Арыстық азаматқа 9 жыл бұрынғы жәрдемақысы төленді

0
1 305

2010 жылдан бастап төленуі тиіс төлемді даулаған жұмыскер Арыс аудандық сотына жүгінген.​


Арыстық азаматқа 9 жыл бұрынғы жәрдемақысы төленді

Түркістан облысы Арыс аудандық сотының шешімімен арызданушы азаматқа мемлекеттік мекеме тоғыз жыл бұрынғы экологиялық жәрдемақыны төлейтін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Арыс ауданының тұрғыны Е.С. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті «Қазселденқорғау» ММ-нің филиалы «Оңтүстік аймақтық пайдалану-техникалық басқармасынан» жалақысына қосылуға тиісті төлемді ала алмай жүрген. 2010 жылдан бастап төленуі тиіс төлемді даулап жұмыскер Арыс аудандық сотына жүгінген. Тоғыз жылдан бері табанынан тозып, жүйкесін жұқартқан бұл іске сот арқылы нүкте қойғысы келген. Соттың анықтағанындай, жұмыс беруші Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті «Қазселденқорғау» ММ-нің филиалы «Оңтүстік аймақтық пайдалану-техникалық басқармасы» 2010 жылдан 2013 жыл аралығында талап қоюшы С.Е.-ге айлық жалақысының 20% көлеміндегі экологиялық жәрдемақысын төлемеген боп шыққан.

Мекеме басшылығы бұл мәселені түпкілікті шешпей, «ұзын арқан, кең тұсауға» салып, түйінді шиеленістіре берген.
"Сот аудандық сот судьясы Г.Мекембайқызының төрағалығымен өтіп, соттың шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Осылай қызметкерге тиесілі 535 620 теңге көлеміндегі төленбеген экологиялық жәрдемақысы өндірілді,"-деп хабарлайды Арыс аудандық сотының баспасөз қызметі.
"Еңбек дауларына қатысты мәселелер жиі қаралып жатады. Бәрі заңды жете білмегендіктің, болмаса бұрмалап, қызметкердің құқығын аяқ асты етудің салдары. Сот процесінде қаралған азматтық істе мекеме басшылығы заңды өрескел бұзып, маманға төленуі тиіс экологиялық жәрдемақыға көз жұма қараған. Мәселенің мәнісіне терең бойламаған. Жаңа Еңбек заңының қағидаларын қолданып, заң талаптарын ескермеген, негізінен жұмысқа қабылданған кездегі заң қолданысы бойынша ұжымдық шартта барлығы көрсетіледі," – дейді азаматтық істі қараған аудандық соттың судьясы Гүлмира Мекембайқызы.
2010-2013 жылдар аралығындағы жалақысына қосылуы тиіс экологиялық жәрдемақыға сот шешімі арқылы қол жеткізген жұмыскер Арыс аудандық сотының шешіміне ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.