​«Қызтеке ұл мен еркекшора қызды өзіміз тәрбиелеп жатырмыз»

0
4 310

«Мысал келтіретін болсам, 8 наурыз — Аналар күніне арналған ертеңгілікте көбіне ұлдар қыз киімін киіп биледі, апа болып көріністе ойнады. «16 қыз» әніне шығып билеген балақайлардың бірінің анасы жанындағыларға ұлының қыздың киімін кимеймін деп қиғылық салғанын, алдап-сулап әзер көндіргенін айтып жатыр.


​«Қызтеке ұл мен еркекшора қызды өзіміз тәрбиелеп жатырмыз»

иллюстрациялық фото

Республика көлемінде тарайтын басылымдардың арасында өзіндік орны бар «Алтын босаға KZ» отбасылық журналы соңғы нөмірінде (№4 (61), сәуір) осындай тақырыппен мақала жарияланды.

«...Қазір «шоу», «пиар» деген түсініктер кең тарап кетті ғой. Жақсы болсын, жаман болсын, ара-жігін таразыламай, халық алдына не болса соны ұсына береді. Тәрбиелік мәнін, мағынасын талқылап жатқандар аз. «Шоу» деген атқа лайық болып, көпшілікті қызықтыра алса, сол арқылы табыс түсірсе болғаны. Ол жарайды, біреулердің нан тауып отырған кәсібі дейік. Өкінішке орай, осы жүйе бүгінгі балабақшаларға да келген сияқты. Ондағы қызметкерлер өздерін «тәрбиеші» деп емес, «шоумен» деп қабылдайтындай. Өйткені, естуімше, олар әр ертеңгілікте бұрын ешкім жасамаған, қоймаған қызықты нөмірлер іздейді екен. Басшылықтың талабы солай болатын көрінеді. Салдарынан «артық қылам деп тыртық қылдының» кері орын алады. Бұлай деуімнің себебі — ертеңгіліктерде қойылатын ыңғайсыз, орынсыз, тәрбиелік мәні теріс қойылымдар мен билер. Мұндайдың түр-түрін көріп жүрміз», - деп тәрбиешілердің жұмысына сын тағады мақала авторы Әйгерім Бектұрғанова.

Нақты мысал келтірген ол әрі қарай соңғы уақытта мерекеге орай өтіп жатқан іс-шараларда көрініс тапқан олқылықтарды келтіреді.

«Мысал келтіретін болсам, 8 наурыз — Аналар күніне арналған ертеңгілікте көбіне ұлдар қыз киімін киіп биледі, апа болып көріністе ойнады. «16 қыз» әніне шығып билеген балақайлардың бірінің анасы жанындағыларға ұлының қыздың киімін кимеймін деп қиғылық салғанын, алдап-сулап әзер көндіргенін айтып жатыр. Ал, Наурыз мерекесіне орай өткізген ертеңгілікте әже болып шыққан балалардың бірінің үстіндегі киген киімінен намыстанғаны анық байқалып тұрды. Оны қайта-қайта ұстап, бірде жұлқып, бірде түзейді. Жұлып шешіп тастайын десе, мына жақтан анасы, ана жақтан апайы «тиме, тиме» деуде. Өзінің ұл екенін біліп, әйелдің киімін кигеніне намыстанған баланы сонша қинағаны несі деп ызам келді».

