Еркекке арақты қойғызу үшін әйелі өзін тәрбиелеу керек

0
4 293

Осы пікірмен келісесіздер ме? Пікірлер екіге жарылу мүмкін. Ерлі-зайыптылар үйленгенде барлығы да жақсы болып басталып, осы ащы судың кесірінен шаңырағы шайқалып, әйел жесір, бала жетім күй кешіп жүргені талай жанды жаралайтыны анық-ақ.


Еркекке арақты қойғызу үшін әйелі өзін тәрбиелеу керек
фото: bit-free

Осы пікірмен келісесіздер ме?

Пікірлер екіге жарылу мүмкін. Ерлі-зайыптылар үйленгенде барлығы да жақсы болып басталып, осы ащы судың кесірінен шаңырағы шайқалып, әйел жесір, бала жетім күй кешіп жүргені талай жанды жаралайтыны анық-ақ.

Бірақ, осындай жолды болдырмаудың амалы бар ма? Отбасының мықты тірегі ер азаматтың әлсіздігі отбасының іргесінің беріктігіне айтарлықтай әсер етеді. Мұндай отбасында тәрбие алған, әкенің әлсіздігін «жеңу» мақсатында ащы суға тәуелді болғанын көріп өскен баладан мықты азамат шығады деп те айту қиын. Өйткені, бала үшін ата-анасы пірі. Сондықтан, «тәрбие дұрыс берілуі керек», «балаға жастайынан дұрыс тәрбие, үлгі-өнеге көрсету керек» деп жалаң сөзбен емес, іс-әрекетпен көрсетіп беру керектігін барлығымыз білсек те, іс жүзінде көрсетіп бере алмай жатады көпшілігі.

Әкесін кім асыл көрмейді? Ол мейлі қандай адам болса да бала жүрегінде әке деген асқар тау болып қала бермек. Алайда, есейген балалар үшін әкенің ұнамсыз қылығы көп жағдайда ұялтарлықтай болған соң, намыстанып өседі.

Мұндай отбасында тәрбиеленген балалар есейген шағында да өзіндік пікірі қалыптаспаған, жалтақтап жүретін, ішкі сенімі орнықпаған болып қалыптасады.

Немесе тым ашуланшақ, өзгеде өші кеткен адам болып, сол өшін өзгелерден алғысы келеді. Әрине, мұны өзі қалап тұрмаса да, жан-дүниесіндегі олқылықтардың орнын, тәрбиедегі кемшін тұстарын және жүрегіндегі мейірім жетіспеуінің салдарынан оны айналасындағыларға көрсетуі мүмкін.

Ішкіліктің зияны туралы аз айтылмағанымен, ең алдымен бұл отбасына зиян. Бір ғана адам емес, бірнеше адамның, яғни, бүкіл отбасы мүшелерінің зардап шегуінің алдын алу үшін отағасына көмек керек.

Ең алдымен көмекке келетін бұл - ӘЙЕЛ. Егер әйел ақылдылықпен, сабырлылықпен күресе білсе, күйеуіне қолдау көрсетіп, өзіне сенетінін айтып, оның мықты екендігіне сенім арта алатын болса, қандай әлсіз еркек болса да қадамын нық басуға, балаларының болашағы үшін жаман әдеттен тыйылуға тырысады. Бастапқы нәтижесін көре бастасаңыз да арқаны кеңге салуға асықпаңыз.

Өйткені, отбасы мен адамдар арасындағы дау-жанжалдың ортасында қалдыруы қалыпты жағдайға айналып кеткен «ер-азаматты» дұрыс өмір сүруге алып келу үшін көп тер төгу қажет.

Күйеуіңіз мастықтан айыққан кезде:

  • кешірім сұрайды;
  • өзін кінәлі сезініп, қателік жасағанын мойындайды;
  • ол өзінің «ӨЗГЕРЕТІНІНЕ» сендіреді.

иллюстрациялық фото: oceanfrontrecovery.com

Бірақ, бұл ішкілікке салынған адамның уақытша өзін де, өзгені де алдарқатуы.

Ақыл мен сана, абыройдан айырылған адамның басқаның сөзіне қолын бір сілтеуі де ғажап емес. Басқалар сырт айналса да СІЗ оның жанынан табылып, үнемі жанында болып, батып бара жатқан шыңырауынан алып шығу үшін шын жанашыр адамдардың да көмегін пайдаланыңыз. Тым асқынып кетпеген «ауру» болса, ол міндетті түрде бұл тығырықтан шыға алады.

Ең бастысы, отбасыңызды сақтап қалуға, балаларыңыздың ынтымағы мен бірлігі жарасқан тату отбасында алаңсыз өскенін қаласаңыз, алдымен өзіңізге деген сеніміңіз мұқалмасын, жігеріңіз жасымасын.

Күйеуіңізді арақтан арашалап қалу үшін әйел білуге тиіс қарапайым 5 қағиданы әрдайым есте ұстаңыз:

1. Күйеуіңіздің ішімдікке тәуелділігін ескермеу пайда бермейді

2. Кешірімді болуды, жұмсақтықты доғарыңыз

3. Осы жағдайдан өз еркімен шығуына жағдай жасап отырыңыз

4. Ол үшін қолайлы жағдай жасаңыз

5. Араққұмарлықтың зардабыжайлы ақпараттардан алыстатпаңыз, яғни, үнемі есіне салып, ішпеген кезінде қайталай беріңіз


Балаларыңызға да әкелерінің ең жақсы адам екендігін естеріне салып, барлығыңыз бірге күш салып, ол адамның өздеріңізге қажет екендігін сезіндіре алсаңыз, ол жалғыз, көптің қалауынан «қашып» құтыла алмайды.

Әрине, нәзік жанды әйелге мұның барлығын атқару үшін мұқалмас қайрат, намыс қажет. Қайтсем де «АДАМ етемін» деген талпыныс, мақсат керек. Айтуға ғана оңай болғанымен, бір адамды батып бара жатқан шыңыраудан алып шығу қиын.

Қиын да болса, ішкі сеніміңіз болса, БӘРІ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ!

Гүлвира ЖҰМАДІЛДАЕВА

ERNUR.KZ.