А.Мамин: Судан зардап шеккендерге Үкіметтен қажетті көмек көрсетіледі

0
1 074

Түркістан облысында судан келген шығынды шұғыл түрде есептеу бойынша арнайы комиссия жұмыс жүргізеді.


А.Мамин: Судан зардап шеккендерге Үкіметтен қажетті көмек көрсетіледі

иллюстрациялық фото

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басуына қатысты мәселе қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданының судан зардап шеккен тұрғындарына Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі.

«Арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады. Құрамында орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары бар. Комиссия Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуиси, Өрге бас, Достық ауылдарына келген шығынды шұғыл түрде есептеу бойынша жұмысты жүргізеді. Одан кейін инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым, үйлер қалпына келтіріледі. Зардап шеккен тұрғындарға Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі»,- деді Асқар Мамин.

Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бір бөлігі жарылып, су қоймасындағы су деңгейін төмендету үшін суды ағызу салдарынан Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекара маңындағы коллекторлары суға толтырылды. Судың ағып кетуінің салдарынан Мақтаарал ауданының шекарасындағы коллектордан су төгіліп, 5 елді мекендегі 631 үйді су басты: Жаңа Тұрмыс – 46 үй, Жеңіс – 130 үй, Фирдоуси – 250 үй, Өргебас – 194 үй, Достық – 11 үй. Мақтаарал ауданында 3 600 га егіс алқабы зардап шекті, оның 85%-ы мақта егуге арналған. Су тасқыны басталғаннан бері жалпы саны 30 581 адамды құрайтын 14 елді мекен эвакуацияланды.