Өзіңізді өзгемен салыстыруды доғарғанда, өміріңіз де өзгереді

0
4 047

«Мен кеше қандай едім, бүгін қандаймын?», «Бір жыл алдын ше?», «Осыдан бес жыл бұрынғы өзіммен салыстыруға келемін бе?», «Қалай өзгердім? Неге қол жеткіздім?» деген сұрақтарыңызға жауап іздеңіз.


Өзіңізді өзгемен салыстыруды доғарғанда, өміріңіз де өзгереді

Көпшілігімізге тән қасиет - өзін айналасындағы адамдармен салыстыру. Сол арқылы өзімізді жоғары ұстағымыз келетін шығар. Бірақ, бұл жағдай әдетте адамның өзіне деген сенімсіздігінен туындайтын сезім.


Сіз ешкімге ұқсамайтын, жалғыз адамсыз!

ХХ ғасырдың ойшылы, кемеңгері атанған атақты философ ОШОның «Адам өзін өзгелермен салыстыруы барып тұрған ақымақтық. Елестетіп көріңізші, сіз өзіңізді құстармен салыстырудасыз, «олар неге ұша алады, ал менің неге қанатым жоқ» деуге бола ма?..» деген сөзі бар.

Біздің әрқайсысымыз қайталанбайтын жеке тұлғамыз. Бір-бірімізді қайталамаймыз. Көзіміз, қасымыз ұқсап кетуі мүмкін, бірақ, 100 пайыз емес. Жер бетінде қанша адам болса, саусақ іздері де бір-біріне ұқсамайтындығынан-ақ әр адамның әр түрлі болатындығын аңғаруға болады. Тіпті, көктен жауған қардың да әрқайсысының өрнегі бір-біріне ұқсамайды екен. Біз де әр түрлі адамдар болғандықтан, екінші нұсқамыз жоқ. Біреуге ұқсауға да міндетті емеспіз!


Мәселенің төркіні...

...Отбасында алған тәрбиеге, балалық шаққа барып тіреледі. Балаларда көре алмаушылық, іштарлық сезімі болмайды. Олар өзі қатарлас балалардың ойыншығын ұстап қызығуы мүмкін, «неге дәл сондай ойыншық менде жоқ, онда бар?» деуі мүмкін. Жылап, дәл сондай ойыншықты сізден талап етуі де мүмкін. Бірақ, бұл қызғаныш, бәсеке емес, баланың еркелігі.

Салыстыру - балаға берілетін тәрбие барысында, отбасындағы ішкі дәстүрге байланысты баланың бойына біртіндеп сіңе береді. Оны баланың бойына ата-ананың өздері егіп жатқандығын байқамауы да мүмкін.

Мысалы, балаңыздың қылығына көңіліңіз толмағанда, оған ренжігенде «неге әпкеңе ұқсап, жылдам жүрмейсің? Іске епті емессің», «не үшін сыныптас құрбың секілді сабағыңды үздік оқымайсың?» деген секілді айыптаулар айтылып жатады.

Сіздің өз балаңызға өзгелерді үлгі ете отырып, оның алға ұмтылғанын қалағаныңызды бала өзінше түсінеді. Сөйтіп, ол өзін сіз айтқан әпкесімен немес құрбысымен салыстыра бастайды.

Балада екі түрлі ой қалыптасады.

*Біріншісі, ата-анам мені басқалармен салыстыруда, демек мен олардан төменмін.

*Екіншісі, ата-анам оларды жақсы көреді. Өйткені, әпкем әдемі, пысық, ал, құрбым ақылды. Мен олар секілді емеспін, сондықтан, ата-анам мені жақсы көрмейді...


Өмір- БӘЙГЕ емес!

«Менің сыныптасым Жанар жоғары оқу орнына қиындықсыз түсіп кетті, ал менің үнемі жолым болмайды, сәтсіздік жаныма серік болған», «Құрбым Алма өте сұлу қыз. Сондықтан, оны барлығы жақсы көреді. Сүйген жігіті де оны тастап кетпейді...» деген ойыңызбен өз өміріңізді тек қиындата түсесіз. Бақталастықтың соңынан еріп келетін бәйгенің ұшы-қиыры, шегі жоқ. Мәреге жете алмайсыз. Көздеген мәреңізге жете алсаңыз да, нәтижесінен ләззат ала алмайсыз. Өйткені, сіз ізінен қуып жетуге талпынған адамыңыз да бір орнында тұрақтап қалмайды. Ол да әлдеқашан жаңа биіктерді бағындырып, сізден озып та кеткен шығар.

Қала берсе, сіз өзіңіздің айқын мақсатыңызбен емес, басқа біреудің қалаған жеңісіне қолыңыз жетсе де сіз нағыз бақытты сәтті сезіне алмайсыз.

Өмір бойы жалған мақсатпен өмір сүру өзіңізге қажет пе? Біреуге ұқсаймын деп жүріп, өзіңізді, шынайы болмысыңызды жоғалтып алудан қорықпайсыз ба?

Ұмытпаңыз, өмір бақытты болу үшін берілген, біреумен жарысу үшін емес!


Ол әдемі, мен қарабайырмын...

Қыздар, тән сұлулығы, сыртқы сұлулық уақытша ғана нәрсе, оның белгілі бір стандарты жоқ. Тек қана біздің жылтыраған сыртқы әсемдікті көретін көзіміз бар, оған деген қызығушылығымыз бар.

Адам өзін барынша бойындағы бар болмысымен, жаратылысымен қабылдай білмесе, қалған әрекеттен түк те шықпайды. Арықтау үшін мың бір тәсілді қолданып, жасанды сұлулықтың ең қымбат қызметіне жүгінсе де, сұлулық деген атқа ішкі жан-дүниесімен лайық болмаса барлығы бекер.

Сыртқы көрінісіңізді ел алдында жүрген актриса, жұлдыздармен немесе жаныңызда жүрген құрбыңызбен салыстырып, «көзім қысыңқы, мұрным пұшық» дей бергеніңізбен, ол түзелмейді ғой.


Салыстырыңыз, бірақ...

Өзіңізді үнемі өзгелермен салыстыру- бұл өзіңізге деген құрметсіздік. Егер өзіңізді құрметтемесеңіз, сізді өзге ешкім де құрметтемейтінін жақсы білерсіз?!

Егер сонда да ішіңізде іштарлық сезімі бас көтере берсе, арнайы маманмен, психологпен жұмыс істеуден қашпаңыз.

«Мен қызғаншақпын, көре алмаймын» деп өзіңізді қаралаудан аулақ болыңыз, өзіңізді қинап қайтесіз? Тек қана ішіңізде сол сезімнің бар екендігін мойындап, онымен дұрыс жұмыс істеуді үйреніңіз. Орайы туғанда өзіңізді өзгеоермен емес, өзіңізбен салыстырыңыз.

«Мен кеше қандай едім, бүгін қандаймын?», «Бір жыл алдын ше?», «Осыдан бес жыл бұрынғы өзіммен салыстыруға келемін бе?», «Қалай өзгердім? Неге қол жеткіздім?» деген сұрақтарыңызға жауап іздеңіз.

Тағы бір айта кетерлігі, басқалардың салыстыруларына да назар аудармаңыз. Егер сіз өзіңізді басқалармен салыстыруды доғарсаңыз, айналаңыздағылар да сізді ешкіммен салыстырмайтын болады.

Ұмытпаңыз, сіз қайталанбайтын ТҰЛҒАсыз және ешкімге ұқсамайсыз!

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Күйеуіңізге айтуға болмайтын 5 сөз

Әдеп сақтауды балаға кішкентайынан үйреткен жөн