Әйелдерге: қатал болып бара жатсаңыз, өмірге бала әкеліңіз

0
4 187

Әйелдер ашуын жылап немесе ұрысып шығарып тұрмаса болмайтынын білетін шығарсыздар. Білмеймін, бұрын мен де ашуланған әйел көрсем, "сабырлы болса қайтеді?" деп жазғыратынмын. Сөйтсем, ол да жанның тыныштығы болса ғана орындалатын дүние екен ғой. Жұмыстағы кейбір сәтсіздіктер, шаршау, үйге келген соң баланың сабағын қарау, олардың мыңдаған сұрағына жауап беру, жетпей жатқанның орнын толтырамын деп тыраштану, күйеудің қатулы қабағы, сөзі - бәрі де жабылып мені мүлде өзгертіп жіберді.


Әйелдерге: қатал болып бара жатсаңыз, өмірге бала әкеліңіз

Әйел өмірге бала әкелген сайын мейірімді бола түседі. Бұл менің өз өмірімнен түйген ойым. Осы ойымды көптеген құрбыларыма, таныстарымның ортасында айтқанымда ойланып барып "расында да солай-ау" деп келісті.

Он сегіз жасымда тұрмысқа шыққанмын. Әлі балалығым қалмаса да көптен көздеп жүрген, өзіме ұнайтын жігіттің жары болдым. Бір алып-ұшқан махаббат болмаса да, ол жігіттің жары болғаныма қуандым, разылықпен табалдырық аттағанмын. Алғашқыда ата-енемнің қолында тұрдық. Содан соң бөлек шыққанбыз.

Барлық отбасы қиындықтан өтеді. Материалдық болмаса да ішінара жұбайлар арасында да проблемалардың болуы заңдылық. Тек оған түсіністік таныта білген жөн. Сондай қиындықтар менің де басымнан өтті. Бірінен соң бірі өмірге үш ұл мен бір қызымыз келген. Тәтті былдырына рахаттанып өмір сүріп жаттық. Мен балаларымның күтімімен үйде болдым да, күйеуім іссапарда көп жүрді.

Негізі, ер-азаматтың ерік күші мықты болмаса қызмет қатты өзгертеді. Менің күйеуімді әлсіз демеймін, бірақ іссапарларда жүріп көптеген жоғары шенді азаматтармен араласты да, көзқарасы өзгере бастады. Бастапқыда жастық желігі ғой деп кешіріммен қарадым. Тіпті, шарапқа үйірлігіне де түсіністікпен қарауға тырысып бақтым. "Бізді асырап отыр, кездесулері ішімдіксіз бітпейді де" деп өзімді жұбататынмын. Бірақ тым астамшылық танытып бара жатқанынан секем алушы едім. "Өстіп жүріп бір қателік жасап қоймаса болар еді" деген қорқынышым шындыққа айналды. Күйеуім бастығына артық сөз айтып қойған ба, әлде бір тапсырысын жөндеп орындамаған ба, жұмыстан шығып қалды.

Еркектер көп жағдайда күйреуік келеді ғой. Жігері жасып, намысы тапталды ма, күйеуім үйде басқа жұмыс іздеуге құлқы болмай алты айдай жатып қалды. Табыс әкеліп отырған жалғыз өзі ғана болған соң қысыла бастадық. Барынша түсінуге тырысып, сылап-сипап жұмысқа шығу керектігін айтсам да міз бақпады. Өзінен кінә іздемей, басқаларды қаралап жатып алды. Балаларымыздың алды 3-сыныпта, соңы екі жасар ол кезде.

Шын қинала бастаған соң ауылдан сіңлімді алдырып, жұмысқа шығуға келді. Әрине, ол шешім де ұрыс-керіссіз келген жоқ. Ол үшін бірнеше рет сөзге де келісіп қалдық. "Мені адам құрлы көрмейсің, саған табысты кезімде ғана керекпін" деп менің және балалардың жағдайын түсінуге тырыспады. Ал мен балалардың қажеттілігін айтып жыларман боламын. Амал жоқ, жұмысқа өзімнің шығуыма тура келді. Күйеуім өкпелеп, тырысқан күйі теріс қарап жатып алды. Тіпті, балаларын еркелетуге де шамасы келмеді. Оған қарап ашығып, мектепке қажеттілерін ала алмай отыра беруге менің дәтім жетпеді.

