​«НЕГЕ АЖЫРАСТЫҢ?» десе, не дейсіз?

0
2 681

«Мінезіміз жараспады» деп жылы жабуға тырысасыз ба?


​«НЕГЕ АЖЫРАСТЫҢ?» десе, не дейсіз?

Ажырасуға бел буған ер де, әйел де жаңа керемет қарым-қатынастан үмітті болады. Бірақ көп жағдайда «баяғы жартас, сол жартас». Неге? Себебі ажырасқан адам отбасын қалай сақтап қалу керегін әлі түсінбеген болуы мүмкін. Негізі қарым-қатынас жақсы болып, отбасын сақтау үшін көп жұмыс жасау керек.

Дәл қазір ажырасамын деген ойда жүрсеңіз, біліңіз, «Не себепті?» деп сұраушылар көп болады. Сонда салмақты себеп, орынды уәж айта аласыз ба? Кінәнің бәрін бұрынғы жұбайыңызға аударып, өзіңізді судан таза, сүттен ақ етіп ақтайсыз ба? «Мінезіміз жараспады» деп жылы жабуға тырысасыз ба? Өзіңізден де кінә болғанын сол кезде бір-ақ түсініп, өзегіңізді өкініш кернемесе болғаны тек. Өйткені ажырасуға себеп кез келген отбасында табылады. Ал сол себептің тууына, салдарының орын алуына ерлі-зайыптылардың екеуінің де қатысы болады.


Күнделікті қайталанатын тіршілік

Күнделікті қайталана беретін бітпейтін тіршілік жалықтырады, күйзеліске ұшыратады. Мұндай кезде екі жанның бірі «бұлай жалғаса бергені болмас» деген шешімге келеді. Бөлек кетсе, ажырасса бәрі жақсы болып кететін сияқты көрінеді. Неге дәл осы сәтте «ажырасамын» деп емес, «қайта жақсартамын» деп ұмтылмасқа? Түрлі қызықты сәттерді ұйымдастырып, бақытты қолдан жасауға, күнделікті қайталанатын күйбең тіршілікке аз да болса өзгеріс енгізуге, сұрықсыз өмірге бояу беруге кім, не кедергі? Неге мұндай өзгерісті сіз үшін біреу, жұбыңыз ғана жасауы керек? Өзіңіз байқап көрдіңіз бе?


Сыйластықтың болмауы

Егер ерлі-зайыптылар бір-бірін сыйлай алмаса, арада небір орынсыз іс-әрекетке, жағымсыз қылық, ауыр сөзге жол береді. Мұндай жұптың ұзаққа баруы екіталай. Сыйластық та махаббат сияқты, бастапқыда өзінен-өзі пайда болуы мүмкін. Бірақ, соның өзін бағаламаса, сақтамаса, бірте-бірте сөніп қалады. Сондықтан, «бірінші орында сыйластық» деген қағиданы ұстансаңыз, өзіңізді сыйлауға лайық жан ретінде ұстасаңыз, теріс қылық, орынсыз сөздерге жол бермесеңіз, қарсы тараптан да сыйға – сый болатынына күмәнданбаңыз.


Қабылдамау, реніш, түсініспеу

Қанша күшті махаббат болса да, бір адамның екінші біреуге жүз пайыз ұнауы мүмкін емес. Сондықтан кім-кімге болмасын екінші жартысының кемшілігі мен әлсіздігін қабылдай білу маңызды. Егер бұлай болмаса, онда реніш пен көңіл қалу жиналып, үлкен жараға айналады. Нәтижесінде сенім жоғалып, сөйлесу азаяды, ұрыс көбейеді. Екінші жартыңыздың бойынан сізге ұнамайтын нәрсені көріп тұрсаңыз, оны жария етуге асықпаңыз. Алдымен «Мен де кемшіліксіз емеспін. Өзімнің қандай мінім бар? Оны қалай қабылдады?» дегендей сауалдарды қойыңыз өзіңізге.


