен келіп, хабар алып тұрса, сол ыңғайлы. Егер хабар алмаса, онда балалардың биологиялық әкесі ролін ойнаған адам.


«Күйеуімнен кетсем, мен балаларыммен бірге кімге керекпін?» деген қорқыныш. Шынында да әйел баласы жалғыздықтан қорқады. Дегенмен, мұндай жағдайда әйел «Мен естияр адаммын, өмірімді өзгерткенім дұрыс. Ол үшін мен өзіме сенуім керек. Мені әке-шешем мен туыстарым емес, мен өз-өзімді қорғай білуім тиіс. Мен балаларыма, балаларым маған керек» деген ұғымды жете түсінуі керек. Олай ойлай алмаса маманның көмегіне жүгінгені дұрыс.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Күйеуге барлық ПРОБЛЕМАНЫ айту қажет пе?


Жұмысыңыз ӨНБЕЙ жатса, МЫНА 4 әдеттен аулақ болыңыз