Жұмысқа тұру да оңай болған жоқ ол кезде. Мамандығым бойынша тәжірибем жоқ болған соң туыс ағамның жанармай құю бекетіне кассир болып тұрдым. Оны да бірнеше күн тегін істеп үйренуге тура келді. Күйеуіме әрине, өкпем қара қазандай. Кешке келгенде балаларым шулап мойныма асылады. Олардың күні бойы бүлдіргені бар. Өзімнің жүйкем жұқарып жүргенде олар шулайды. Өзімнің қатал болып бара жатқанымды сол кезде байқаған болатынмын. Бірақ оны саралап-сараптап жатуға шамам келген жоқ. Бар ойым - бала-шағамды асырау. Оның үстіне күйеуімнің қажайтыны тағы бар. Үйде жатып қымбат темекі шегетініне дейін жыным ұстайды, бірақ үнсіз қаламын.

Әйелдер ашуын жылап немесе ұрысып шығарып тұрмаса болмайтынын білетін шығарсыздар. Білмеймін, бұрын мен де ашуланған әйел көрсем, "сабырлы болса қайтеді?" деп жазғыратынмын. Сөйтсем, ол да жанның тыныштығы болса ғана орындалатын дүние екен ғой. Жұмыстағы кейбір сәтсіздіктер, шаршау, үйге келген соң баланың сабағын қарау, олардың мыңдаған сұрағына жауап беру, жетпей жатқанның орнын толтырамын деп тыраштану, күйеудің қатулы қабағы, сөзі - бәрі де жабылып мені мүлде өзгертіп жіберді. Бұрын балаларыма қол жұмасамайтын едім, олардың өскен сайын қылығы да, тәртібі де өзгеріп бара жатқанға ма, қатты ашуланғанда таяқтап та алатын болдым. Басында балаларым үрпиісіп қалды. Кейін келе дауысым шықса кәдімгідей қорқып қалатын.

Ол жағдай да күйеуім ұнасын ба, "жұмыс істегеніңді міндет етіп жатырсың" деп дау шығаратын болды. Соған бола тағы ұрысамыз. Сіңлім де кейде ренжіп, "ұрыса берсеңіздер, үйге қайтамын" дейтін. Кейде еркелеп құшағыма кіріп: "Әпке, неге қатал болып барасың? Балаларың менің қойныма тығылады. Саған сөйлеуге қорқатын болды ғой..." дегенде жүрегім шаншып кетеді. Өзімді өзгертуге, сабырлы қалпымды сақтауға қанша тырыссам да нәтиже шықпағанда қиналып жылап та алатын едім.

Өміріміз осылай өтіп жатты. Жылдан аса уақыт үйде жатқан күйеуім ақыры өзіне лайықты жұмыс тауып шықты. Үйге екі жақтан табыс келе бастаған соң жағдайымыз да өзгере бастаған. Бірақ балалардың қажеттілігі жыл өткен сайын артып жатқан соң жұмысымды тастай алмадым. Оның үстіне жөндеу көрмеген үйімізді де реттеп алу көптен ойымда жүрген. Оны өздігінен жасайын деп жатқан күйеуім болмаған соң ендігі табысымды соған жинай бастадым. Сонда да жұмыс істеген әйел қатал болып кетеді екен. Ұлдарыма қатал қарадым. Әкесі сияқты жасық, сәл қиындыққа морт сынатын болмасын деп тым еркелетпейтін болдым. Қызымды жалғыз демей, үй шаруасына бейімдей бердім. Сөйтіп жүріп әйелдік мейірімділік дегенді естен шығарған екенмін.

Жұмыс істегеніме бес жыл болғанда өзім де шаршадым ба, әлде қызымның жалғыздығы жайында анамның айтқан өздері әсер етті ме, өмірге тағы бір сәби әкелгім келді. Күйеуіме ақыл кіргелі арамыздағы салқындық жойылып, жарасқанбыз. Енді онша-мұнша дауыс көтерулер болып қалады, дегенмен әйел адамға күйеуінің табысты болғаны мен жан тыныштығы болса жетіп жатыр емес пе? Тез жарасамыз қанша ренжіссек те. Тағы сәби сүйгім келетінін күйеуімен емеурінмен айтып көріп едім, "соны айтуға қорқып жүр едім саған" деп күлді. Алланың қалауымен тілегім қабыл болып, өмірге қыз бала әкелдім. Балаларыма дейін үйге кішкентай бөпе келгеніне шаттана қуанды. Әсіресе, қызымның қуанышы қойнына сыймай айналып қасынан шықпады. Сонда ғана бойымнан жоғалып бара жатқан мейірімділігімнің қайта оралғанын түсіндім. Оны 11-сыныпта оқып жүрген балам айтты. "Мама, сізге бөпелі болған сондай жарасады, бізге де ұрыса бермейтін болдыңыз үйге Еңлік келгелі" деп әзілдеді. Әзілдесе де ойындағы шындығы екенін сезініп, өзімнің іс-әрекетіме есеп беріп көрдім.

