"Арысты бұрынғыдан да жақсы жағдайға жеткіземіз" - Өмірзақ Шөкеев

0
1 793

28 маусым күні таңғы сағат 8:00-де Арыс тұрғындары үйлеріне оралады.


Арыс қаласының тұрғындарын ертең, яғни, 28 маусымда, таңғы 8.00-де қалаға кіргізу басталады. Бұл туралы бүгін Түркістан облысында құрылған штабтағы баспасөз мәслихатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, , деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өңір басшысы Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталғанын, қауіп бұлты толық сейілгенін мәлімдеді.

«Арыс қаласының тұрғындарын ертең 28 маусым күні сағат таңғы 8.00-ден бастап ұйымдасқан түрде автобустық коллоналармен кіргізе бастаймыз. Ал жеке тұлғалардың көліктерін сағат 12.00-ден бастап кіргіземіз. Тұрғындарды кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың аудан, қала әкімдіктерінен 640 жауапты (1 аудан - 40 адам) азамат бекітілді. Әрбір 10 үйге 1 қызметкерден жауапты. Тұрғындарды жайғастыру кезінде осы азаматтарға арыстық көше, аулалардың белсенділері көмек беретін болады.

Қазіргі таңда Арыс қаласындағы төтенше жағдай толық бақылауға алынды. Өрт ошақтары сөндірілді. Алаңдауға еш негіз жоқ. Арыстықтарға көмек ретінде «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылып, бүгінгі таңда 721 млн. теңге жинақталды. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан Арыс қаласының тұрғындарына азық-түлікпен көмек көрсету жөнінде штаб құрылған. Қайырымдылық акциясы аясында халыққа қажетті жалпы көлемі 150 тонна зат жиналды. Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан жеткізілді. Эвакуациялық орталықтарда елге көмек көрсетілді. Мемлекет тарапынан да қаржылай қолдау болады. Мұның бәрі ел игілігі үшін жұмсалады.

Құрметті, арыстықтар! Біздің жүрегіміз де, тілегіміз де бір. Біз елмен бірге Арыс қаласын 1 ай ішінде толық қалпына келтіріп қана қоймай, оны одан да жақсы жағдайға жеткіземіз. Ол үшін шыдам, ұйымшылдық және патриотизм керек», – деді Ө.Шөкеев.

Тұрғындар үйіне оралғанда бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасап, шығындарды есептеуге көмек береді. Жайғасу барысында облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар арыстықтарға құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін еліміздің барлық өңірінен 160 арнайы бригада келеді. Әрбір облысқа Арыс қаласындағы бөлінген секторлар бойынша жұмыстар беріледі.

Ал ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев сапер-мамандар Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерден тазалау жұмыстарын атқарғанын айтты. Арыста 400-ден астам әскери мамандар қала аумағы мен әскери қойманы, көшелерді, темір жолды тексеріп шықты. Қала тазаланды.

Үйіңіз бен аулаңызға кіргенде күдікті заттар байқасаңыз 112 немесе 102 нөміріне қоңырау шалу қажет. Ұрлық болды деген күдік болса, ешбір затқа тиіспей, 102 нөміріне қоңырау шалу керек. Үйде қалған азық-түлікті жойып, суды да 10 минут ағызған абзал. Ертең тұрғындарға арнайы жадынамалар әзірленіп, таратылады.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер қаладағы әлеуметтік нысандар тексеруден өткенін мәлімдесе, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев үкімет тарапынан арыстықтарға жағдай жасалатынын, қала жедел қалпына келтірілетінін жеткізді.