Өзіңізге ТАБИҒАТТАН ТЕГІН энергия алуды ҮЙРЕТІҢІЗ

0
2 249

ХХІ ғасыр дерттерінің бірі – адамдардағы әлсіздік, енжарлық


Өзіңізге ТАБИҒАТТАН ТЕГІН энергия алуды ҮЙРЕТІҢІЗ


  • «Энергияны қайдан аламыз?»
  • «Тез шаршап қаламын, күш-қуатымды қалай арттырсам болады?»
  • «Енжарлық еңсемді басып тұр, қалай серпілсем болады?»

- осы сынды сұрақтар көпті мазалайтыны ақиқат. ХХІ ғасыр дерттерінің бірі – адамдардың бойында күш-қуаттың әлсіздігі.


Мұндай жаппай әлсіздікке бой алдырудың бірден-бір себебі – Табиғат-Анадан алшақтау, яғни, табиғаттан теп-тегін берілетін қуат түрлерін алмау.


Расында, біз жасанды дүниелерді көп қолданған сайын табиғаттан алыстап барамыз. Салдарынан оның беретін қуатынан құралақан қалудамыз. Сөйтсе де, адамзат менен теріс айналды деп кеудемізден кері итеріп жатқан табиғат жоқ. Оған қайта бет бұрып, бұрынғыша жақын болу өз қолымызда.


1.Таза суды көп ішіңіз

Ойлап қараңызшы, тәулігіне қанша мөлшерде сұйықтық ішесіз? Шәй, кофе, газдалған сусын, шырын – оларды ішпей тұра алмайсыз, солай ма? Себебі, біздің ағзамызға сұйықтық қажет және ол өз қажетін сұрайды. Ал ағзаның сұрайтыны – ешқандай қоспасыз, табиғат ұсынған таза су. Бірақ, біз оның орнына зиянды сұйықтықтар ұсынудамыз. Оларды күш жұмсап дайындаймыз немесе шығын шығарып сатып аламыз. Не керек осы бос әуре?


2.Жаяулатып серуендеңіз

Тірек-қимыл жүйесінің саулығын сақтау үшін таза ауада жаяу серуендеудің маңызы өте зор. Күн сайынғы мұндай пайдалы әдеттің көлемі 2-3 шақырым болғаны абзал. Есіңізде болсын, баяу жүру, серуендеу және жүгіру – бұл үшеуі пайдалылығы жағынан да, жылдамдық жағынан да үш бөлек нәрсе. Сізге ең керегі – серуен. Серуен кезінде жүріс жылдамдығы жаныңыздағы адамға сөйлегенде ентікпейтіндей болуға тиіс.


3.Жалаңаяқ жүріңіз

Қазір жалаңаяқ жүретіндер аз. Әсіресе, қалалы жерлерде. Бірақ біз тұла бойымызды табиғаттан берілетін тегін энергиямен толықтыруды мақсат тұттық емес пе? Осы мақсаттың үдесінен шығу үшін мүмкіндік туған сайын жалаңаяқ жүруге тырысу керек. Үйде емес, далада. Жерді жалаң табанмен басу арқылы ағзадағы артық электр заряды шығарылады. Соның арқасында жүйке тыныштық табады. Оған қоса, жиі жалаңаяқ жүру аяқты зеңнен, басқа да өкше-табан сырқаттарынан сақтайды.


4.Күннің шуағына шомылыңыз

Күннің көзінен көп қашамыз. Көзді қара көзілдірік астына жасырамыз, бетімізді көлегейлеп, көлеңкені паналауға асығамыз. Солай ету арқылы күн сәулесі беретін энергиядан өз еркімізбен бас тартудамыз. Асылында, Күн – энергияның таусылмас қайнар көзі. Күннің шуағына шомылу ағзаны жағымды энергияға толтырып, Д дәруменімен байытады. Тек, Күннің шапағына шомылып, уақытымен әрі мөлшерімен қуатын алуды ұмытпасаңыз болғаны. Есіңізде болсын, тік түскен Күн сәулесінің астында таңғы және кешкі уақыттарда ғана жүруге болады.


5.Сумен шынығыңыз

Су ағзаға іштей ғана емес, сырттай қолдануда да аса пайдалы табиғат сыйы. Сыртқы қолдану бұл – салқын сумен жуыну немесе контрасты душ қабылдау. Осылай ету арқылы айрықша әсер алып, өзімізге сергектік сыйлап, қуат қорын жинақтай аламыз. Бұған ағзаның, бұлшықеттердің шынығатынын қосыңыз. Осыншалықты пайдалы дағдыны өмір салтыңызға енгізбейінше, шаршаңқы қалыптан арыла алмайсыз.


6.Табиғи өнімдерді тұтыныңыз

Қажуды немесе шаршығыштықты тудыратын себептер көп. Мәселе өмір салтында немесе тамақтану режимінде болуы әбден мүмкін. Қандай да бір шикізаттан жасалып, өндірістік өңдеуден өткен азық-түліктердің құндылығы мен ағзаға сыйлайтын қуаты табиғи өнімдерге қарағанда әлдеқайда аз болып келеді. Диетолог мамандардың «жеміс пен көкөністі, бұршақтар мен дәндерді көбірек тұтыныңыз» деп жиі қайталауының себебі сол. Құлақ асыңыз да, іске асырыңыз.


7.Күндіз көз іліп алыңыз

Үй шаруасындағы адам, қара жұмысшы, базардағы саудагер, жеке кәсіпкер, кеңсе қызметкері – осылардың қайсысы болсаңыз да, күндіз он бес минут көз іліп алуға уақыт табуға болады. Түс көріп ұйықтамасаңыз да, жай ғана көзіңізді жұмып, ештеңе ойламай жату не отыру керек. Мақсат – денені бір сәт тыншытып, миды «қайта жүктеу».


8.Қажет емес уақытта ұялы телефонды өшіріп қойыңыз

Кешкі уақытта, демалыс күндері және ұйқы кезінде ұялы телефоныңыз қосылып тұрса және қолжетімді жерде болса, жақсылап тынығуға үлкен кедергісін тигізеді. Ал жақсы тынықпаған адамда қайдан энергия болсын? Миым тынығып, зейінім шоғырлансын, ертеңгі күнге мол қуат жинап тұрайын десеңіз, демалыс және ұйқы уақыттарында ұялы телефонды сөндіріп қойғаныңыз жөн.


Денсаулықтың жақсы болуы, адамның өзін бақытты сезінуі, көңілдің тоқтығы, өмір сүруге құлшыныс, еңбек өнімділігі, жетістікке жету – мұның бәріне қол жеткізу үшін ағзаның жағымды қуатқа толы болуы маңызды. Өзіңізді мықтап қолға алып, жоғарыда айтылған әдеттерді өміріңізге енгізсеңіз, күш-қуатыңыз толығып тұрады.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Баланың дөрекі болуының себебі НЕДЕ?