«...Бірақ осындайда «Баламды қандай адамның қолына бердім өзі? Тәрбиеші деген атқа лайық маман ба?» деп еріксіз ойлансың. Ертеңгілік біткенге дейін әзер шыдадым. Ақырында тәрбиеші мен меңгерушіге өз ойымды жеткіздім. Бірақ, қатесін мойындайтын, тіпті, шынымен дұрыс болмады ма деп қайта ой елегінен өткізуге ниет білдірген олар жоқ. Айтуларынша, бала санасына отбасы жайлы түсінікті, есейгендегі міндеті мен мақсаттарын қазірден бастап сіңдіре беру керек екен. Айналайын-ау, бесіктен белі шықпаған бүлдіршінге келін, отбасы, жар, күйеу туралы мұндай үлкен өмірден алынған қойылымның қажеті қанша? Бұл дегеніміз — жыныстық тәрбиенің алғашқы баспалдағы емес пе?! Ал, жыныстық тәрбие, жасөспірім шақтан бастап берілсе ғана орынды. Оған дейін «сен қыз баласың, қыздар бұлай жүруі керек», «сен — жігітсің, жігіттер мынадай болады» деп өз табиғатын түсіндірсек жетпей ме? «Ашынғаннан шығады ащы даусым» деп осы турасында біраз дауластық. Ақырында «Кешіріңіз, келесіде ойланатын боламыз» деп келіскендей болған еді. Бірақ, қазір ол ескертуімнің күші өз бала-шағама ғана жеткенін көріп жатырмын»...

«Ұл-қызы мектепке баратын бір танысымның әңгімесінен ұққаным, мерекелік шараларда мектепте ұлдарды қыз, қыздарды ұл етіп киіндіру де қалыпты жағдай болып кеткен сияқты. «Машаның» рөлін сомдап, дап-дардай бір ұл оның көйлегін орамалымен бірге киіп алыпты. Балалар соған мәз. Ал менің ұлым болса «Маша қыз еді ғой, неге ұл киіп алған?» деген сұрақ қойғанда, не дерімді білмей қалдым. «Қаршақыздың» рөлін сомдағандарды мүлде айтпай-ақ қояйын»...

Мақала авторы бұл мәселенің басы теледидар мен сахнадан көрініс тапқан қойылымдардың әсері екендігін де баса айтады. Сондай-ақ, өзінің мұндай көзқарасының қалыптасуына себеп болған — күйеуі екендігін де айтып өткен.

«Өзімнің іс тігетінім бар. Бір-екі жыл бұрын үйде тігіншілікпен айналысқанмын. Сонда кішкентай қыздарға тіккен көйлектерімді ұлыма кигізіп көре беретінмін. Бірде оны жолдасым біліп қалып, қатты ренжіді. Енді қайта ұлыма қыздың киімін кигізбеуді, қыздың тірлігіне жұмсамауымды қатаң ескертті. Бала кезімде өз әкем ағама үнемі «таста қыздың ойыншығын» деп тиып отыратын. «Қыздармен ойнама» деген тиымын да еш ұмытқан емес. Көршілерде ол қатарлы бала жоқ, содан ағам «басқа ойнайтын ешкім жоқ» деп жыламсырайды. Сонда да «бір өзің бөлек ойна» деп тағы қайталайтын. Ол кезде жалғыз менің әкем емес, барлық баланың әкесі солай айтатын. Ал, қыз балаға тек қыздармен ойнауға рұқсат еді. Үлкендердің осылай үйретуінің мәнісін күйеуім ұрысқанда барып қайта ойландым. Дұрыс-ау, кішкентайынан қызға қыздың, ұлға ұлдың тәрбиесін бермей, өзіміз бүлдіреді екенбіз ғой. Қазіргі жас жігіттер ұсақталып барады, әйелдерге ұқсап барады деп байбаламды саламыз. Сол ұсақтыққа себеп болып отырған өзіміз, үлкендер».

«Қыз сияқты болмай...», «қыз сияқты жыламай...» немесе «еркек сияқты...» деген сөз тіркестерін де кішкене күнімізде ересектерден көп естуші едік. Мән беріп қарар болсақ, сол сөздердің өзінде тәрбие жатқан екен ғой. Қазір ғой, «еркек екен...» деген сөз тіркесі сәнге айналды. Осының өзімен қыз балаларымызды еркекшора болуға итермелеп отырған жоқпыз ба? Оның бойында еркек мінез қалыптасқан соң жалпы ағзасына да әсер етпей ме?...

Ұл мен қыздың тәрбиесіне алаңдаушылық танытқан автор ұл мен қызды тәрбиелеуде мектеп пен балабақшадағы қойылымдардың, сонымен қатар үйдегі тәрбиенің де алатын үлесін осылайша жіктеп берген.

ERNUR.KZ