Рас, бұрын таңертең кетіп кешке бір-ақ ораламын. Кешкі астың қамы бар, жуылатын кір-қоңымыз да дайын тұрады. "Мама!" деп етегіме орала кететін кенжелерімнің сұрағы, бірі қашып, бірі қуатын балалар, үйдің ішінде күнде бірдеңені бүлдіретіндері, сабағы, одан ыдыс-аяқ... Не керек, түннің бір уағында жатып, таңертең тағы сол басталады. Дәп бір кассетаны қайта айналдырып қойып жатқан секілді . Аптасына екі күндік демалыс тоймен, ағайынның асымен, қала берсе бала-шағаның қажетін сатып алу, азық-түлік әкелумен базарда өтеді. Үй жинау, моншаға бару деген сияқты шаруалармен-ақ дүйсенбіде сілең қатып қайта жұмысқа шығасың. Тыным таппайсың ғой. Сөйтіп жүргенде өсіп келе жатқан балаларға тәрбие жайында тәмсіл айту, олардың әр қылығын бағамдап, қалай қарай кетіп бара жатқанын анықтау, еркелетіп сырласу дегеннің бәрі адыра қалмай ма? Әйел осындайдан-ақ қаталданып кетеді екен ғой. Расында қай баламды қашан еркелетіп құшағыма алғанымды ұмытып қалғандай екенмін ғой. Міне, осы үшін де әйелдің үйде отрығаны жөн екен-ау.

Бір жайма-шуақ көңіл-күймен осы ойымды күйеуіме айттым. Ол да ойланып қалды. "Тағы бір бөпе әкел де, үйде отыршы. Расымен, балаларға қарауды ұмытып кетпейік жұмыс деп жүріп. Өзім-ақ асыраймын..." Маған керегі де көптен бері осы сөз екен, көңілім босағандай болды.

Қазір Еңлік қызымнан соң тағы бір батырымыз бар үйде. Үлкен ұлдарымның ермегі, мақтанышы. "Ильин болады өскенде" деп еркелетеді. Өзім солардың ас-суы, күтімі, қадағалауы бар, үйде отырмын. Күйеуімнің де шаруасы көбейген, жеке кәсібін ашып, жұмысынан бөлек уақытын сонда өткізеді. Біреуден кейін, біреуден ілгері дегендей, тұрмысымыз түзелген. Қазір балаларыма қалай сөйлеп, қалай еркелету керектігіне көп мән беремін. Себебі, өсіп қалған. Олардың алдында өзімді қалай ұстау керектігін де іздеп жүріп оқимын бос кезімде.

Екі қызымның арасындағы уақытымды қайта қайталамауға, ондағы қателіктерге бой ұрмауға тырысамын. Сәби сүйген сайын мейірімнің тасығанын, үлкендеріме де, күйеуіме де, тіпті, көрші-қолаң мен ағайын-туыс ортасында да күлімсіреп жүретінімді байқаймын. Ол менің тек "бетпердем" емес. Елге жақсы көрінейін деп емес, шынайы көрінісім сол. Әйелдің қабағының ашылуына сәбиінің қалай әсер ететінін байқағалы жастарға солай кеңес беретін болыппын. Тіпті, сәби сүймей жүргендер болса, басқаның баласын құшақтап сүйсе мейірі ашылып, таяу арада бала сүйетіндей көрінеді маған. Кім біледі, зерттелмеген, дәлелденбеген құбылыс қой. Сонда да сәбиге мейірімін ашса, ағзасы өзгеріп сала ма дегенім ғой.

Әсіресе, көп өызмет істеп, жасы біршамаға келген әйелдер сәби сүйсе, жасарып кетеді дегеннің түбі де осында жатқан секілді. Расында, қырыққа жақындаған немесе одан асқан әйелдер өмірге бала әкелсе өзгеріп сала бермей ме? Әдемі болып, жүзіне шырай кіреді. Оның да себебі, әйелдің ішкі мейрімінің сыртқа тасуынан болатын сияқты. Өзіңіз де ойлаңызшы, кім де болса қабағы қату жүргендегіден шынайы күлімсіреп жүргені әлдеқайда тартымды, әдемі көрінбей ме? Ал бала сүйген әйелдің нәірестесін мейірлене иіскеп, емізген сайын ажары ашылады. Көңілі жайланып, жан тыныштығын табады. Тіпті, қанша қиналып жүрсе де кішкентайын құшақтаған бір сәтке болсын жаны тынышталып сала береді. Міне, соның барлығы да әйелдің жүзінен айқын көрініп тұрады.

Сондықтан, жаныңыз жай тауып, өмірде өзіңіздің біреуге қажет екеніңізді, нағыз рахатты әйел өмірін сезінгіңіз келсе, өмірге сәби әкеліңіз. Нағыз бақыт - сәбиде!

Ардақты С., ERNUR.KZ