Материалдық қиындықтар

Материалдық жетіспеушілік те көбіне ажырасуға алып келеді. Несие, қарыз, қаржының жетпеуі – мұның бәрі жүйкеге тиіп, келіспеушіліктің туындауына себеп болады. Алайда, бүгінгі заман талабына сәйкес, отбасылық қаражаттың жауапкершілігі өте көп. Екі жақтап арқаламаса, бір ғана адамның алып жүруіне ауыр. Сондықтан, қаражаттың жетімсіздігі, қаржылық мәселелермен бетпе-бет келсеңіз, оны ажырасумен шешу - қате қадам. Бірінші кезекте өзіңіздің қаншалықты үлес қосып жатқаныңызды ойлаңыз, екінші кезекте жоқтың орнын екеулеп толтыруды ойластырыңыздар.


Көзқарастар қайшылығы

Әйел өзінің карьерасы туралы ойласа, ер адам оны үйде, үй шаруасында отырғанын қалайды немесе басқа да жағдайлардағы екі түрлі көзқарас. Ерлі-зайыптылардың ойының бір жерден шықпауы бала тәрбиесінде, отбасындағы міндеттердің бөлінуінде қатты білінеді. Мұндай кезде «Аққу, шортан һәм шаян» болмай, бір-біріне жеңілдік жасап, ортақ компромисс нүктесін тапқан әлдеқайда нәтижелі.


Теріс жүріс

Теріс жүріс жасауға көптеген себептер болуы мүмкін. Көбіне отбасылық өмірге қанағаттанбаудан орын алады. Сыртта әркім өзіне жетпейтін эмоцияны іздейді. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегенді білетін боларсыз. Атыңыз айналып қазығын тауып келсе, жасаған ісіне өкініп, кешірім сұраса, қайталамауға уәде берсе, кешірім беру жағын қарастырып көріңіз. Себебі, шындап іздесе сіздің де айыбыңыз бар боп шығуы мүмкін.


Өмірлік сынақтар

Кейде тағдыр ойымызға кіріп-шықпаған сынақтар ұсынып жатады. Мысалы, банкрот болу, апатты жағдай, ауру, т.б. Отбасын құрған екі жанның бірі мұндай сынаққа төзімсіздік танытса, екіншісі оның шыдамсыздығына төзбеуі мүмкін.


Психологиялық қысым

Абьюзивті қатынас, тирандық әрекет – белсенді не пассивті түрде көптеген отбасында болып жатқан жағдай. Бұрындары бала үшін, басқа үшін деп көнгендер көп болса, қазір өмірін ешкімнің қысымынсыз, өз қалауынша, өз еркімен сүруді таңдайтындар басым боп келеді. Өмірінің біршама жылын ұрып-соғуға, балағат сөздерге, ырықсыздыққа құрбан етікісі келмегендер ажырасуды ең оңай да оңтайлы әрі әділ жол деп санайды.


Рас, кейде ажырасу ең дұрыс шешім болатын жағдайлар да кездеседі. Кейде жастар алдамшы сезімді шынайы махаббат деп шатасады, бір-бірін жақсы танымай жатып, асығыс шешім қабылдайды. Зиянды әрекет балағына мықтап жабысқандар, өзімен қоса отбасын құрдымға кетіретіндер, айналасындағы адамдардың өміріне қауіп төндіретіндер - өкінішке орай, бар. Мұндай жағдайларда некені сақтап қалудың мәні жоқ. Алайда, адасулар мен шатасулар, ажыраспаса болмайтын жағдайлар саны статистикадағы сандармен тең дегенге сену қиын. Содан да, біреулер дер кезінде ажыраспағанына өкінсе, ажырасқанына өкініп жататындар да жоқ емес. Оны іштей болса да мойындайтындар баршылық.

Қазір ажырасуды ұят әрекет деп санамайды. «Тағдыр», «сәтсіз неке» деген сөзерді қалқан етіп, шаңырағының шайқалуының нағыз себебі өздерінде екенін мойындайтындар аз. Кез келген отбасын ажырасуға жеткізбеуге болады. Ол үшін қарым-қатынасты қалай сақтау керегін отбасын құрмай тұрып білу керек.

дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ТУҒАН БАЛАңыз болса да, орынсыз СЫНАУҒА ҚАҚЫҢЫЗ ЖОҚ